USD 335.71 EUR 357.36 RUB 5.23
Астана:

Негізі, әкім болу әйелдің емес, ердің ісі – әкім әйел Эксклюзив

Фото: автордікі

Қазірде әйел заты үйдің де, түздің де жұмысын қатар алып жүруге қауқарлы. Соның бірі Қарағандының облыс орталығынан шалғайда орналасқан Қызыларай ауылының әкімі Шекер Төлепбекова. Жақында тек әкім ғана емес, 4 баланың анасы, үлкен әулеттің келіні болып отырған Шекер Мәдениетқызымен Baq.kz тілшісі әңгімелесіп қайтқан болатын.

- Қызыларай селолық округінің әкімі болғаныңызға бір жыл болыпты. Әкім әйел деген атқа қалай ие болдыңыз?

- Қазан айында Қызыларай селолық округінің әкімі болып сайланғаныма 1 жыл толды. Бұған дейін 9 айдай әкімнің міндетін атқарушы болып жұмыс істедім. Осы 9 айда ауылымыздан шыққан талай азаматқа «әкім болыңызшы» деп өтініш жасадым. Ешкім келіспеді. Содан кейін, сол уақыттағы Ақтоғай ауданының әкімі Ниқанбай Омархановтың ұсынысымен әкімдік қызметке кірістім. Бұған дейін 6 жылдай әкімшілікте бухгалтер, бас маман қызметтерін атқардым. Мемлекетік қызмет саласындағы жинақтаған тәжірибемнің арқасында әрі ауыл тұрғындарының мінез-құлқын, менталитетін жақсы білгендіктен әкім болуға келісім бердім.

- Отбасы мен жұмысты қатар алып жүру қиын емес пе? Қалай дегенмен, 4 баланың анасысыз. Ата-енеңізге де келіндік қызмет жасауыңыз керек дегендей.

- Үйден гөрі түзде көп жүретінім рас. Екі күннің бірінде аудан орталығына барып тұру керек болады. Міне, осындай іс-сапарлармен сыртта жүргенде балаларға ата-енем мен әке-шешем қарайды. Егер жолдасым қолдау білдірмесе, ата-енем қарсы болса, туғандарым көмектеспесе, әкім болмас та едім. Мен, тіпті, балаларым дүниеге келгеннен кейін де басқа әйелдер сияқты үш жыл декреттік демалыста отырып көрмеппін, үш айдан кейін жұмысқа шығып кетемін. Балалар да үйреніп қалған. Мені іздеп, жылап жатқандарын көрмеппін.

- 33-ке жақында ғана толыпсыз. Қарамағыңыздағы қызметкерлер, жалпы ауылыңыздың тұрғындары жас деп «басынатын» кездері болмай ма? Ауылға қатысты маңызды шешімдерді қабылдағанда қиналмайсыз ба?

- Мен Қызыларайда туып-өстім. Жолдасым да осы ауылдікі. Былайша айтқанда, қайын жұртымның да, төркін жұртымның да қолдауындамын (күлді). Шындығында ауыл тұрғындарының әрқайсысының мінезімен жақсы таныспын. Кейде ұсақ-түйек нәрсеге бола қатты ашуланып, шағым айтып келген үлкендерді есіктің сыртынан күтіп алып, құшақтап, еркелеп дегендей ашуларын басуға тырысамын. Ал кейбір шаруалар уақытында атқарылмай жатса, немесе кем-кетік кеткен жерлері болса қарамағымдағы қызметкерлерге ашумен ұрсып та алуым мүмкін. Ал ауылға қатысты маңызды шешімдері «Ақсақалдар алқасымен», «Қоғамдың кеңеспен» біріге отырып шешеміз.

- Жұмыс барасында қандай қиындықтар болды?

- Қызыларайда алдыңғы жылы қыс қатты болып, қар көп түсті. Көктемде сай-сайдан аққан қызыл су апатты жағдай туғызған болатын. Сол кезде ауыл біраз қиындық көрді. Ауыл шетіндегі өзенде ойнап жүрген екі бүлдіршін мұз ойылып, абайсызда суға түсіп кетіп, қаза болды. Сол балалардың мәйітін Балқаш қаласынан арнайы техника мен мамандар шақыртып үш күннен кейін әзер таптық. Сол үш күнде ауыл азаматтары бір адамдай аяқтарынан тік тұрды. Мен ол кезде әкімнің міндетін атқарушы болып қызмет істейтін едім. Ауыл адамдарымен аяғыма резеңке етік киіп мен де жүрдім. Таң ата салысымен өзенге барып, балалардың мәйіті табылып қалар деп екі көзім төрт болатын. Кеш батса, үйге аяғым баспайтын. Балалар табылғанша телміріп өзенге қарадым да жүрдім.

Ауылымыз таудың ортасында орналасқандықтан, қар көп түседі. Былтырғы жылы да боранды, қарлы қыс болды. Жол жабылып, аудан орталығымен қатынасу қиынға түсті. «Жолға шықпа» деген ескертуге қарамастан жолаушылап кеткен тұрғындар қар құрсауында қалып, оларды, тіпті, атпен іздеуге тура келді. Осыған байланысты аудан әкімінен көп сөз естідім. «Адам шығыны болса не істейсің, неге тұрғындарға түсіндірмейсің. Егер түсінбесе, ауылдан шығар жолға барып көлденеңінен жатып ал. Бірақ адамдарды ауылдан шығарушы болма!», - деп ұрсатын сол кездегі аудан әкімі Ниқанбай аға. Осындай уақыттарда, әрине, әйел адамның әкім болғаны қиын деген ойға келемін.

- Билікте әйелдің құқығы шектеулі деп жатады. Жалпы, Сіз әйел адам ретінде қандай да бір шектеу байқадыңыз ба?

- Елбасының жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасындағы гендерлік теңдік стратегиясы бар. Осыдан болар, әкімдік қызметінде мені әйел адам ретінде алалаған емес. Тіпті, облыс, аудан әкімдігіндегілер менің әйел екенімді ұмытып кететін сияқты. Әйелсің деп босаңсуға мүмкіндік бермейді.

Ал ауылдық жердің әкімі ретінде бірқатар шектеулерге тап болып жататыным жасырын емес. Шындығында, ауыл әкімінің қолында қазір ештеңе де жоқ деп айтуға болады. Тіпті, ауылдық әкімшіліктің жекелеген бюджеті де жоқ. Қоржынында қаржысы жоқ әкімдер қандай да бір мәселені шешуге қауқарсыз, халық алдында мәртебесі де төмен. Елді мекеннің тазалығын, көшелердің жарықтандырылуын, абаттандырылуын қадағалап, шағын шаруа қожалықтарының дамуына ықпал ету сияқты жұмыстарды өздігіңше атқарғың келеді. Алайда, қаржының жоқтығы қол байлау болады.

- Ауыл әкімдері төрт жылда бір сайлауға түседі екен. Келесі сайлауда өз кандидатураңызды ұсынасыз ба?

- Негізі әкім болу әйелдің емес, ер адамның ісі. Себебі, күні бойы жұмыста боласың, үйге келген соң, отбасың бар, бала-шағаң бар дегендей, оларға жағдай жасау керек. Әйелдің үйдегі тірлігі белгілі ғой. Оның үстіне, бір уақ өзіңе қарауың керек. Туған-туыс бар. Қара шаңырақ болған соң келімді-кетімді кісі де көп.Мұның бәрі қосымша күш пен уақытты талап етеді. Ал ер адамдарға оңайлау, әрине, киімі үтіктеулі, тамағы дайын, үй жинаулы деген сияқты. Сондықтан да, егер ауылыма шынымен жаны ашитын, халық қуанса, бірге қуанып, қайғырса, бірге қайғыратын ер азамат болса, менің әкімдікке таласып нем бар. Тағы да қайталап айтқым келеді, егер жұбайым қолдамаса, көмектеспесе, әкім болуға келіспес те едім.

- Ауыл тұрғындары Сіз жайлы тек жақсы пікірде екен. Осы жайлы не айтасыз?

- Жоғарыда айтып өткендей, бүлдіршіндердің өлімі, қыстағы жол қиындығы, жаз басталса өрт. Осының барлығы, айналып келгенде, мені шыңдай түсті. Атқарған азды-көпті жұмысымның нәтижесі болса, ол, бірінші кезекте, халықтың көмегі мен жақсы ниетінде. Дегенмен, тау қопарып, қыруар іс тындырған жоқпын деп ойлаймын. Ауылымызда шешімін таппай жүрген мәселелер бар. Мысалы, әлі де болса ұялы байланыс қойылмаған. Осы проблеманы шешу үшін күш салып жатырмын. Сондай-ақ, келесі жылы ауылымыздың 90 жылдық мерейтойын дүркіретіп атап өтпекпіз. Дайындықты бастап та кеттік. Атқарылған істердің бағасын халық бере жатар деп ойлаймын.

- Сұхбатыңызға рахмет! Бойыңызға күш-қуат, ісіңізге сәттілік тілейміз!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер0

Сіздің пікіріңіздің модерациядан кейін жарияланады