BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 366.43 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 420.11 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.58
Астана:

Террористік ұйымдарға қаржылық қолдау көрсеткендерге жеңілдік жасалуы мүмкін – Қаржы министрлігі

Фото: Yorick.kz

Терроризмді және экстремизмді қаржыландырумен байланысты ұйымдар мен тұлғалар тізбесіне енген азаматтар бұрын алған несиесін жабуға мүмкіндік берілуі мүмкін. Бұл туралы ҚР Қаржы министрлігі Қаржы мониторинг комитетінің төрағасы Әнуар Жұмаділдаев мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Бүгін ҚР Әділет министрі Марат Бекетаевтың төрағалық етуімен заң жобалау қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті. Онда Қаржы мониторингі комитетінің төрағасы Әнуар Жұмаділдаев “ҚР заңнамалық актілеріне қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заң жобасының тұжырымын таныстырды.

“Терроризмді және экстремизмді қаржыландырумен байланысты ұйымдар мен тұлғаларға сот арқылы шыққан үкімнің тізімі бар. Тізімге шамамен 1500 адам енген. Бірақ бұл сан өзгеріп отырады. Алайда терроризмді және экстремизмді қаржыландырумен байланысты ұйымдар мен тұлғалар тізіміне енген азаматтар ақшасын басқа жаққа аудара алмайды. Оларға түрлі шектеу қойылады. Банктағы есепшоты жұмыс істемейді”, - деді комитет төрағасы ведомствоаралық комиссияның отырысынан шыққан соң.

Оның айтуынша, азаматтар аталған тізімге кірмей тұрып, кредит алады. Ал соттың шешімімен тізімге енген соң түрлі мәселелер туындайды.

“Салдарынан қарапайым азаматтар кредит төле алмай қалады. Себебі, заң бойынша ақшалары өтпейді. Сондықтан мұны заңмен ретке келтірудеміз. Бұл жеке тұлғаларға қатысты. Заңды тұлғаларға да қатысты проблема бар. Ол да заңмен реттелмеген. Мысалы, белгілі бір компания құрылтайшысы терроризмді және экстремизмді қаржыландырумен байланысты ұйымдар мен тұлғалар тізбесіне енуі мүмкін. Салдарынан компания жұмыс істей алмайды. Оның банктегі есепшотынан ақша өтпейді, не салығын төлей алмайды. Мұны біз аталған заңмен реттегіміз келеді”, - деп түйіндеді сөзін Әнуар Жұмаділдаев.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер