BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 338.78 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 392.82 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.35
Астана:

«Qazcontent» базасында жаңа телеарна құрылады

Фото: Абзал Қалиев

«Qazcontent» АҚ жаңа маусымда компания құрамына кіретін бірқатар интернет-ресурстар жаңа жобаларының тұсаукесер рәсімін өткізді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Жалпы компания ребрендинг бойынша жұмыстар жүргізген. Осы орайда «Qazcontent» АҚ басқарма төрағасы Евгений Кочетов бұл өзгерістердің неге байланысты жүргізілгенін түсіндірді.

«Біз жаңа маусымның тұсаукесер рәсімін өткізгелі отырмыз. Сіздердің барлықтарыңызға «Qazcontent» компаниясы таныс. Бірақ, басым бөлігіміз оған тек негізгі 8 интернет ресурс қана кіретінін білеміз. Әлем өзгеруде. Сіздер де байқаған шығарсыздар, қазнет те өзгеруде. Сондықтан біз де көштен қалмас үшін өзгеруіміз қажет. Қазіргі таңда елімізде кең ауқымды жаңғырту жүргізілуде. Бізде қазіргі таңда қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасы қолға алынды», - деді төраға.

Кейін Евгений Кочетов «Qazcontent» АҚ-ның логотипі өзгергенін айтты. Енді компания атауы «Qazcontent» деп жазылатын болды.

Кәсіпорын қазақ контентін дамытуда және қазақ оқырмандарының сұранысын қанағаттандыру бағытында үлкен жұмыстар атқарып келеді. «Qazcontent» құрамындағы сайттардың оқырманы тек Қазақстан ғана емес, шетелдерде де бар. Әсіресе, шетелдерде тұратын қазақ диаспораларына соңғы ақпараттарды тарату, елдің саяси-экономикалық өмірінен құлағдар ету, әртүрлі оқиғалардан үздіксіз хабар беріп отырудың орны ерекше.

Бүгін «Qazcontent» АҚ сайттары жаңа форматта жұмыс істейтін жаңа интернет-маусымды ашты. Таныстырылған әр сайттың жұмыс істеу форматтары өзгерген, жаңа жобалар мен айдарлар, тіпті, кейбір сайттардың қосымша беттеріне дейін жаңарып қосылған. Осы орайда Евгений Кочетов жаңа маусымдағы маңызды жобаларға тоқталды.

«Жаңа маусымда «Qazcontent» көптеген жобаларымен таңғалдыратын болады. Әрбір порталда өзінің жеке жобасы таныстырылмақ. Барлығына тоқталмай-ақ қояйын. Тек маңызды жобаларды атап өтейін. «Е-History» порталында «Қиырдағы қазақтар» деректі фильмін қолға алдық. Фильм 8 елде түсіріледі. Жалпы деректі фильм 8 сериялы. Онда шетелдегі қазақтардың тұрмыс-салты көрсетіледі. Сонымен қатар, тағы бір қызықты жобаның бірі – «Форум BNews». Мұнда өзекті тақырыптарда спикерлер өз пікірлерін білдіре алады. «Әдебиет» порталындағы «Ел болып, «Абай жолын» оқиық» мегажобасын жеке атап өткім келеді. Себебі, биыл «Абай жолы» романының 1-томының шыққанына 75 жыл әрі жазушы Мұхтар Әуезовтың туғанына 125 жыл. Сондықтан біз тәуелсіз Қазақстан тарихында үлкен марафонды қолға алуды жөн көрдік», - деді ол.

Сонымен қатар төраға алдағы жылы «Qazcontent» базасында жаңа «QazContent channel» онлайн-телеарнасы өз жұмысын бастайтынын атап өтті.

«2018 жылы бізде жаңа онлайн телеарна өз жұмысын бастайды. Қазіргі таңда дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Біз «Atameken Business channel» және т.б. телеарналарды білеміз. «QazContent channel» қоғамдық-саяси форматта жұмыс істейді», - деді басшы.

Сонымен қатар «Qazcontent» АҚ жаңа маусымда компания құрамына кіретін бірқатар интернет ресурстар оқырмандарға төмендегі жаңа жобаларды ұсынады:

1. «Strategy2050.kz» АА - «Стратегия» пікірталас алаңы және «Президент тапсырмасы» бөлімдерімен толықты;
2. Baq.kz - ақпараттарды лонгрид форматында жеткізетін болады;
3. «Әдебиет порталы» үш ірі жобаны қолға алды. «Ел болып, «Абай жолын» оқиық!» мегажобасы, «Мен – ақынмын!» және «Қазақстан халқы ертегілері» жобалары.
4. EL.KZ порталы «Хан Академиясы» порталындағы танымдық материалдарды қазақ тіліне аударып, дайындауда.

ФОТО: Абзал Қалиев

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер