BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 369.98 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 428.7 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.64
Астана:

Лайк үшін селфиден 300 адам жан тапсырған

Лайк жинау үшін селфи жасап жан тапсырғандар қатары артып кеткен. Ғаламдық зерттеуі бойынша соңғы жылдары өзін-өзі фотоға түсіру кезінде көз жұмғандардың саны 300-ге жеткен, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.

Аталған трендпен күресу үшін тіпті бірқатар мемлекеттер арнайы заң қабылдамақшы. Халқының саны 300 миллионнан асқан АҚШ экстремалды селфимен күресті бастап кеткен. Америка зәулім ғимараттар, тау мен тас, өзен мен көл жағасында әдемі кадр үшін басын бәйгеге тігетіндерге тосқауыл қоймақ.

Фотоға түсемін деп көз жұматындардың саны біздің елде де өсіп келеді. Бірер жыл бұрын Өсмекенде жасөспірім селфи жасаймын деп Ертіс өзеніне секіріп, көз жұмған. Ағыстың қаттылығынан оның денесі бір айдан соң, 18 шақырым жерден табылған еді. Мамандар жалпы селфиді кімдердің көп жасайтынын айтып берді.

«Ешқандай істе өзін-өзі көрсете алмаған кісілер селфиға бағынышты болып кетеді. Егер, сіз керемет маман болсаңыз, өз ісіңізде бір жетістіктерге жетіп жатсаңыз, селфи жасап жұртқа таратып жүруге сіздің уақытыңыз болмайды», - дейді психолог Айман Нұрмағанбетова.

Ғалымдардың зерттеуінше, күніне үш рет суретке түскен адамға «селфитис» диагнозын қоюға болады. Ал оның асқынған түріне фотосын әлеуметтік желіге салғысы келіп тұратындар жатады. Соңғысы созылмалы. Бұған тәулігіне 6 суреттен артық фото салатындар кіреді.

Тілдік қолданысымызға бұдан 4 жыл бұрын ғана енген «селфиді» қазір бәрі біледі. Әу баста қызығушылықпен басталған бұл әдет, аз уақыттың ішінде талай адамға дерт болып жабысты.

«Лайк жинаған сайын, оның бойындағы бақыт гармоны, қуаныш гармоны ойнайды. Одан кейін соған тәуелді болып қалады. Кез келген нәрсеге тәуелділік – ауру! Психикасы бұзыла бастайды», - дейді психолог Ғалияш Махашева.

Лайк жинаймын деп жан тапсырғандардың бірі Талдықорған қаласының тұрғыны. 15 жастағы қыз 8 қабаттан құлап кеткен болатын. Бойжеткен құрылысы аяқталмаған қонақ үйдің үстіне шығып, инстаграм желісінде тікелей эфирге шыққан екен. Көрермендерімен сөйлесіп жатқанда аяғы тайып, төмен құлаған. Жергілікті жұрттың айтуынша, аталған жерде осыған дейін де қайғылы жағдайлар тіркелген.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер