USD 335.71 EUR 357.36 RUB 5.23
Астана:

Туыстардың үйінде бір айдан артық қонақ болуға заңмен тыйым салынбақ

Отыз күннен асқан соң ресми түрде тіркелуіңіз керек. Бұл тәртіп басқа қалада тұратын таныс, жақынын іздеп барғандар мен қызмет барысымен тұрғылықты жерін ауыстырған азаматтарға тікелей қатысты. Терроризм туралы заңға осындай өзгеріс енгізіліпті. Кеше депутаттар осы құжатты тағы талқылады.

Сонымен, елімізде ұялы телефоны барларға ортақ IMEI код базасы құрылмақ. Және енді әр азамат бұрынғыдай 12 емес, дүкеннен тек 4 қару сатып алып, үйінде сақтай алады.

Сенаттағы қорғаныс пен қауіпсіздік комитетінің төрайымы ретінде Дариға Назарбаева күш құрылымдарын тегіс жинап, лаңкестерге қарсы күресті күшейту жайын талқылады. «Терроризм» туралы заңға жиі өзгеріс енгізе бастаған Ұлттық қауіпсіздік комитеті бұл жолы да ұсыныспен келіпті. Арнайы қызмет енді еліміздегі ұялы телефон пайдаланушыларға ортақ IMEI код базасын құрмақ.

«IMEI кодтардың ортақ базасы құрылса, әрбір телефон иесі туралы жүйелі түрде ақпарат алып отырамыз. Бұл белгілі бір қылмыстың, күмәнді насихаттың алдын алуға мүмкіндік береді», - дейді ҰҚК төрағасының орынбасары Марат Қалқабаев.

IMEI код базасы қауіпті күдіктіні дер кезінде қолға түсіруге де көмектеседі екен. Сондай-ақ, жаңа заң күшіне енсе, лаңкестер шабуыл жасаған кезде, нысанды қорғай алмаған күзет қызметі де жауапқа тартылады. Қару-жарақ саудасы да қатаң қадағалауға алынбақ.

«Енді қаруды дайын күйде сатуға болмайды. Ала салып, ататындай күйде болмау керек. Бұл бірінші мәселе.Екінші мәселе, қару-жарақ сататын дүкендер жеке тұру керек. Үшіншіден, адамдардың қолындағы қаруды азайту», - деп атап өтті Мәжіліс депутаты Мәулен Әшімбаев.

Яғни, бұрынғыдай бір азаматтың қолына бірден 12 қару берілмейді. Әр тұрғынға 4 аңшы мылтығын сатып алып, үйде сақтауына рұқсат етілмек.

«Әйтпесе, әкесі мен екі ұлы жүздеп қару сақтайтын болса, террористерге әскери бөлімді басып алудың керегі жоқ. Бір үйді тонаса жетіп жатыр. Қаншама адамды қырып салуына болады», - дейді Мәжіліс депутаты Жанат Жарасов.

Бұдан бөлек, тұрғындардың туыстарының үйінде айдан артық қонақ болуына тыйым салынбақ. Отыз күннен асқан соң тіркелуі тиіс. Бұл жалдамалы пәтерде тұрып жатқандарға да қатысты. Яғни, енді жайлы жұмыс іздеген жұрт үлкен қалаларда тіркеусіз емін-еркін жүре алмайды деген сөз. Сенаторлар осы тәртіпке келгенде қарсылық білдірді.

«Жастар Астанада тұрғысы келсе ше? Оларға барлық жолды жауып отырмыз».

Мәжілісмендердің айтуынша, халыққа қызмет көрсету орталықтарында тіркелу үшін небары 15 минут кетеді. Оның үстіне бұл тұрғындардың үй, мектеп, балабақшаға кезекке тұруына көмектеседі екен.

Ал, үйінде тіркеусіз адам тұрғызғандар ірі көлемде айыппұл төлейді. Бұдан былай пәтерін лаңкестерге жалға берген қожайындар да жауапқа тартылады. Бірақ, Парламент терроризм туралы заңды әлі толық қабылдаған жоқ. Төменгі палата құжатты екі айға жуық талқылап, тек бірінші оқылымда мақұлдаған. Оны әлі Сенат қарауы тиіс.

КТК

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер1
Мырзантай Жақып
ЖУРНАЛИСТ АҒАЙЫНДАР, "ТУЫСТАРЫНЫҢ ҮЙІНДЕ БІР АЙДАН АРТЫҚ ҚОНАҚ БОЛУҒА" ЕШҚАНДАЙ ЗАҢМЕН ТЫЙЫМ САЛЫНАЙЫН ДЕП ЖАТҚАН ЖОҚ! НЕГЕ МӘСЕЛЕНІ БҰЛАЙ БҰРМАЛАЙСЫЗДАР??? Біздің журналист әріптестеріміз жұртшылықты жоқ жерден дүрліктіруге неге құмар екен осы? Туыстарының үйінде бір айдан артық қонақ болуға ешқандай да заңмен тыйым салынайын деп жатқан жоқ! Айналайын, журналист бауырлар, сол Заң жобасының мәтінін оқып шықсаңыздаршы. Қазір "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экстремизмге және терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы талқыланып жатыр. Осы жоба бойынша 2014 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 492-ші және 493-ші баптары мынадай редакцияда жазылсын деп ұсынылып отыр: «492-бап. Қазақстан Республикасында тiркеусiз не жеке басты куәландыратын құжаттарсыз тұру 1. Қазақстан Республикасы азаматтарының күнтізбелік он күннен бір айға дейінгі мерзімде жеке куәлiксiз немесе жарамсыз жеке куәлікпен не тұрғылықты жері бойынша тiркеуден өтпей тұруы – ескерту жасауға әкеп соғады. 2. Қазақстан Республикасы азаматтарының бір айдан астам мерзімде жеке куәлiксiз немесе жарамсыз жеке куәлікпен не тұрғылықты жері бойынша тiркеуден өтпей тұруы – жеті айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады. 3. Осы баптың бірiншi және екінші бөлiктерінде көзделген, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған іс-әрекет – он үш айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады. 4. Қазақстан Республикасында шетелдiктiң немесе азаматтығы жоқ адамның күнтізбелік он күннен астам мерзімде тұрақты тұрғылықты жері бойынша тіркеуден өтпей не тұруға ықтиярхатсыз немесе азаматтығы жоқ адамның куәлiгінсiз не жарамсыз тұру ықтиярхатымен, азаматтығы жоқ адамның жарамсыз куәлiгімен тұруы, сондай-ақ ішкі істер органдарын паспорттың, тұруға ықтиярхаттың не азаматтығы жоқ адам куәлігінің жоғалғаны туралы уақытылы хабардар етпеу – он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады. 5. Осы баптың төртінші бөлiгiнде көзделген, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейін бір жыл iшiнде қайталап жасалған іс-әрекеттер – жиырма айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.»; 12) 493-бапта; тақырып мынадай редакцияда жазылсын: «493-бап. Тұрғынжай меншік иесiнiң немесе қарамағында тұрғынжайлар, ғимараттар және (немесе) үй-жайлар бар басқа да тұлғалардың оларда нақты тұрмайтын жеке тұлғаларды тіркеуге жол беруі не жеке тұлғалардың тіркеусіз тұруы не меншік иесіне тиесілі немесе басқа да тұлғалардың қарамағындағы тұрғынжайларға, ғимараттарға және (немесе) үй-жайларға тіркелген және тұрмайтын жеке тұлғаларды тіркеуден шығару жөнінде шаралар қабылдамауы»; мынадай мазмұндағы бесінші және алтыншы бөліктермен толықтырылсын: «5. Тұрғынжай меншік иесінің немесе қарамағында тұрғынжайлар, ғимараттар және (немесе) үй-жайлар бар басқа да тұлғалардың меншiк иесiне тиесілі немесе басқа да тұлғалардың қарамағындағы тұрғынжайларда, ғимараттарда және (немесе) үй-жайларда жеке тұлғалардың тiркеусіз тұруға жол беруi – жеке тұлғаларға – он, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – он бес, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – жиырма бес, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады. 6. Осы баптың бесінші бөлiгiнде көзделген, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған іс-әрекет – жеке тұлғаларға – жиырма, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – отыз, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – елу, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.»; Сонымен бірге «Тұрғын үй қатынастары туралы» 1997 жылғы 16 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңына мынадай толықтырулар мен өзгерістер ұсынылған: 1) 2-баптың 45) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын: «45) уақытша тұрғындар – жалдаушы (тұрғынжайдың меншік иесі немесе қарамағында тұрғынжайлар, тұрғын емес үй-жайы бар адам, тұрғын үй кооперативінің мүшесі) олардан тұрғынжайды, тұрғын емес үй-жайды пайдаланғаны үшін ақы алмай, тұрғынжайда, тұрғын емес үй-жайда уақытша тұру құқығын берген азаматтар;»; 2) 4-бап мынадай мазмұндағы 4-тармақпен толықтырылсын: «4. Қарамағында тұрғынжай, тұрғын емес үй-жайы бар меншік иесі немесе басқа да адамдар онда тұрып жатқан адамдарды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тіркетуге міндетті.»; 3) 18-бап мынадай мазмұндағы 4-тармақпен толықтырылсын: «4. Тұрғынжайды Қазақстан Республикасының азаматтарына, шетелдіктерге, және (немесе) азаматтығы жоқ адамдарға тұруға пайдалануға берген меншік иелері мұндай адамдарды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тіркетуге міндетті.»; 4) 37-бап мынадай мазмұндағы 4-тармақпен толықтырылсын: «4. Тұрғын емес үй-жайларды Қазақстан Республикасының азаматтарына, шетел азаматтарына және (немесе) азаматтығы жоқ адамдарға тұруға пайдалануға берген меншік иелері оларды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тіркетуге міндетті.». Жоғарыдағы Заң жобасында: "Туыстардың үйінде бір айдан артық қонақ болуға заңмен тыйым салынсын", - деген сөйлем бар ма? Жоқ қой! Өзіміз жақсы білмейтін және түсінбеген теріс ақпаратты жариялап, халықты неге дүрліктіреміз? Қазір қалаларда пәтерлерін басқа адамдарға жалға беріп отырған тұрғындар көп. Пәтер жалдап тұрып жатқан сол адамдардың кімдер екенін, қандай мақсатпен жүргенін анықтау үшін енгізіліп отыр бұл өзгерістер. Пәтер жалдап уақытша тұрып жатқан, кім екенін ешкім білмейтін сондай адамдардың арасында қылмыскерлер де аз емес. Тіпті мемлекеттік мекеме, ұйымдардан қызметтік пәтерлер де алған, оған қоса жолын тауып, Мемлекеттік бағдарламалар арқылы да пәтер алып отырған, бірақ сол пәтерлерін жалға беріп отырған, бірақ қалада бірнеше баспаналары бар бюджеттік мекемелердің қызметкерлерін де білеміз. Бұл жоба арқылы осындай жөнсіздіктерді ретке келтіру жоспарланған. Журналист ағайындар, мәселені неге бұрмалайсыздар?

Сіздің пікіріңіздің модерациядан кейін жарияланады