BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 370.49 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 421.06 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.54
Астана:

Әлеуметтік желіде Мұратхан Тоқмәдидің түрмеден қашқаны туралы ақпарат тарады Эксклюзив

Фото: Qamshy.kz

Әлеуметтік желіде Тұран Әлем Банкiнiң бұрынғы төрағасы Ержан Тәтiшевтi өлтiрдi деген айыппен сотталып жатқан бизнесмен Мұратхан Тоқмәдидің түрмеден қашып кеткені туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«08.03.2018 жылы сағат шамамен кешкі 19:30 бен 20:00 аралығында Тараз қаласы облыстық ауруханадан аса ауыр қылмыскер Тоқмәди Мұратхан Шәкерханұлы (02.08.1966 ж.) жылғы адам өлтіруге байланысты абақтыда отырған аса ауыр қылмыскер белгісіз бағытқа қашып кеткен. Үстіне киген киімі: қара түсті куртка тізесінен келеді, джинсы шалбар, аяғына кроссовка немесе туфли киген. Жоғарыда көрсетілген дерек бойынша Сіздің басқарып отырған жеке құрамды бағдарлауды және қандайда болмасын мәлімет келіп түскен жағдайда төменде көрсетілген мекен-жайларға төмендегі телефон арқылы хабарласуыңызды сұраймын. Желтоқсан көшесі, нөмірі 80, байланыс телефондары: 99-72-50, 99-70-10, 43-05-22», – делінген әлеуметтік желіде тараған құжатта.

Жамбыл облыстық ІІД өкілі бұл ақпаратты растағанымен, ресми мәлімдеменің 9 наурыз күні жасалатынын хабарлады.

«Иә, қашқаны рас. Тараз қаласының облыстық ауруханасынан сағат шамамен 19:00-де қашып кетті. Қазіргі таңда Жамбыл облысы аумағында iздестiру жұмыстарын жүргiзiп жатырмыз», — дедi полиция подполковнигi Қадыров Baq.kz тілшісіне.

Ал ҚР ІІМ мемлекеттік тіл және ақпарат департаментінің директоры Алмас Сәдубаев өзіне бұл мәселеге қатысты ақпарат келіп түспегенін жеткізді.

Еске салсақ, Таразда Тұран Әлем Банкiнiң бұрынғы төрағасы Ержан Тәтiшевтi өлтiрдi деп айыпталып отырған бизнесмен Мұратхан Тоқмәди iсiне қатысты сот процесi өтiп жатыр. Осылайша, 14 жыл бұрынғы қылмыс қайта тексерiлуде. Ал, 11 жыл бұрын бизнесмен Тоқмәди дәл осы қылмысы үшiн жазадан сытылып кеткен болатын. Сол кезде қылмыс абайсызда жасалды делiнiп, Мұратхан Тоқмәди Тараз қалалық сотының 2007 жылғы 3 қыркүйектегi үкiмiмен бiр жылға бас бостандығынан айырылып, рақымшылықпен жазадан босатылды. Бұл iс бойынша тергеу амалдары мен соттар 3 жылға созылған едi.

2017 жылғы 12 маусымда Алматыдағы арнайы операция барысында «ҚазСтройСтекло» ЖШС бас директорының кеңесшiсi Мұратхан Тоқмәди ұсталды. Бизнесмен «Iрi көлемдегi мүлiкке ие болу мақсатында бопсалау» бабы бойынша қылмыс жасады деген күдiкпен құрықталып, үш жылға бас бостандығынан айырылды. 2017 жылғы қазанда КТК арнасынан көрсетiлген фильмде Тоқмәди Ержан Тәтiшевтi өлтiргенiн мойындап, банкирдiң көзiн Мұхтар Әбләзовтiң тапсырысымен жойғанын айтты. Бұл факт бұған дейiн жүргiзiлген тергеу барысында да анықталып, iс қайта қозғалған едi. Сондай-ақ, Тоқмәди Әбләзовтен Тәтiшевтi өлтiру үшiн 2 траншпен 4 млн доллар көлемiнде сыйақы алғанын да жасырмады. Осылайша, Мұхтар Әбләзов Ержан Тәтiшевтiң өлiмiнен кейiн Тұран Әлем Банкiнiң басшылығына келген. 2018 жылғы 16-ақпанда Жамбыл облыстық сотында Тоқмәдиден жауап алынып, ол осы айтқандарын растады.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер