BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 346.68 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 404.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.47
Астана:

«Сарыарқа» газ құбыры жобасының қаржыландыру көздерін анықтау маусымда аяқталады – ҰЭМ

Фото: DalaNews

Бүгін Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов Президенттің бес әлеуметтік бастамасының бесінші бағытын іске асыру жұмыстары қалай жүзеге асырылатырын түсіндірді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Ұлттық экономика министрі Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың қарауына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған Президенттің бес әлеуметтік бастамасын іске асыру жөніндегі жол картасы жобасын ұсынды. Осы орайда Тимур Сүлейменов елді газбен қамтамасыз ету жобасына тоқталды.

«Бесінші бағыт – елді газбен қамтамасыз ету. Негізгі орындаушы – Энергетика министрлігі. Аталған бағыт, «Сарыарқа» магистральді газ құбырының бірінші кезеңін қаржыландыру схемалары және шарттары маусым айында айқындалады», - деді министр.

Осы орайда ол аталған жобаға Еуропа қайта құру және Даму банкі, Еуразия даму банкі және басқа да халықаралық қаржы ұйымдарының қаражатын тарту жоспарланып отырғанын атап өтті.

Сонымен қатар, Тимур Сүлейменов алдағы уақытта жергілікті әкімдіктер газ құбырын тарту үшін тиісті жер учаскілерін беретінін жеткізді.

«Әкімдер маусым айында магистральді газ құбыры желісі бойынша жер учаскілерін бөледі. Аталған жобаның құрылысы осы жылдың шілде айында басталады. Ал келесі жылдың желтоқсанында газ құбырының құрылысын аяқтау жоспарланған», - деді ол.

Сондай-ақ, Ұлттық экономика министрі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған Президенттің бес әлеуметтік бастамасын іске асыру үшін әзірленген жол картасы 35 іс-шарадан тұратынын мәлімдеді. Оның айтуынша, Мемлекет басшысының жаңа бастамаларын іске асыру үшін 3 кодекске және 12 заңға, Үкіметтің 6 қаулысына, Ұлттық банктің 3 қаулысына өзгерістер енгізу қажет екен.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер