USD 335.71 EUR 357.36 RUB 5.23
Астана:

«Саран» шахтасындағы апаттан кейiн 16 адам жұмыстан шеттетіледі

Фото: 24.kz

Қарағанды облысы «Саран» шахтасында орын алған апаттан кейiн 16 адам жұмыстан шеттетіледі. Мемлекеттiк комиссия осындай қорытындыға келген. Бұл туралы баспасөз мәслихатында ҚР ИДМ Индустриялық даму және өнеркәсiптiк қауiпсiздiк комитетi төрағасының орынбасары Нұрбек Құнанбаев мәлiм еттi, деп хабарлайды Baq.kz тiлшiсi.

Естеріңізге сала кетейік, 10 қарашада Қарағанды облысындағы «АрселорМиттал Теміртау» компаниясына қарасты «Саран» шахтасында қайғылы оқиға орын алып, 8 адам зардап шеккен болатын. 3 кенші оқиға орнында қаза болып, тағы бір кенші ауруханада қайтыс болды.

Арнайы құрылған мемлекеттiк комиссия жүргiзген тексерiс шахтадағы апаттың толығымен жұмыс берушiнiң кiнәсiнен болғанын анықтаған.

«Тексерiс қорытындысы бойынша мемлекеттiк комиссия инженерлiк-техникалық қызметкерлердiң жұмысты бақыламауы апатқа себеп болды деген қорытындыға келдi. Осы жұмысқа жауапты қызметкерлер жетiспейдi. Соңғы бес жылда қысқарту болған. Бiлiктi мамандар тапшы. Сондай-ақ, техникалық ақаулар анықталды», - дедi Н.Құнанбаев.

Апатқа қатысты материалдар құқық қорғау органдарына тапсырылған.

«Мемлекеттiк комиссия осы апатқа қатысы бар машинистен бастап «Саран» шахтасының директорына дейiн 16 адамды жұмыстан шеттетуге ұсыным бердi», - дедi комитет төрағасының орынбасары.

Жалпы, биыл жыл басынан берi қауiптi өндiрiстiк нысандарда 13 апат болған. Нұрбек Құнанбаев атап өткендей, қауiптi өндiрiстiк нысандарға жүргiзiлген тексерiстер кәсiпорын басшылығының қауiпсiздiк мәселелерiне жете назар аудармайтынын көрсетiп отыр. Осының салдарынан апаттар мен түрлi оқыс оқиғалар орын алып жатады.

«Қазiргi уақытта Индустриялық даму және өнеркәсiптiк қауiпсiздiк комитетi қауiптi өндiрiстiк нысандары бар 9160 кәсiпорынға мемлекеттiк бақылау жүргiзедi. Бұл жалпы кәсiпорын санының 4,5 пайызы. 2016 жылы ҚР Бас прокуратурасының сайтында орналасқан кестеге сәйкес, комитет және оның аумақтық департаменттерi 1426 кәсiпорынға ерекше тәртiп бойынша тексеру жүргiзуді жоспарлаған. Бұл 16 пайыз, яғни қаупi жоғары кәсiпорындарға ғана тексеру жүргiзiледi. Жыл басынан берi ерекше тәртiп бойынша 1137 тексерiс жүргiзiлдi», - дедi Н.Құнанбаев.

Оның қорытындысы бойынша өнеркәсiптiк қауiпсiздiк талаптарын бұзудың 56 406 фактiсi анықталған. 116 млн теңгеден астам айыппұл салыныпты. Сонымен бiрге, сот органдарының шешiмiмен 302 қауiптi өндiрiстiк нысанның жұмысы тоқтатылған.

«Тау-кен өндiрiсi, металлургия саласының кәсiпорындарында қондырғылар тозған. Олар өткен ғасырдан 50-60 жылдан берi жұмыс iстеп тұр. 2009-2015 жылдары 396 iрi технологиялық желiлер мен 7866 техникалық құрылғы ауыстырылды. Бiрақ бұл жеткiлiксiз. Биылғы жылдың тоғыз айында жоспарланған 1196 техникалық құралдар мен технологиялық желiлердiң тек 862-сi ғана ауыстырылған», - дедi комитет төрағасының орынбасары.

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер0

Сіздің пікіріңіздің модерациядан кейін жарияланады