BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 328.31 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 386.62 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.27
Астана:

«Ақша, рахат өмір дегенге сеніп бардық». Сириядан елге оралған қазақ әйелдің әңгімесі

29 жастағы Дина үйінен 2011 жылы Пәкістандағы сүйіктісіне қашып кеткен. Одан кейін ол отбасымен бірге Сирияға көшіп, бірнеше жыл халықаралық террорлық ұйым берген ақшаға өмір сүреді. Отанына оралған әйел Сирияға не үшін барғаны, ол жақта қалай тіршілік еткені және қалай еліне оралғаны туралы mgorod.kz басылымына берген сұхбатында баяндады деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

Айтуынша, болашақ күйеуімен Дина (кейіпкердің аты өзгертілді) әлеуметтік желі арқылы танысқан. 2011 жылы Пәкістанда тұрмысқа шығады. Келесі жылы шекарадан заңсыз өтіп, Түркияға кетеді де бұл елде үш жыл тұрады. Осында екі қызы дүниеге келген.

«Сосын біз Сириядағы өмір туралы видеороликтер көре бастадық. Видеода барлығы жақсы, ондағы адамдар шариғат заңы бойынша өмір сүретінін көрдік. 2015 жылы халифат құрылғаны туралы жарияланған кезде біз жақсы өмірді аңсап, Сирияға кетіп қалдық» дейді Дина.

Ол елге барғанда әйел тағы екі баласын дүниеге әкеледі. Сирияда олар бос қаңырап қалған үйлердің бірінде тұрған. Біртіндеп ондағы өмір барлығы бұрын ойлағандай керемет емес екеніне көз жеткізеді.

«Ол жақта шариғат заңы бойынша өмір сүрмейді. Біз ДАИШ берген ақшаға өмір сүрдік. Көшіп келерде айтылған сомадан аз ақша берілді. Бірақ күн сайын төленетін ақша қысқарып отырды. Соңғы рет отбасымыз үшін 30 доллар төледі».

Бұл ақшаға қазақстандықтар тамақ және тіршілікке керек анау-мынау заттар алып отырды. Бірақ бейнежазбада көрсетілген ақша, уайымсыз өмір - бәрі жалған болып шыққан. Оларды шақырғанда, егер бұл жақтағы өмір ұнамаса, кез келген уақытта кері қайта аласыңдар деген уәде де өтірік екеніне көздері жетеді.

Ол жақтан сізді ешкім кері жібермейді. Қашып кетуге тырысқандарды ұстап әкеліп, түрмеге қамап қойды. Егер қашқанына өкінетінін айтса, жібереді. Олай етпесе, өлтіреді. Үйге қайту керек деп өзіміз шештік. Бірақ ол жақтан шығу өте қиын. Кімге сеніп, кімнен көмек сұрау керектігін де білмейсің.

Сосын бұлар тек әйелдер жүретін жолды білетін бір сириялықты табады. Сөйтіп қыркүйек айында өзге әйелдермен күрдтерге барып беріледі. Ол жақтан 13 қараша күні Ресей Федерациясының Грозный қаласына алып келді. Сол жақтан Қазақстанға оралды.

Динаның жолдасы әлі Сирияда. Ол күйеуі де, өзі де әскери ұрыстарға қатыспағанын айтады.

«Жолдасым әлі күнге дейін Сирияда. Өйткені ер адамдарға ол жақтан кері қайтуға жол жоқ. Оларға кету қауіпті. Отбасы қашып кеткенін біліп қойса, содырлар оны өлтіріп тастайды» дейді Дина.

Қазір Дина төрт баласымен ата-анасының қасында тұрып жатыр. Балаларында бірде бір құжат жоқ. Әйел оларды балабақша мен мектепке бару үшін құжаттарын жасатпақшы.

Сирияда болғаны үшін көпбалалы ана қылмыстық жауапкершілікке тартылмайды.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер