BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 364.95 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 416.99 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.55
Астана:

Оңтүстік Кореяда заңсыз жұмыс істеп жүрген қазақстандықтар не дейді?

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстан үкіметі Оңтүстік Корея республикасымен еңбек көші-қонын реттейтін жаңа келісімге қол қоюды жоспарлап отыр. Бұл туралы Qazaqstan телеарнасының жаңалықтар қызметі хабарлайды.

Телеарна таратқан мәліметке сәйкес, қазіргі таңдаң Оңтүстік Кореяда заңсыз жұмыс істеп жүрген қазақстандықтардың басым бөлігі - 20 – 29 жас аралығындағы отбасын құрмаған азаматтар.

Телеарна тілшісі аталған елде заңсыз жұмыс істеп жүрген қазақстандықтармен тілдесіп, олардың корей тілін білмейтінін, Қазақстанда бірнеше рет несие алғанын, олардың тек орта білімі ғана бар екенін білген.

Шекара асқан қандастарымыздың бір тобы Сеул маңындағы құрылыстардың бірінде жұмыс істейді екен. Олардың Кореяда заңсыз жүргеніне бір жылға жуықтаған. Барлығы Түркістан облысының тумалары. Ондағы мақсаттары ақша тауып, несиелерін жабу, елден жер алып, кішкентай болса да үй салу.

Ержан есімді жігіт мұнда қазақстандықтардың өте көп екенін айтады. Ол қиындықтар бар екенін де жасырған жоқ.

«Жігітпіз ғой, қиындыққа шыдармыз. Басымда екі кредит бар. Сол екі кредитті жауып, баспаналы болсам деген арманым бар. Мен мұнда досым арқылы келдім. Корейлер – өте еңбекқор. Сондықтан, жұмысты жақсы істеу керек. Әрине, оңай жолмен ақша таба алмайсың, еңбектену керек. «Жасыл дәліз» режимі біткенше елге қайтпақ ойым бар. Мұнда келетін жігіттерге тәуекел етпеген дұрыс деп ойлаймын. Өйткені, осы жаққа келген адам жоқ дегенде алты айдан бір жылға келсе ғана пайда табады. Келе салып, «ақшаны күреп табамын» деген ой бос әурешілік», - дейді Ержан.

Сондай-ақ заңсыз жұмыс істеп жүрген тағы бір қазақстандық Дастан. Ол - Алматы қаласының тумасы. Қазір жұмыс таппай қиналып жүр. Төленбеген несиесі де бар. Кореядан көп табыс таба алмаған. Корей тілін білмей қатты қиналған. Тіпті, бірнеше ай жұмыссыз жатыпты. Оның ендігі арманы тезірек ақша тауып, елге қайту.

«Басқаларға еріп мен де келдім. Қазір жасаған қадамым дұрыс па, бұрыс па деп ойланып жатырмын. Жасыл дәліздің бітуіне дейін ақша жинап, қайтуға тырысамын», - деді Дастан.

Ал Корей Республикасындағы Қазақстан елшілігінің консулдық мәселелер жөніндегі кеңесшісі Ғабиден Темірбеков отандастарымыздың шекарадан өту үшін түрлі айла-әрекетке баратынын ашық айтты.

«Қазақстан құрамасының киімін киіп, сөмкелерін алып, Кореяда қандай спорттық шара өтетінін алдын ала біліп алады. Жаттықтырушы, спортшы болып өтіп жатқандар да бар», - дейді ол.

Айта кетейік, қазіргі таңда Кореяда заңсыз жұмыс істеп жүрген шетелдік азаматардың саны 330 мыңнан асқан. Оның - 12 мыңы қазақстандықтар. Сондай-ақ осы жылдың 10 айында 5 мың қазақстандық визасыз режимге қарамастан Сеул әуежайынан елге кері қайтарылған. Себебі, олар Корей иммиграция қызметіне өздерінің аталған мемлекетке не үшін келгенін түсіндіре алмаған.

Осыған дейін Оңтүстік Кореяда заңсыз жүрген азаматтарға 6,5 млн теңге көлемінде айыппұл салынатынын, әрі биыл 4 қазақстандықтың аталған елде қаза тапқанын хабарлағанбыз.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер