BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 361.94 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 423.25 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.4
Астана:

Синтетикалық есiрткiмен күресу оңай болмай тұр – Қасымов

Фото: Нұржас Жақсыбай

Бүгін министрдің халыққа есеп беру кездесуінде Солтүстік Қазақстан облысының тұрғыны байланысқа шығып, БАҚ беттерінде «мектеп оқушыларын әлеуметтік желілер арқылы есірткі сатуға шақыру көбейіп барады» деген ақпарат жиі таралып жатқанын айтты. Осы мәселеге алаңдаушылық бiлдiрген әйел осы бағытта Iшкі істер министрлігі қандай шараларды қолға алып жатқанын сұрады, деп хабарлайды Baq.kz тiлшiсi.

«Бұл мәселе синтетикалық есірткі заттарының таралуымен байланысты. Оларды жеткізу тәсілі бүгінде әртүрлі. Көбінде интернет ресурстар қолданылады. Біз бұл мәселелерді бақылап отырмыз. Есірткі бизнесімен күрес департаментінен бөлек, бізде электронды қылмыстармен айналысатын департамент бар. Өткен жылы осындай 198 сайтты анықтадық, олар бойынша шаралар қабылдап жатырмыз», - деді IIМ басшысы Қалмұханбет Қасымов есеп беру кездесуінде.

Министр синтетикалық есірткімен күресу бүгінде оңай болмай отырғанын ашық айтты.

«Біз тек заңда көрсетілген затты ғана есірткі деп танимыз. Біз, мәселен, заңнамамен героин мен апиынды есірткі деп бекітеміз. Егер тәркіленген есірткі түрі заңда көрсетілсе, онда оны есірткі деп санап, адамды жауапқа тартамыз. Бірақ, соңғы уақытта синтетикалық есірткінің формуласы үнемі өзгеріп тұратын болды. Біз есірткі таратқандарды ұстаймыз, алайда кейін тексере келе мұндай есірткі біздің тізімде жоқ болып шығады. Сәйкесінше, ұсталған адамды жауапқа тарта алмаймыз. Сондай-ақ, есірткінің қандай да бір түрін есірткі заттарының тізіміне енгізу туралы шешім қабылдаймыз. Бұл өте ұзақ процесс, өйткені заң мемлекеттiк органдарда, парламентте қаралады, әдетте оған 5-7 ай уақыт кетедi, кейде бір жылға дейін барады. Шешім қабылдаған сәтте жаңа түрін тізімге қосамыз, бірақ өндірушілер сол арада оның формуласын өзгертіп, қайтадан біздің елге тасымалдайды. Біз тағы да дәрменсіз боп қаламыз», - деді Қасымов.

Ведомство басшысы синтетикалық есірткімен күрес мәселесінде халықаралық тәжірибе зерттелгенін атап өтті.

«Әлем елдері де осындай проблемаға тап болып отыр. Қазір әр ел мұны әрқалай шеше бастады. Яғни, олар есірткіні тізімге енгізуді заңмен емес, заңға қосымша актілермен шешеді. Заң деңгейінде емес. Айталық, Ресей мен Өзбекстан үкімет деңгейінде шешті. Беларусь басқа жолды таңдады – тізімді Денсаулық сақтау министрі жасайды. Біз әлемдік тәжірибені зерделеп, ұзақ талқылап, есірткіні тізімге Үкімет қаулысымен енгізуге келістік. Барлық мемлекеттік орган мұны құптап отыр. Қазір тиісті заң парламентте жатыр. Бұл мәселе шешімін тапса, полицейлердің жұмысы жеңілдейді деген ойдамыз», - деді министр.

Қасымовтың айтуынша, қазір Қазақстан басқа елдермен есірткіге қатысты ақпаратпен алмасып келедi.

«Олар бізге есірткінің формуласын жібереді, біз оны тізімге қосамыз. Осылайша, есірткінің бір елден екінші елге тарауына мүмкіндік бермейміз. Осындай ұжымдық жұмыс жүріп жатыр. Менің ойымша, біз бұл процесті тоқтата аламыз», - деп сенім білдірді Қалмұханбет Қасымов.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер