BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 325.75 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 382.04 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.31
Астана:

Республиканың ең үздік қалаушылары мен сылақшылары анықталды

Қызылордада республикамыздың түкпір-түкпірінен келген құрылысшылар үздік шебер атағы үшін бақ сынасты, деп хабарлайды Baq.kz аймақтағы тілшісі.

Байқауға қатысу үшін Қазақстанның барлық аумағынан 30 қатысушы өтінім берген.

«Құрылысшылардың ерен еңбегінің арқасында облысымызда және Қазақстанның өзге аймақтарында ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылып, заманауи нысандар салынуда. Өздеріңіз көріп отырғандай, Қызылордада Сырдарияның сол жағалауында 15 шағын аудан, әлеуметтік және бизнес-нысандарды қамтитын жаңа қала бой көтеруде. Осы байқауды біз Астананың 20 жылдығы мен Қызылорданың 200 жылдығына орай, сондай-ақ жұмысшы мамандықтарды насихаттау мақсатында ұйымдастырдық. Кәсіби шеберлік байқауына еліміздің барлық аймақтарынан құрылысшылар қатысуда», – дейді Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Қуанышбек Ысқақов.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқау барысында барлық тапсырмаларды дұрыс орындаумен қатар қауіпсіздік шараларын сақтау және шығармашылық көзқарас есепке алынды.

Байқау қорытындысымен «Үздік қалаушы» және «Үздік сылақшы» номинацияларында жеңімпаздар анықталды.

«Үздік қалаушы» номинациясында бірінші орынды Айжарық Ниязов (Атырау облысы), екінші орынды Зердебек Исқалиев (Батыс Қазақстан облысы), үшінші орынды Бауыржан Чунетов (Маңғыстау облысы) иеленді. «Үздік сылақшы» номинациясында бірінші орынды Нина Дерксен (Қарағанды облысы) жеңіп алса, екінші орын Еркемай Темірғалиеваға (Павлодар облысы), ал үшінші орын Ғани Елғожинге (Жамбыл облысы) бұйырды. Жеңімпаздарға диплом мен бағалы сыйлықтар – компьютер, теледидар және ноутбуктар табысталды.

«Құрылысшы мамандығының қай кезде де маңызы зор. Бізді назардан тыс қалдырмай, елеп-ескеріп, осындай сайыс ұйымдастырғанына қуаныштымын», - дейді атыраулық құрылысшы Айжарық Ниязов.

Атап өтейік, сайыс Сырдарияның сол жағалауындағы құрылыс нысандарында ұйымдастырылды.

Бүгінде Қызылорда қаласының сол жағалауы қарқынды құрылыс алаңына айналды. Жаңа қалада 1925 жылы ұлтқа «қазақ» атауын қайта беру туралы тарихи шешім қабылданған Қазақ Орталық атқару комитетінің бұрынғы ғимараты архивтегі сызбалар бойынша қайта салынған Рухани жаңғыру орталығы салынды. Қазіргі таңда мұнда 18 көпқабатты тұрғын үй салынып, қала күніне орай пайдалануға берілмек. Сондай-ақ, мұнда 320 орындық балабақша, «Болашақ» университетінің студенттер қалашығы, жастар ресурстық орталығы, емхана, Неке қию сарайы мен өзге де әлеуметтік нысандардың құрылысы салынуда. Биыл осы аумақта халқымыздың ой-санасы, ұлттық салт-дәстүрі, тұрмыс-тіршілігін ескере отыра, шығыс стиліндегі тұрғын үйлер салынбақ.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер