BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 319.68 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 392.95 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.63
Астана:

Тарихымыз тасқа қашалған...

Тарих ғылымдарының докторы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, ҚЖО мүшесі Тұрсынхан Зәкен Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаевтың сайлау қарсаңында айтқан сөздеріне қатысты пікірін білдірді, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

Орталық Азияда тарихы мен дәстүрі, тілі, мәдениеті бір, бірін бірінен ажыратқысыз екі халық бар. Ол қазақ пен қырғыз. Екі халықтың тарихы да тым тереңнен бастау алады. Ертеде қырғыздар қытай деректерінде «қызыл тулы қырғыз» деп аталып Енесай бойында елдік құрғанда, біздің де ата-бабаларымыз «көк бөрілі көк түрік» аталып, Орхоннан Он-оқ өлкесіне дейін мемлекет құрған еді. Сол заманда Күлтегін бабамыз айналадағы көрші елдердің, әсіресе, Табғаштың (Қытайдың) азғыруына ұшырап өзіне қарсы шыққан Қырғыз қағанын қыстың көзі қырауда, Көгмен (Саян) аса барып ағайыншылыққа шақырып қайтқан болатын. Бұл Күлтегін ескерткішінде тайға таңба басқандай етіп жазылған. Кейін Шыңғысхан батысқа жорық жасағанда да алдынан ақ қаршыға, ақ азбан, ақ бұлғын алып шығып бас иген қырғыз ағайындар болды. Шыңғыс хан өзіне бағынғандарға емес, бағынбағандарға қатал саясат қолданды, ұлдарын сол елдерге хан қойды. Содан бастап қазақ-қырғыз көшпенділердің ұлы империясының құрамына кірді. Бірге өсіп, біте қайнасты. Алатау, Алтай екеуіне де ортақ болды. Әлкей Марғұланның «Ежелгі жыр-аңыздар» деп аталатын кітабын оқысаңыз қос халықтың әдебиеті мен мәдениетінің, тарихының мидай араласып кеткенін көресіз. Қырғыздардың Алтай мен Алатау арасына созылған эпикалық салқар көші ғасырлардан ғасырларға жалғасты. Сондағы көш жолдар: Ыстықкөл, Қарқара жайлауы, Алмалық, Талқы асуы, Сайрамкөлі, Қайнатпаның тұзы, Ботаның сазы, Сауыр тауы, Қылының өткелі, Ертіс, Ботамойын асуы, Көгмен, Ақтермел, Енесай. Қайтарда да осы жол. Осылай Қазақ даласы арқылы жалғасқан көш керуен талай жерде өз белгісін, ізін қалдырды. Қазақ пен қырғыз осы жолдың бойында ерлік пен елдік дастанын бірге жаратты. Ауылы аралас, қойы қоралас өсті. Бүгінде Манас батырдың атындағы бір көл мен бір өзен байырғы Тәңіртаудың сол қапталында, ежелгі қазақ жерінде жатыр. Сол секілді, көптеген қазақтың батырларын «Манас» жырынан, ал қырғыз батырларын қазақ ауыз әдебиетінен табасың. Соның бір мысалы, Қытайдағы кезімде қазақтың «Жеті қаған» деген ұмыт болған эпосын қырғыз манасшысы Жүсіп Мамайдан жазып алған едім. Қытай деректерін ақтарып отырсаңыз, қазақтың арғы тарихынан қырғызды, қырғыздың тарихынан қазақты табасыз. Оны айтпағанда, тұтас XVIII-XIX ғасырларда орыстардың қазақты жаңылып «киргиз» деп жүргенін қайда қоямыз? Сондықтан бүгінде сен кім? Мен кім? дейтін жәйіміз жоқ.

Бірақ бұл біздің арамызда ешқандай өзгешелік жоқ дегендік емес. Бұл өзгешелік ең әуелі біздің елдеріміздің даму тарихында өз соқпағымен жүріп келіп, бүгінгі таңда тәуесіз, тең құқылы елдерге айналып, халықаралық қауымдастықта өз дара жолымызды, бағыт-бағдарымызды айқындауымыздан байқалады. Біздің қатынастарымыз халықаралық принциптерге сай құрылған тепе-тең, татукөршілік қатынас. Бұған дау жоқ. Сонымен бірге, бұл қатынастарды одан ары нығайтып, тереңдетіп тұрған маңызды фактор−ол біздің бауырластығымыз. Дегенмен, оның өзі де тепе-теңдік негізге сүйенеді. Бұл арада ешкім ешкімге үлкен аға емес. Халықаралық қатынас тәжірибесінде ондай формат келмеске кеткен. Қазіргі кезде оның аты туысқандық, тату көршілік, өзара сыйластық. Саяси және экономикалық даму үдерісінде әр елдің даму көрсеткіші әрқалай болуы бек мүмкін. Соған қарамастан, бір бірінің ішкі ісіне араласпау, таңдаған жолына құрметпен қарау бәрінен маңызды.

Бұдан басқа, қазақ мемлекеттілігінің даму тарихында алдымен күнбилік, тәңірқұттық, қағандық, одан соң хандық жүйе жетекші орында болса, қырғыз қоғамында батырлар институты басымдықта болған. Қырғыз қоғамы шұғыл, тосын шешімдерге жүгінген тау демократиясына негізделсе, қазақ қоғамы жайсаң, сабырлы дала демократиясына негізделген. Бұл екі елдің тарихи дамуының өзіндік ерекшеліктерін айқындайды. Яғни, әр екі елдің де өз дәстүрлі қоғамына сай дара саяси шешімдерінің, талдауының болуы табиғи құбылыс. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі кездерде демократиялық құндылықтарға жету жолындағы біздің бағытымыз эволюция болса, қырғыз ағайындардың бағыты революция болғаны да шындық. Бұған ешкімнің таласы болмаса керек. Оған бола жоғары мінберлерден бір-бірімізді айыптауға ешқандай негіз жоқ. Бәріміздің ойға алған нысанамыз, мақсат-мүддеміз біреу. Ол елдеріміздің бай-бақуатты болып, халықаралық қауымдастықта өз орнын табуы. Ендеше, Президент А.Атамбаевтың сайлау қарсаңындағы айтқан сөздері бір елдің Президентінің сөзінен гөрі биліктен кету алдындағы оның жеке басының көзқарасына көбірек ұқсайды. Бұл біз үшін тосын әрі оның президенттік имиджіне сай келмейтін мәлімдеме болды. Бірақ, біз оны бүкіл қырғыз элитасының және халқының пікірі деп қабылдаудан аулақпыз. Сол себептен, қазақстандықтар үшін бұл мәлімдемені көңілге ауыр алып жатудың еш қажеті жоқ дер едім.

Бұған бола қазақ пен қырғыздың қарым-қатынасына селкеу түспейді. Халық ешқашанда жекелеген саясаткерлердің көңіл-күйіне, олардың қанқызбалықпен айтып қалған сөздеріне бола ат ізін салмай кетпейді. Өйткені біздің арамыздағы қарым-қатынас ертеден бастау алған бауырластықпен бекіген.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер