BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 370.11 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 419.37 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.58
Астана:

Темекі тағдырымызды теңселтіп тұр

Елімізде темекі шегуден бас тарту бағдарламасын әзірлеп, ондай әдеттен арылудың жаңа тетіктерін енгізуді қарастырған жөн. Бұл туралы кеше Мәжілістің жалпы отырысында Үкімет басшысының атына сауал жолдаған депутат Тоқтарбай Қадамбаев айтты. Темекі шегуге тыйым салуға қатысты елімізде атқарылған жұмыстарға тоқталған депутат осыған байланысты қабылданған түрлі шаралар темекі шегетіндердің қатарын азайтпай отырғанына алаңдаушылық білдірді.

- Темекіге әуестік - үлкен халықтық трагедия. Себебі темекінің зардабынан сан алуан дертке шалдыққан ауру ата-анадан ауру ұрпақ дүниеге келеді. Осы дерттің алдын алып, біз шұғыл түрде ел-жұрт болып, Үкімет пен қоғамдық ұйымдармен бірлесе отырып, оның тамыр алып, халық арасына терең таралып кетпеуінің амалдарын қарастыруымыз керек. Мемлекетіміздің ең қымбат байлығы халқымыздың денсаулығын сақтау - бүгінде кезек күттірмейтін өзекті мәселе, - деді Т. Қадамбаев.
Халық қалаулысының сөзіне қара­ғанда, бүгінде темекі шегуден әлемде 10 се­кунд сайын 1 адам, ал жылына 3 мил­лионға жуық адам көз жұмады. Темекіден қайтыс болған адамдардың саны СПИД пен туберкулез ауруларынан қайтыс болғандардың санынан артық. Ал әлем бойынша қатерлі өкпе ісігінен қайтыс болғандардың 90 пайызы, созылмалы қолқа дертінен көз жұмғандардың 75 пайызы және жүректің ишемиялық ауруынан қайтыс болғандардың 25 па­йызы темекі шегуден болатыны дә­лелденген.
- Аталмыш дерт біздің елімізде де барынша таралуда. Бүгінгі таңда қазақстандықтардың 3 миллион адамы, яғни халықтың 27 пайызы темекі тартады. Ал темекі тартқан бір адамның кесірі үш адамға тиетінін ескеретін болсақ, еліміздің халқы түгелдей темекі тартатын болып есептеледі, өйткені темекі түтінімен дем алу 5 сағат сайын бір темекі тартқанмен тең. Елімізде темекіге құмар болудың кесірінен жыл сайын ауруға шалдыққан 25 мың адам бұл дүниемен қош айтысуда. Темекі тарту өкпе рагына, жүрек және қан тамырлары, гипертониялық және тері, асқазан-ішек ауруларына әкеп соғады. Сондай-ақ темекі адамның ағзасын улап, оның күш-қуатын әлсіретеді, көңіл күйін бұзып, адам шаршағыш болып, жүйкесінің тозуына, жан-жақты дамуына орасан зор зиян келтіреді, - деді депутат Т. Қадамбаев.
Осыған байланысты депутат денсау­лық­қа қатер төндіретін жат әдеттерден арылудың нақты жолдарын ойластыру қажеттігін баса айтып, бұқаралық ақпарат құралдарында темекінің зияндылығы мен онымен күресу амалдарын күшейту туралы насихат жұмыстарын одан әрі жандандыруды, елімізде темекі шегуден бас тарту бағдарламасын әзірлеп, осы жаман әдеттен арылудың жаңа тетіктерін енгізуді қарастырған жөн деп санайтынын жеткізді.

http://www.aikyn.kz/index.php?option=com_content&task=view&id=6762&Itemid=2


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер