BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 365.49 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 420.35 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.6
Астана:

Шымкенттен сыртқа кететін жастар азайды – Аян Азимов

«Шымкенттік жастардың кәсіп ашуға деген ынтасы жоғары. Оларға бастапқы капитал ретінде кепілсіз несие беру мүмкіндігін қарастырылса», дейді шымкенттік жас кәсіпкер әрі жастар буынының өкілі Аян Азимов. Ол мемлекет басшысының 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялауынан үлкен үміт күтеді. Осы орайда Baq.kz ақпарат агенттігінің аймақтағы тілшісі 28 жастағы кәсіпкер әрі Қазақстанға танымал франшизаның иесі Аян Азимовтен қазан жолдауы туралы пікірін білген еді.

Аян Азимов 2016 жылы достарымен бірігіп кофе қуыру, оны басқа кофеханаларға сату және өзіңмен бірге алып жүруге ыңғайлы кофе сататын «Salem Company Kazakhstan» компаниясын құрған. Шағын кәсіп бүгінде франшизаға айналды. Шымкенттен бөлек, Астана, Алматы, Ақтөбе, Көкшетау және Қарағанды қалаларында кофеханалары ашылған.

«Біз 2016 жылдан бері кофе бизнесімен айналысамыз. Кофені өңдейміз, қуырамыз және өзіміздің жеке кофеханалар желісінде сатамыз. Әзірге қандай да бір әкімшілік кедергілерге кездеспедік. Бірақ, жас кәсіпкерлердің бизнес бастауына бастапқы қаржы беру жағынан көмектесу қажет. Оларға кәсіп ашып, оны дамыту үшін қаржы керек. Сондықтан да жастардың бизнес бастауына кепілсіз несие беру мүмкіндігін қарастырған жөн. Себебі, жастарда бастапқы кезде кепілге қоятын мүлкі болмайды. Елбасы да жолдауында «аймақтарға қаржы үлестіреміз, бірақ сол қаржыны алатын кәсіпорындар жоқ» деді. Аймақтарда кәсіп ашуға қызығатын жастар бар. Бірақ, беретін кепілзаты жоқ», - дейді Аян Азимов.

Президент қазан жолдауында «Қалыптасқан жағдайда экономиканы, әсіресе, өңдеу секторы мен шағын және орта бизнесті несиелендіруді ұлғайту өте маңызды» екенін айта келе, басымдығы бар жобаларға қолжетімді несие беру міндетін шешу үшін Ұлттық банкке кемінде 600 миллиард теңге көлемінде ұзақ мерзімге қаржы бөлуді тапсырған болатын. Аян сол қаржының жастарға да көмек болатынынан үмітті.

«Президент келер жылды «Жастар жылы» деп атады. Сондықтан кәсібін бастағысы келетін жастарды да қолдау мүмкіндіктері ашылады деп күтемін. Тұтыну секторында 5 млн теңгеге дейін кепілсіз несие алуға болады. Бизнеске де солай кепілсіз несие беру жағын қарастыруға әбден болады. Біз компаниямызға қажет мамандарды дайындаймыз. Жұмыс іздеп келетін жастар өте талантты. Өткен жылдармен салыстырғанда Шымкентте талантты жастар көбейіп жатыр. Алматы-Астанаға кететін жастар азайды. Шымкентке қайта оралып жатқан жастар көп. Келіп, өз кәсібін бастап жатыр. 2000 жылдардан кейін туған жастар алдыңғы буынды еңбек нарығынан ығыстыруы мүмкін. Өйткені, олар технологияны өте жақсы меңгерген әрі технологияны қабылдауы тез әрі оңай. Түсініктері басқаша. Бала күнінен телефонмен бірге өскен. Сондықтан да салыстыра қарағанда бәсекеге қабілетті», - дейді.

Оның сөзінше, ең алдымен жастардың баспаналы болуына мән берген жөн. Сондай-ақ, жұмыспен қамту орталықтары арқылы жастардың біліктілігін арттырып, олардың жұмыс табуына жол ашу керек. Ал қазан жолдауында айтылғандай жалақыны көтерілсе тараптардың бәрі ұтар еді.

Аян Шымкентте колледжде оқып, кейін Литвада білімін жалғастырған. Әңгіме барысында екі елдің білім беру сапасының айырмашылығын да сұрадық.

«Президентіміз «Біздегі жоғары оқу орындарына шетелден мықты мамандарды шақыру қажет» деп айтты. Мен Литвада білім алдым. Ол жақта профессорлардың деңгейі өте жоғары. Бізде ашығын айту керек, сессияларды қалай жабатынын жақсы білеміз. Ал шетелде мүлдем басқаша. Сәйкесінше, білімге қызығушылық артады. Өзің үшін оқисың. Ал мұнда диплом үшін оқығанбыз ғой. Сондықтан да шетелдік оқытушыларды шақыртып, біздің оқытушылар олардан үлгі алуына жағдай жасаған жөн. Ал университеттің жұмысын жалғастыра алатынын, не тоқтататынын нарық шешеді. Біздегі университеттердің дені – жекеменшік. Егер университеттер білім сапасына мән беретін болса, онда таңдауды студенттер жасайды. Университет танымал болмаса, әрине жұмысын тоқтатады. Содан кейін барлық жоғары оқу орындары білім беру сапасын көтеруге ұмтылады деген ойдамын», - деді.

***

Аян Азимов Елбасының Шымкентке жасаған сапары барысында мемлекет басшысының алдында сөз сөйлеп, өз бизнесі туралы айтқан болатын.

«Біз кофе бағытын дамытып жатырмыз. Қазақстанның түпкір-түкпірінде 20-дан астам кофеханамыз бар. Франшизамызбен таяу шетелдерге экспортқа шыққалы отырмыз. Өзіңіз айтқандай, шағын және орта бизнес мемлекеттің тірегіне айналуы тиіс. Біз соған шама-шарқымызға үлес қосудамыз. 2016 жылы кәсіп бастағанымызда несие алдық. Сол кезде 14 пайыз үстемемен несие алсақ, қазір сіздің Жас кәсіпкерлерді қолдау туралы бастамаңыздың арқасында 6 пайызбен несие беріп жатыр. Шымкентке мегаполис мәртебесін бергеніңізге рахмет. Бұл бизнесімізді дамытуға септігін тигізеді» деді.

Елбасы қазір бизнесті дамытуға барлық жағдай жасалғанын, бизнесті тексеруді азайту жағын әлі де басты назарға алатынын айтты.

«Тексерушілер үнемі қысқартылғанымен, олар тексергенді жақсы көреді. Қанша қысқартқанымен азаяр емес. Мысалы, өрт сөндіруші мейрамханадағы жарықшамының қалай бұралғанын көруге келеді. Мейрамхана иесі тіпті болмағанда оның түскі асын береді. Мұндайдан бас тарту керек. Мен бизнестің осындай шабуылдардың қорғалуы бағытында жұмыс істеп жатырмын. Қазақстанда экономиканың дамуының 50 пайызын шағын және орта бизнес үлесі құраса, біз мейлінше экономикасы тұрақты елге айналамыз. Бүгінде 30 пайызды құрайды. Соны 50 пайызға жеткізіп, асыруымыз керек. Әлемде жағдай осындай. Ірі бизнестің үлесі аз. Ал біз Кеңес заманындағыдай кен орындарында, зауыттарда 5000-15000 адамды жұмыс істетуге үйреніп алғанбыз», - деді Елбасы.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер