BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 374.2 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 420.34 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.52
Астана:

Шымкентте жемқорлықпен күресуге кейбір шенеуніктер де қарсы («Оңтүстік Рабат» газеті)

Фото: ашық дереккөзден

Алдағы даму жоспарын, елеулі өзгерістерін енді тек Ақордамен ақылдасып шешетін Шымкент қаласының қалай өзгеретіні республика жұртының назарында екеніне дауымыз аз. Өйткені, Шымкенттің қалай тыныстап, қандай тіршілік қылып жатқаны мегаполис атанғанына дейін де елеусіз қалмайтын. Республикалық маңызы бар қала мәртебесін алғанынан кейін де «Шымкент» десе ел құлағының елең ете қалуы тіпті күшейді. Мінеки, сол Шымкент алдағы бірнеше жылда, өз тілеуімізбен «2020 жылға дейін» деп меже қойып көрелік, қалай өзгереді? Дүние жұрты талмай айтатын, әлемдік қалалар бет бұрған «Smart city» концепциясы Шымкентте қалай орындалады? Бұл туралы көп сұрағымыздың бәріне Шымкент қаласы әкімінің кеңесшісі Рашид Аюпов жауап берді, деп жазады «Оңтүстік Рабат» газеті.

– Елімізде «Smart city», яғни «Ақылды қала» жобасы Астана, Алматы, Ақтөбе және Шымкент қалаларында ендіріліп жатыр. Бұл қатарға таяуда Қарағанды да қосылды. Енді Шымкентте «Ақылды қала» жобасы қалай жүзеге асады? Сұхбатымыздың әлқиссасын осыдан басталық…

– «Ақылды қала» жобасының көптеген компоненті бар. Ақылды азамат, ақылды қызмет, ақылды экономика, ақылды транспорт, ақылды үй және тағы басқа дегендей. Соның ішінде Үкімет тарапынан бекітілген бес бағыт бар: білім, денсаулық, көлік, тұрғын үй, қаладағы қауіпсіздік. Бұл бес бағыт міндетті түрде орындалуы керек. Бүгінгі таңда Шымкенттің білім саласында бірқатар жетістігі бар. Атап айтқанда, төрт порталды, яғни баланы балабақшаға қабылдау (garden.shymkent.edu.kz), мектепке қабылдау (school.shymkent.edu.kz), мұғалімдерді мектепке жұмысқа қабылдау (thunter.shymkent.gov.kz) және iMektep мектепті электронды бақылау (www.i-mektep.kz) порталдарын өткен жылы іске қостық. Барлығы да сәтті жүзеге асып, Шымкенттен бөлек, басқа тоғыз қалада енгізіліп жатыр.

«Аялдамаларда автобустың салмағын өлшейтін таразылар қойылады»

– Иә, білім саласына ақпараттық технологияларды ендіру процессіне өткен жылдан бері куәмін. Ал қоғамдық көлік саласында қандай өзгерістерді көреміз? Астана мен Алматы қалаларындағы қоғамдық көліктерде электронды билет пайда болды. Біздегі жағдай қандай болмақ?
– Астана, Алматы қалаларында әр адам жеке карта сатып алады. Қоғамдық көлікте жүру үшін сол картасымен төлем жасап, кондукторға жолақы бермейді. Ал біз Шымкентте қоғамдық көлікте төлем жасаудың түрлі мүмкіндігін, дәлірегі тоғыз тәсілін енгіземіз. Яғни, автобусқа мінгенде екі негізгі түрмен төлем жасауға болады. Ол өз ішінен үш және алты тәсілге бөлінеді.

I. Қолма қол ақша арқылы төлеудің тәсілдері:
1. автобуста орнатылған терминалға нақты ақшамен
2. qr код картасымен
3. арнайы картамен

II. Жеке бас мәліметтері мен банк картасын мобиль қосымшасына тіркету арқылы төлеудің тәсілі:
4. SMS
5. paypal
6. visa, mastercard карталарымен
7. NFC
8. qr кодты оқыту
9. мобиль қосымшасындағы есепшотынан аудару

сияқты, төлем жасаудың тоғыз тәсілін қарастырамыз. Екіншіден, автобусқа қанша жолаушы түсіп-мінгенін есептейміз. Автобуста ұрлық-қарлық болмауы үшін, көлік салоны толықтай бейнекамерамен жабдықталады. Салондағы температураны тіркеп, есептейтін датчиктер орнатылады. Жүргізушінің көлікті қалай жүргізетінін бақылайтын арнайы камера қойылады. Әрбір аялдаманың астында келіп тоқтаған автобустың салмағын өлшейтін электронды таразылар қойылады. Таразының жанында автобустың келген-келмегенін, қай бағыттағы автобус екенін тіркейтін датчик болады. Аялдама ішіне бейнекамералар қоямыз. Бұдан бөлек, SOS батырмасын қоямыз. Яғни, қауіп төнгенде, не қандай да бір қиыншылық туындаса, полицияға, жедел медициналық жәрдем, өрт сөндірушілер не тағы басқа қызметтерге хабар береді. Сондай-ақ, аялдамаларда қай автобустың қайда келе жатқанын, қанша уақытта жететінін көрсететін электронды табло қойылады. Бұл адамдардың уақытын үнемдейді. Мобиль қосымшасы да жасалады. Соған қарап, адамдар аялдамаға қажет бағыттағы автобусының қай уақытта келетінін алдын ала біліп, уақытын жоспарлайды.

– Ертегідей естілетін жоспарлар екен. Десе де шынға айналатынына сенемін. Сенбесіме амал да жоқ. Бір өзгеріс енгізетін уақыт жетті. Сонымен қауіпсіздік мәселесіне қатысты қандай жоспар бар?
– Ал қауіпсіздік мәселесіне келсек, біз Астана қаласының тәжірибесін енгіземіз. Дәлірегі, нейрожелі арқылы жұмыс істейтін арнайы бейнекамералар орнатылады. Адамдардың түрін тану, автокөлік нөмірін тану, жылдамдығын өлшеу, рульде телефонмен сөйлесу-сөйлеспеу, адамдардың шоғырланып жиналу орындары және тағы басқа да жағдай сипаттарын автоматты түрде зерттеп, полиция департаментіндегі арнайы орталық пен әкімшілікке ақпарат беріп отырады. Бұл жол көлік оқиғаларын азайтып, азаматтардың заңды жүріп-тұруын қадағалап, зорлық-зомбылықтың алдын алады деген ойдамыз. Мақсатымыз — «Қауіпсіз қала» жасау болып отыр.

– Демек, Шымкенттің тыныс-тіршілігі бейнебақылау камераларының жадына жазылып, әрбір қадамымыз бақыланатын болғаны ғой. Тұрғын үй бойынша қандай өзгерістерге дайындала берейік…
– Тұрғын үй саласына келсек, Шымкентте бұл салада бірқатар түйткілдер бар. Өзіңіз де білесіз, Шымкентте тұрғын үй кооперативі (орысшасы «КСК»-ред.) жұмыс істемейді. Өйткені, тұрғындарда оған ешқандай сенім жоқ. Сондықтан да ақша жинау, біреуді кооператив төрағалығына сайлау сияқты тірліктердің бәрін электронды жүйеге өткізу жоспарымыз бар. Екіншіден, коммуналды қызметтерді (газ, су, электр қуаты) пайдалану көрсеткіштерін алу үшін контролер келіп мазаламайды. Көрсеткіштер электронды түрде орталыққа жіберіледі. Сөйтіп қанша көлемде пайдалансаңыз, соның ақысын төлейсіз. Бұдан бөлек, жылу жүйесінде өзгерістер болады. Қала әкімінің тапсырмасымен, үйлерді автономды түрде жылыту мәселесі қаралып жатыр. Бұл да «Ақылды қала» жобасы шеңберінде енгізіледі. Ол жерде: қаласаңыз үйіңіздің жылу температурасын 30 градус, қаламасаңыз, 18 градус қыласыз. Яғни қанша ақы төлеуге шамаңыз жетеді, сондай температураны таңдап, қоясыз. Әр пәтерге сондай жеке жүйе енгізіледі. Қазір бәрін көршіңізге сәйкес істеуіңізге, келісімін алуға, ал келіспесе, онда бас тартуға тура келеді. Сол үшін «Қазақтелеком» компаниясымен арнайы радиожиілік алып, пилотты шағынауданда жүзеге асыруды бастадық. Сәтті жүзеге асырылса, қаланың барлық пәтерлеріне енгіземіз.

– Ендігі бір үлкен сала — денсаулық сақтау саласына белгілеген жоспарларыңыз да ауқымды шығар…
– Денсаулық сақтау саласы бойынша мынадай жағдай. Бұған дейін Шымкенттегі денсаулық сақтау мекемелерінің бәрі облыстың құзырында болып келген. Қазір комиссия құрылып, қала балансына өткізу жайын қарап жатырмыз. Бұл саланы қалай автоматтандыратынымызды сол кезде барып, толығырақ айтамыз. Әзірге үйде отырып, дәрігердің қабылдауына жазылу, электронды порталға қосу арқылы дәрігерлерге де арнайы портал жасау сынды тірліктерді қарастырудамыз. Мысалы, сіз дәрігерге келгенде аты-жөніңізді анықтап, енгізіп, тіркеймін дегенше күтіп қаласыз ғой. Ал арнайы порталда ЖСН нөміріңізді енгізіп, бар ақпарды бір сәтте алады. Медицина мекемелері қалаға толық өткенде, автоматтандыруды бастаймыз.

«25 автокомпанияның бес-алтауы ғана қалады»

– Білім саласындағы өзгерістерді көрдім. Алдын естігенде, сенбедім. Мүмкін еместей көрінді. Бірақ, расқа айналды. Қалған төрт салаға қатысты, соның ішінде қоғамдық көлік бойынша енгізілетін жобаларды естігенде, тіпті сену қиын. Қазіргі автобустарымыздың, «газелдеріміздің» жағдайы анау. Қирағалы тұр. Соны көргенде сіздің әңгіме ертегідей естіледі. Қоғамдық көлікке қатысты жоспарларыңызды қашан және неден бастайсыздар?
– Бүгінде қалада 26 көлік компаниясы жолаушылар тасымалымен айналысады. Барлығы 1500-ге жуық жолаушы тасымалдайтын автобус, «газелдер» жүреді. Қаланың қоғамдық көлік мәселесін шешу үшін қала әкімі жақында жиналыс өткізді. Жиналыста қала әкімдігінің жанынан әлеуметтік-кәсіпкерлік компания құру туралы шешім қабылданды. Сол компания арқылы қалаға қажетті коммуналды автопарк құрылады. Яғни, жолаушы тасымалдайтын көліктердің барлығын әкімдік сатып алады. Бағыттарға қояды. Бағыттарға жеке кәсіпкермен бірлесіп қоюы мүмкін. Не жеке кәсіпкерге жалға берілуі мүмкін. Не әкімдіктің өзі басқарып, жүргізуі де мүмкін. Қазір бұл мәселелердің заңды жағы қарастырылып жатыр. Осы арқылы қаланың қоғамдық көлік саласына қатысты мәселелерді шешеміз. «Газелдер» де, басқа ескі көліктердің орнына таза әрі жаңа көліктер жүреді.

– Қаланың қоғамдық көлік саласы үшін 26 автокомпания көп емес пе?
– Коммуналды автопарк ашылғанынан кейін қазіргі автокомпаниялардың саны азаяды. Тек қана қаржысы мен мүмкіндігі бар компаниялар қалады. Бүгінде, білесіз, өкінішке қарай, қазіргі автокомпаниялардың жартысы – өтірік компания. Автобусы бар адамдармен «маған мынадай ақша беріп отырасың» деп келіседі дағыны маршрутқа шығарады. Сондайды жою мақсатында, еуростандарттарға сай келетін, экологиялық талаптарды сақтап, дизелді отынмен жүретін, мүмкіндігі шектеулі жандарға жағдайы жасалған автобустар алу сынды түйткілдерді тарқату үшін коммуналды автопарк құруға шешім қабылданды. Автопарк құрылғанынан кейін ұзаса 5-10 автокомпания ғана болады. Одан артық болуы мүмкін емес. Яғни, 26 компания болмайды. Көліктердің бәрі жаңарады. 1000 автобус аламыз. Жоғарыда айтылған жоспарлардың бәрі орындалады.

– Қазір Шымкенттің қоғамдық көліктерінде тәулігіне неше жолаушы тасымалданады?
– Жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары бөлімінің (қазір басқармаға айналды-ред.) ақпаратына сәйкес, 500 мыңға жуық жолаушы жүреді. Бұл – бөлімнің ақпараты. Сондықтан сырттай зерттеу-бақылау жүргізілмекші. Нәтижесі тамыз не қыркүйек айларында белгілі болады.

– Астана мен Алматыда жолаушылар жүру билетін (проездной билет) сатып алып, бір ай сонымен жүруге болады. Бізде «проездной билет» бола ма?
– Енгізу жоспарымыз бар. Жекеменшік компания бізден бағыт алуға келісімшарт жасасқанда «мақұл» деп айтып, «10 жылға келісімшартқа қол қойып берсеңіз, біз жыл сайын көліктеріміздің 20 пайызын жаңартып отырамыз» деп уәде берді. Бірақ, бір де бір компания сөзінде тұрған жоқ. «Жарайды, жеңілдік көрсетеміз» дейді. Бірақ көрсетпейді. Осы мәселелерді шешу үшін де коммуналды автопарк қажет. Көліктерді өзіміз сатып алып, өзіміз жүргізген соң, электронды жүйе қойып, бақылаймыз. Ұлыбритания тәжірибесіне келер болсақ, мынадай нәрсе бар. Адам көп шоғырланатын, мысалы вокзал, әуежай, сауда үйі сияқты орындарда автоматтар тұрады. Келіп, қажет билетін сатып алып, сонымен метроға да, автобусқа да, барлығына да мініп кете береді. Бір жүйе. «Соғыс ардагері, студент, зейнеткер не тағы басқа жеңілдікке ие санаттағы азамат болсаңыз, онда сайтымызға кіріп, өзіңіз туралы ақпарат беріңіз, біз сізге жеңілдікпен карточка жібереміз» дейді. Мен кезінде Англияда студент кезімде, «осындай университетте оқып жатырмын» деп суретімді қосып, өтінім жібердім. Олар мен оқитын университетке менің оқитын не оқымайтынымды білуге сұраныс жолдайды. Университет растаған соң, маған жеті күш ішінде поштамен карточка келеді. Ол карточка кез келген қоғамдық көлік түріне 30 пайыз жеңілдікпен жүруге арналған. Біздің мақсатымыз да осы. Мұнда қала тұрғындарының автоматты жүйеге үйреніп, жасына қарамастан интернетпен жұмыс істеп, осындай қызмет түрлерін алуды меңгергені жөн.

«Кез келген жаңалықты енгізуде асықпау керек»

– 2011 жылы Қытайда тұрдым. Сол кезде біз жалдап тұрған пәтердің коммуналды қызмет көрсеткіштерін алуға контролер келмейтін. Барлық қызметақысын карточкамен арнайы терминалға барып, төлейтінбіз. Сіз жоғарыда айтқан, тұрғын үйге қатысты енгізілетін өзгерістер осыдан 7 жыл бұрын Қытайда бар еді. Демек, бізге де келетіні анық. Өйткені, мүмкін нәрсе. Ал бізде қашан енгізіледі?
– Кез келген жаңалықты енгізуде асықпау керек. Толығымен ендіруге 1-1,5 жыл уақыт керек. 2020 жылға дейін бітіруге тырысамыз. Жоспарымыз да сондай. Өз тәжірибемнен айтып өтейін. Кезінде Дания мемлекетінде болдым. Маған әуежайда «мынау – метроға пайдаланатын карточка, метроға кіргенде белгі соқтырып, тіркетіңіз» деп карточка берді. Метроға кірсем, кондуктор да, басқа да, ешкім жоқ. Мына шетте автомат терминал тұр екен. Оны елемей, «ешкім жоқ қой, ештеңе етпейді» деп метроға мініп кете бердім. Ертеңіне қайта кері ұшатын болып, әуежайға келсем, «сізге 80 еуро айыппұл төлеу керек» деді. «Неге төлеймін» десем, «сіз кеше билетіңіз бола тұра, тіркетпей, метрода тегін жүрдіңіз» деді. Көрдіңіз бе, видеокамера арқылы қоғамдық көлікте адамның іс-әрекетіне айыппұл жазып, әуежайға жіберіп отыр. Маған сол метрода автомат терминалға барып, билетімді тіркетпеудің салдары 80 еуро айыппұл түрінде алдымнан шықты. Бізге де мәдениетті қалыптастыру, бір-бірімізді түсініп, сыйлау үшін осындай жүйелерді енгізу керек. Оның барлығы жасанды интеллект, нейронды желі арқылы жүзеге асады.

– Сіз әр пәтер иесі үйіне келетін жылу температурасын қалауынша реттей алатын жүйе енгізілетінін айттыңыз. Мұны ескі көпқабатты үйлерге енгізуге бола ма?
– Иә, әбден болады. Кез келген пәтерге енгізе аламыз. Бұл үшін қала инфрақұрылымын жетілдіру аясында әрбір шағынауданда қосымша орталықтар салынған. Қазір пилотты жоба ескі үйлерден тұратын шағынауданда іске асырылып жатыр.

«Бұған кейбір шенеуніктер мен полицейлер қарсылық танытады»

– Алматыдағы Денис Тен оқиғасы қаланың орталығында, «алтын квадрат» деп аталатын бөлігінде қойылған бейнебақылау камераларының жұмысы да шикі екенін, кемшілігі көп екенін көрсетті. Өйткені, Денис Тенді пышақтаған орында ешбір камера болмағандықтан не жұмыс істемегендіктен, оқиғаның видеосы жоқ болып шықты. Ал Шымкентті «Қауіпсіз қалаға» айналдыру үшін бейнебақылау камералары қалай қойылады?
– 1 қыркүйекке дейін Шымкенттің 30 көше қиылысына пилотты режимде ақылды бейнебақылау камералары қойылады. Жыл соңына дейін соны зерттеп, қандай кемшіліктері мен қиындықтары туындағанын анықтаймыз. Соған қарап, келесі жылы адам көп шоғырланатын орындарға, үйлердің аулаларына, көшелерге, аялдамаларға кезең-кезеңімен қоямыз. Мұндай бейнекамераларды қоюға кейбір шенеуніктер мен полиция қызметкерлері қарсылық танытады. Өйткені, бұл оларға қажет емес. Оларға сыбайлас жемқорлық керек. Сондықтан да олар бұзуға тырысып, жамандайды. Халық соған алданып қалмай, керісінше бейнебақылау камераларын қоюға қолдау білдіруі қажет. Сонда ғана сыбайлас жемқорлықты азайтуымызға мүмкіндік туады. Біз соған жұмыс істейміз. Осы мақсатта халықтан қолдау күтеміз.

– Үйлердің ауласына бейнебақылау камерасын орнатудың қажет екенін өткенде қаламыздағы шағынаудандардың бірінің подъезінде болған балаға қатысты зорлық әрекеті оқиғасынан кейін біразымыз тағы да түсінгендей болдық. Үй ауласына қойылатын бейнебақылау камераларының ақысын кім төлейді? Мемлекет қаржысы есебінен бе, тұрғындардың қалтасынан ма?
– Мемлекет қаржысы есебінен төленеді. Өткендегі подъезде болған оқиғаны қарасаңыз, бейнекамерадан зорлықшының кім екенін көріп, түріне фиксация жасап, сол арқылы іздеп, ұстады. Ал біздің қарастырып жатқан видеокамераларда тек фиксация емес, одан бөлек адамның айқайына әсер ету, бір топ адамдар заңсыз жиналғанда әсер ету, қатты дауыс шыққанда әсер ету сынды функциялары болады. Яғни, бейнекамера полиция қызметкерлеріне тікелей хабар береді. Бұл жасанды интеллект арқылы орындалады. Подъездегі бала оқиғасын алсаңыз, әйел кісі келіп, есікті ұрмағанда оқиғаның қалай аяқталарын кім біледі? Ал мына қойылатын бейнекамералар арқылы полиция қызметкерлері сол мезетте ақпар алады.

– Білім саласына қатысты жобалардың ішіндегі iMektep порталының пайдасы неден байқалды?
– «Күнделік» жобасы пайда болмай тұрып, біз өзіміз iMektep порталын іске қосып, енгіздік. Ол жерде мұғалім сабақ бермесе, прокуратураға және бізге хабар түседі. Бала сабаққа келмесе, ата-анасына sms барады. iMektep ендірілгеннен кейін балалардың мектепке баруы 70 пайызға артты, жасөспірімдер арасындағы қылмыс азайды. Бұрын сабақ ортасынан басқа мектепке кетіп қалып, төбелесіп келетін еді ғой. Сол азайды. Қазір 40 мектепте іске қосылған. Тағы 60 мектепте қосылады.

«Әкімдік қызметкерлері робот секілді жұмыс істейді»

– Былтыр мұғалімдерді мектепке жұмысқа қабылдауға арналған thunter.shymkent.gov.kz порталы қосылды. Бұл портал маманды жұмысқа қабылдауда жемқорлық әрекеттерін жоюға бағытталған еді. Бірақ мектеп басшылығы мұны да айналып өтудің жолын тауып алғанға ұқсайды. Ол қалай?
– Сіз оқуды бітіріп, жұмысқа орналасу үшін thunter.shymkent.gov.kz порталына кіріп, өтінім толтырып, дипломыңызды жүктеп, жібересіз. Сосын сізге әңгімелесудің болатынын уақытын хабарлайтын sms хабарлама келеді. Ал бұлар өздерінің таныс-туыстарына «порталға кіріп, сол жақтан арыз толтырып, дипломыңды жібер» дейді. Сосын ол үміткер әңгімелесуге келген кезде, сондағы адамдарға «мынау біздің адам еді, дауыс беріп, өткізе салайық» деп келісуге тырысады. Қазір біз порталды жаңартып, жыл соңына дейін блокчейн технологиясын енгізе отырып, мұндайдың бәрін шектейміз. Яғни, бір жерге жиналмай, бәрін де онлайн түрінде аты-жөнін білмей дауыс беретін дәрежеге жеткіземіз. Әлемдік тәжірибеде сондай. Ол жақта адамның фотосы резюмесімен бірге берілмейді. Тек адамның біліктілігін, кәсібилігіне қарап, шешім қабылдайды. Содан кейін барып, адамның жүзін көреді.

– Шымкентте «Smart city» жобасын енгізу аясында ірі-ірі тірліктер атқарылатынын білдік. Кез келген жаңа нәрсені қолданысқа енгізіп, жүзеге асыру оңай емес. Кедергісі көп. Кадр мәселесі де алға шығады. Шымкент әкімдігінің қызметкерлері осындай ауқымды жобаны сәтті жүзеге асыруға дайын ба?
– Өте орынды сұрақ. Кадр деңгейі – қиын әрі жауапты мәселе. Жақсы кадр болмаса, мұның бәрін сәтті жүзеге асыру қиын. Сондықтан да қала әкімі шешім қабылдады. Шымкентте Ұлыбритания тәжірибесін ескере отырып, яғни, жобаларды басқарудың құрылымдық (PRINCE2) әдісіне өтеміз. Тамыз-қыркүйек айларында қызметкерлерді осы әдіспен жұмыс істеуге оқытамыз. Сосын барлық қызметкерлерді сол жүйеге өткіземіз. «Ол жерде бәрі робот секілді жұмыс істейді» десек те болады. Әркім өз жұмысын істеп, порталға салады. Әкім қалаған сәтінде: үйінде болсын, қызмет кабинетінде болсын, кімнің қалай жұмыс істегенін, қалай жұмыс істеп жатқанын көре алады. Сосын қызметкердің қалай жұмыс істейтінін тұрғындардың да бақылауына жағдай жасаймыз. Халықтық бақылау енгізіледі. Бізде бұған дейін арыз-шағымды қашықтан қадағалауға арналған «Ашық әкімдік» деген жүйе енгізілді. Мұны Қазақстанда алғаш болып біз жүзеге асырдық. Арыз-шағым өткізгеніңізде, сізге штрих-код беретін. Сол арқылы арыз-шағымның қай деңгейде қаралып жатқанын онлайн көруге болатын. Енді біз жаңа нұсқасын қарастырып жатырмыз. Сол арқылы мүлдем қағаз алып жүрудің қажеті жоқ. Жыл соңына дейін енгізу жоспарымыз бар.

– Шымкенттің ақылды қалаға қалай айналатынын түсіндірген әңгімеңізге рахмет!


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер