BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 352.54 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 415.15 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.31
Астана:

Назарбаевтың әйгілі фотосының авторы: «Елбасы» жаныма жақын сөзге айналды 

Астанада өтіп жатқан ІІ PHOTOfest.KZ халықаралық фотофестиваліне бірнеше елдің фотографтары келді. Солардың ішінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ерекше суретін түсіріп, танымалдылыққа ие болған Армения Президентінің жеке фотографы Давид Акопянды Bnews.kz тілшісі сөзге тартты.

- Давид, Назарбаевтың фотосын дәл осылай етіп қалай түсіре алдыңыз?

- Ең алдымен президентім Серж Азатовичті түсірмек болдым. Мемлекет басшыларының кездесуі тар форматта өтті. Біз оларды үлкен залда күтіп отырдық. Күзетшілер әрі-бері жүрген кезде жарықты байқадым да алға жақындап, президентімді түсіремін деп ойладым. Ең бірінші Нұрсұлтан Назарбаев кіріп келді. Сол күні әдеттегідей көп фото түсірдім. Жақсы кадр шығатынына күдіктенбедім де.

- Неліктен дәл осы фото үлкен танымалдылыққа ие болды? Бұл кадрдан қандай да бір мағына табуға бола ма?

- Негізінде көп нәрсе табуға болады. Саяси тұсы да бар: басқа елдердің президенттері фотоның артқы жағында, ал олардың арасында Нұрсұлтан Назарбаев ерекшеленіп тұр. Бұл Қазақстан президентінің посткеңестік кеңістіктегі рөлі мен абыройын көрсетеді.

- Сіздің фотоларыңыз осылай жиі назарға іліге ме?

- Арменияда да көп кадр түсірдім. Серж Саргсянның Рим Папасымен бірге фотосын көп адам көрді. Шынымды айтсам, бүгінде Назарбаевтың фотосы үлкен назарға іліккен жалғыз фотом болып отыр. Мен таңқалдым. Таңертең оянғанымда телефоным қоңыраулар мен хабарламалардан атылайын деп жатты. Facebook-та мыңнан астам қазақ достасуға өтінім жіберіпті. Сол сәттен қазақтармен достығым басталды. Жеке басыма бұл күтпеген жағдай болды. Көптеген пікір оқыдым. Қазақтар рахметін айтты. Барлығы «Елбасы» деп жазды. Ал мен бұл сөздің мағынасын білген де жоқпын, бірақ қазір осы фотомен байланысты жақын сөзге айналды.

- Назарбаевтың фотосуретінің алдағы тағдыры қандай?

- Интернетте ашық жатыр. Астанадан бизнесмендер хабарласып, жаңа қонақ үйдің дизайнына қосқысы келетіндерін айтты. Президент нөміріне болмаса лоббиге қоямыз деді. Содан кейін олар жоқ болып кетті. Негізінде әр ай сайын осы жөнінде маған хабарласады.

- Астанада өтетін фотофестивальге қатысасыз ба?

- Иә, мені Астана күніне орай өтетін шараға қатысуға шақырды. Бірнеше елден келген 17 фотограф Астана туралы фотолар түсірдік. Мен дін тақырыбын таңдадым. Қазақстанда әртүрлі дін өкілдері бейбіт, достықта өмір сүреді, соны көрсеткім келді.

- Қазақстандықтармен сөйлескенде қандай әсер қалдырды?

- Жағымды. Фотодан кейін қазақтарды өзім үшін аша бастадым. Олар өте мійірімді адамдар.

- Астанада сізді біле ме?

- Мешіт пен музейде екі адам жаныма келді.

- Әрдайым фотограф болуды қаладыңыз ба?

- Иә, көп саяхаттағым келді және бұл мақсатым орындалды. 24 жасымнан бастап жұмыс істеймін. Мұны жұмыс деп айтуға болмайды, өмір сүру салты секілді. Себебі мен мұны махаббатпен істеймін. Бұл маңызды. Сонымен бірге осы арқылы ақша таба да білуің керек.

- Президенттерді әртүрлі ракурстан түсіру нені көрсетеді?

- Саясаткердің өзіне де көп нәрсе тәуелді. Мысалы Серж Саргсян фотоға түсуді қатты ұнатпайды. Мен АҚШ-тың экс-президенті Барак Обаманың фотографы Пит Соузды үнемі үлгі ретінде айтамын. Ол мен үшін ең үздік, бірақ оған президенті де әсер етеді. Обама жиын кезінде столға аяғын қойып, өзін еркін ұстайды, онымен оңай жұмыс істей аласың. Ал ол басқа президентпен жұмыс істегенде дәл сондай қызық кадрлар түсіре алмауы мүмкін.

- Неліктен ТМД президенттері ашық емес? Мысалы Хорватия президенті Колинда Грабар-Китарович өте ашық және әлеуметтік желіге фотосуреттерін жиі жариялап тұрады.

- Посткеңестік елдердің менталитеті басқаша. Біздің шенеуніктер мұндайды қаламайды. Жаңа буын пайда болуы керек. Әлеуметтік желінің маңызды екенін тез түсінгендер де бар. Хорватия президентінің сырт келбетін бақылап отыра бергің келеді. Өзге ел, менталитеті де өзге. Әр нәрсенің өз уақыты бар.

- Сіздің жұмысыңызда ең қауіпті сәтті айта аласыз ба?

- Басыма бірден келе қоймайды. Армения мен Түркия арасындағы қатынас туралы білетін боларсыз. 2007 жыл фотоагенттікте жұмыс істедім. Сонда Армения президенті футбол матчна келді. Журналистермен бірге автобуспен стадионға баруымыз керек еді, ал автобуста армян туы тұр. Түркияда жанкүйерлер агрессияшыл. Стадионға келгенде олар армян туын көрді де автобусқа тас лақтыра бастады. Мазасындандық. Арнайы жасақ бізді шығарып алды.

- Осы сәтті фотоға түсіре алдыңыз ба?

- Алғашында иә, бірақ одан кейін түсірмедім. Себебі біздің фотоға түсіріп жатқанымызды көрген соң олар одан сайын агрессияға берілді.

- Мобилография кәсіби фотографияны алмастыра ала ма?

- Солай болуы мүмкін. Фотографтар бұған қызғана қарайды, бірақ бұл өмір шындығы. Қазір бәрі өзгерді. Техника дамып жатыр. Бүгінде техникаң мен объективіңнің қандай екені емес, жариялайтын фотоң бағаланады. Айфонмен де жақсы фото шығаруға болады.

- Фотографтардың табысы тұрақсыз ба?

- Әрқалай. Маусымға байланысты, той көп болса көп табасың. Тапсырыс мүлдем болмайтын айлар да болады. Сол сбеепті тұрақты жұмыс табуың керек.

- Той түсіруге сізді Қазақстанға шақырды ма?

- Қазақстаннан ұсыныстар көп түсті, бірақ әлі мұндай болмады. (Күлді) Мұндай сәтті неге пайдаланып көрмеске? Мені жақсы түсінетін шығарсыздар. Мүмкіндіктерді жіберіп алып өкінбес үшін қабілеттеріңді коммерциялай алуың керек. Негізінде тапсырыс берушіге жақсы бағаны айта білу де маңызды.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер