USD 335.71 EUR 357.36 RUB 5.23
Астана:

Оңтүстікте қатерлі ісікке шалдыққан жандар қоңызды тірідей жұтып жатыр

Еліміздің оңтүстігінде қатерлі ісіктен «Знахарь» атты қоңызды тірідей жұту арқылы емделетіндер көбейген. Жұрт аузында «Қытайдан әкелінеді екен» делінетін бұл қоңыз Қазақстанның да әр қаласынан табылады. Ел ішінде ол жайлы: «Суға қосып, тірідей жұтса, 70 түрлі ауруға ем болады. Тіпті қатерлі ісік (рак) клеткаларын да жойып жібереді», – деген әңгіме бар. Біте сияқты бұл майда «жыбырлауықтардың» кішкентай қорапшасы 8 мың теңгеден сатылып жатқанын да естиміз. Ал осы қоңыздың қатерлі ісікке ем болатыны рас па? Бұл жайлы мамандар не дейді? Осы сұрақтарға «Замана» газетінің тілшісі жауап іздей отырып, біраз жайға қаныққан екен.

Жәндік жұтқандар не дейді?

«Знахарьды» әлеуметтік желі арқылы саудалаушылар: «Бұл қоңыздың қадірін Қытай, Мысыр, Колумбия, Латын Америкасы жақсы біледі. Аргентиналықтар оны 1991 жылдан бері қолданады. Онымен 70-ке жуық ауруды емдеуге болады. Мұны медицина мамандары да мойындап отыр. Әлемде әлі емі табылмаған Паркинсон, Даун, СПИД, қант диабеті, рак, псориаз ауруларынан құлан-таза жазылып кеткен адамдар бар. Стақандағы суға салып ішсе болды, 10-15 күнде-ақ нәтижесі білінеді.

«Знахарь» қоңызын суға салып, тірі­дей жұту керек. Асқазанға түскен соң ол өзінен биологиялық белсенді заттар бөледі. Оның қабығындағы хитозан қан түйіршіктерін жаңартады. Сол арқылы иммунитетті көтереді, ағзаны жасартады. Барлық зиянды қалдықтарды жо­йып, әрбір клетканы, жасушаны жандандырып, анадан жаңа туғандай етеді. Өзі ішек арқылы сыртқа шығып кетеді», – дейді.

Олардың айтуынша, бір стақан суға әлгі жәндіктің бір данасын салып, оны сумен қоса тірідей жұтып жіберу керек екен. Осылай әр күні біреуге көбейте отырып, 70 данаға жеткізсе, адам ауру атаулыны ұмытатын көрінеді. Сатушылар осылай мақтауын келістір­генмен, тап осы қоңыздың арқасында құлан-таза жазылып кеттім деген адам жоқ. Ал он екі күнде 78 қоңыз жұтып көрген тараздық Айдарбек Рымғалиев былай дейді:

«Өскеменде миында ісігі бар әскери жігіт 10 күн бойы 70 данадан жұтып жүріп, жазылып кетіпті дегенді естіген соң әріптесім бір қорабын алыпты. Банан, алманың қабығы, нан қоқымын тастап қойса өзі жеп, өзі көбейе береді екен. Жартысын маған берді. Суға салып, күн сайын біреуге көбейтіп, он екі күн іштім, басымның ауырғаны да, белімнің сыздайтыны да, тіземнің қақсайтыны да басылған жоқ. Қан қысымым жиі көте­рілетін, оған да әсер етпеді. Не пайдасын, не кері әсерін сезінбедім. Әріптесім де солай деген соң тастай салдық».

Дәрігерлерден мардымды жауап жоқ

Осындай ойды он шақты адамнан естіген соң дәрігерлердің пікірін білгіміз келген. Адам ағзасы – паразиттердің тіршілік етуіне қолайлы орта. Сондықтан қанда, бауырда, өтте, өкпеде, ішекте, тіпті тері астында түрлі құрттар тіршілік ете алады және олар ауру тудыруға қабілетті. Керемет ем деп сатылып жатқан «Знахарь» да ағзада тіршілігін жалғастырып, көбеюі мүмкін бе? Бұл қоңыздың денсаулыққа зияны жоқ па? Ем екені рас па? Бұл сұрақтарды біз гастроэнтеролог, терапевт, эндокринолог дәрі­гер­лерге қойған едік.

Сұрақтың төркінін түсін­геннен олар бұл жайында ештеңе білмейтінін, естіме­генін айтты. Онколог-дәрігер болса: «Естіп жүрмін, бірақ ешқандай пікір айта алмаймын. Бұл сұраққа жа­уап бермей-ақ қояйыншы, дипломым мен сертификатымнан айырылатын жа­йым жоқ. Қаласа ішсін, қаламағандарды ешкім қинамайды», – деп басын ала қашты.

Мамандар мәселеге сын көзбен қарайды

Осындай зерт­теуді «Комсомольская правда» газетінің тілшілері де жүргізген екен. Ресейлік ғалымдар мұндай қоңыздың емдік қасиетіне күмән келтіріпті.

«Мен мұны ойдан шығарылған аңыз арқылы біреудің қайғысын ақшаға айналдыратын алаяқтық деп санаймын. Зерттеуден өтпеген, емдік қасиеті анықталмаған, қандай да бір тексеруден өтпеген қоңыз қатерлі дерттерден құлан-таза құтқарды деуге сену қиын», – депті иммунология профессоры Юрий Смолкин.

Семен Кустов деген биология ғы­лымдарының кандидаты: «Жұрттың «Знахарь» деп әспеттеп жүргені кәдімгі қаратүс қоңыз (чернотелка). Еуропада оның 150 түрі бар. Оның титтей болса да емдік қасиеті бар деген қауесетке сену – надандық. Одан бөлі­нетін ферменттер асқазан сөлімен араласқанда түгел жойылып кетеді, қайта ағзадағы ақуызды ыдыратады. Қанаты мен аяқтары қат­ты, сондықтан өңеш пен асқазанның нәзік те жұқа қа­бығын зақымдауы мүмкін. Жұрт оны жапа-тармағай сатып алып жатқанын көргенде кәдімгідей көңілім құлазиды», – деген.

«Оны терітесер деп те атайды. Одан бөлінетін ақуыз адам ағзасына жат, ол асқазанның шырышты қабатын күйдіреді. Енді бір сәтте он немесе одан да көп қоңыз жұтқан адамның асқазанында не болатынын елестетіп көрі­ңізші! Оның зардабы мұнымен тоқтамайды, басқа органдарды да бүл­діреді. Ал аллергия, астмасы бар адамдар үшін ол тіпті де қауіпті, өлімге душар етуі мүмкін. Қазір ол қатерлі ісікке шалдыққан адамдар үшін жалғыз құтқарушы ретінде насихатталып жатыр. Осы жердегі сауатты қулыққа назар аударыңыз: науқастың диагнозы онсыз да мәз емес, медициналық кітапшасында қоңыз жегені жазылмайды. Яғни жан­тәсілім етсе аурудың асқынуынан, зардабынан деп көрсетіледі. Ал ажал аурудан емес, терітесер салдарынан болғанын ешкім анықтамайды да, дәлелдей де алмайды.

Шығыс медицинасында терітесерді кейбір дәрі құрамына қосатыны рас. Онда да 150 түрінің тек біреуі ғана кеп­ті­ріліп, ұнтақталған, өте аз мөлшерде ғана. Қоңыздың қатерлі ісік­тен бас­тап 70 түрлі ауруға ем екені рас болса, құрт-құмыр­с­қаны пісіріп те, шикілей де жеп жүрген қытайлықтар неге бұл аурумен ауырады? Бұл «жаңалықты» кім шығарып жүргені белгісіз және мұндайға сену күлкілі», – дейді Шығыс медицинасы орталығының бас маманы, рефлексотерапевт Раиса Чепелкина.

...Міне, бүгінде жарнамасы мен саудасы дүрілдеп тұрған «Знахарь» қоңызы туралы мамандар пікірі осындай. Дегенмен оны қиналған жанына дәру іздегендер тыңдай қояр ма екен? Ал біз әзірге бұл жәндікті дертке дауа немесе ағзаға зиянды деп те айта алмаймыз. Бірақ осы мақаланы оқығандар өздері­не қажетті ой түйеді деп сенеміз.

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер1
Замзагуль
Адамдар күнен күнге надан, сауатсыз болып бара жатыр ма... Не сұмдық, қоңыз жеген несі...

Сіздің пікіріңіздің модерациядан кейін жарияланады