BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 340.27 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 396.31 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.39
Астана:

Прокурор Мұратхан Тоқмәдидi 12 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады

Таразда Тұран Әлем Банкiнiң бұрынғы төрағасы Ержан Тәтiшевтi өлтiрдi деп айыпталып отырған бизнесмен Мұратхан Тоқмәди iсiне қатысты сот жарыссөзi өтіп жатыр. Прокурор Iлияс Есқалиев Тоқмәдиге жасаған қылмысы үшiн 12 жылға бас бостандығынан айыру жазасын сұрады, деп хабарлайды Baq.kz тiлшiсi.

Мұратхан Тоқмәдиге 1997 жылғы редакциядағы ҚР ҚК 96-бабы 2-бөлімі «ж», «з» тармақтарында (адамдар тобы, алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған, пайда табу мақсатымен, сол сияқты жалданып не қарақшылықпен, бопсалаумен не бандитизммен адам өлтіру) қарастырылған қылмыстар жасады деген айып тағылып отыр.

Сот отырысында прокурорлар - Асхат Нұрлыбаев пен Iлияс Есқалиев Мұратхан Тоқмәдидiң кiнәсiн дәлелдейтiн айғақтарды келтiрдi.

«Мұратхан Тоқмәдидi тағылып отырған айыптар бойынша кiнәлi деп тану үшiн сот процесi кезiнде жеткiлiктi дәлелдер келтiрiлдi деп ойлаймыз. Себебi, қылмыс жасаған тұлғаның кiнәсi дәлелдендi. Ол қылмысты қасақана жасады. Тоқмәди кiнәсiн мойындап, жасаған iсiне өкiндi. Қылмыстық жауапкершiлiктi жеңiлдететiн жағдайлар ретiнде айыпталушының кiшкентай балаларының бар болуын, қылмысын мойындап, өкiнуiн, қылмысқа қатысы бар басқа азаматтарды анықтауға, қылмыстық құқық бұзушылықты ашуға белсендi ықпал етуiн және оның оң сипаттамасын қарастыруға болады. Тоқмәдидiң кiнәсiн ауырлататын жағдайлар жоқ. (...) Құрметтi сот, Мұратхан Тоқмәдидi жалпы 12 жылға бас бостандығынан айыруды сұраймын», - дедi прокурор Есқалиев.

Атап өтсек, сот жарыссөзi барысында мемлекеттiк айыптаушылар Тоқмәдидiң қатысуымен түсiрiлген тергеу экспериментiн, айыпталушы мен куәгерлер жауаптары жазылған видеоны дәлел ретiнде қолданды.
Сот жарыссөзiнiң соңында Мұратхан Тоқмәдиге қатысты сот үкiмi 16 наурыз күнi сағат 12:00-де шығатыны белгiлi болды. Сот процесi Жамбыл облысы бойынша қылмыстық iстер жөнiндегi мамандандырылған ауданаралық сотта өтiп жатыр. Процеске судья Азамат Тілепов төрағалық етуде.

Жалпы, 16 ақпанда басталған сот процесiнде барлығы 130 куәгердiң берген жауабы мен 79 том қылмыстық iс материалдары қаралды. Осылайша, 14 жыл бұрынғы қылмыс қайта тексерiлуде. Ал, 11 жыл бұрын бизнесмен Тоқмәди дәл осы қылмысы үшiн жазадан сытылып кеткен болатын. Сол кезде қылмыс абайсызда жасалды делiнiп, Мұратхан Тоқмәди Тараз қалалық сотының 2007 жылғы 3 қыркүйектегi үкiмiмен бiр жылға бас бостандығынан айырылып, рақымшылықпен жазадан босатылды. Бұл iс бойынша тергеу амалдары мен соттар 3 жылға созылған едi.

2017 жылғы 12 маусымда Алматыдағы арнайы операция барысында «ҚазСтройСтекло» ЖШС бас директорының кеңесшiсi Мұратхан Тоқмәди ұсталды. Бизнесмен «Iрi көлемдегi мүлiкке ие болу мақсатында бопсалау» бабы бойынша қылмыс жасады деген күдiкпен құрықталып, үш жылға бас бостандығынан айырылды. 2017 жылғы қазанда КТК арнасынан көрсетiлген фильмде Тоқмәди Ержан Тәтiшевтi өлтiргенiн мойындап, банкирдiң көзiн Мұхтар Әбләзовтiң тапсырысымен жойғанын айтты. Бұл факт бұған дейiн жүргiзiлген тергеу барысында да анықталып, iс қайта қозғалған едi. Сондай-ақ, Әбләзовтен Тәтiшевтi өлтiру үшiн 2 траншпен 4 млн доллар көлемiнде сыйақы алғанын да жасырмады. Осылайша, Мұхтар Әбләзов Ержан Тәтiшевтiң өлiмiнен кейiн Тұран Әлем Банкiнiң басшылығына келген. 2018 жылғы 16 ақпанда Жамбыл облыстық сотында Тоқмәдиден жауап алынып, ол осы айтқандарын растады.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер