BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 375.9 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 423.56 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.55
Астана:

Мүгедектер арбасын жөндейтін мамандар оқытылды

Астана, BAQ.KZ. «ДОС» Тәуелсіз өмір» Орталығы LDS Charities халықаралық қайырымдылық ұйымымен бірлесіп «WAQYP» корпоративтік қайырымдылық қорының қолдауымен 16-18 қазан аралығында «Мүгедектігі бар азаматтардың өмір салтын жақсарту және мүгедектер арбасын жинау» тренингін өткізді.

Тренингке Астана, Орал, Қызылорда, Қарағанды және Павлодар қаласының мүгедектік ұйымдарының белсенділері қатысуда.

«WAQYP» корпоративтік қайырымдылық қорының өкілі Мадина Байматованың айтуынша, LDS Charities халықаралық қайырымдылық ұйымының мамандары мүгедектік арба қажет адамның өлшемдерін алатын клиницисттер мен арбаларды жинайтын, жөндейдін техниктерді дайындап жатқанына бүгін үшінші күн.

«Біз бұл тренигте не үшін клинцисттерді оқытып жатырмыз деген деген сұрақ туындауы мүмкін. Оқу аяқталғаннан кейін бізге келетін мүгедектерге қандай арба керектігін дұрыс өлшеп алатын осы клиницисттер болады. Мәселен, арбаны мемлекет тарапынан немесе қайырымдылық негізде берген кезде, оны алатын адамның өлшемдеріне мән берместен үлестіре салады. Ол дұрыс емес. Себебі, кейбір 10 жасар бала арық болады, ал кейбіреуі денелі болады. Сол уақытта арба оның өлшемдеріне сәйкес келмей, еркін қозғалуына қиындық туындатады. Арбаның қолайсыз болуы, адамның қауіпсіздігіне де кедергі. Сондықтан адамның өлшемдерін алу маңызды. Арба бірінші орында өлшем бойынша дұрыс келуі керек. Ал арнайы дайындықтан өткен техниктер клинцисттердің берген өлшемдері бойынша арбаларды жинап беретін болады», - дейді ол.

LDS Charities халықаралық қайырымдылық ұйымы қазақстандықтарға қайырымдылық негізде 343 мүгедектік арба беріп отыр. Ұйым өкілдерінің айтуынша, әр арбаның құны 500 АҚШ доллары тұрады.

«LDS Charities халықаралық қайырымдылық ұйымымен жұмыс істеп жатқанымызға 2 жылдай болып қалды. Олар бізге қайырымдылық негізде 350-ге жуық арба беріп, соны мұқтаж жандарға таратып беру туралы ұсыныстарын білдірген болатын. Онымен қоса 12 клинцист пен 6 техникті халықаралық стандарттарға сәйкес оқытып, мұқтаж жанға арбаны қалай таңдау керектігін де үйретіп жатыр. Енді осы арбаларды әр адамның мұқтаждығына, өмір сүру салты мен белсенділігіне қарай теңдей бөліп беру біздің ұйымға жүктелген үлкен аманат болып отыр. Бізге қолдау көрсеткен «WAQYP» корпоративтік қайырымдылық қоры. Оқытылып жатқан клинцисттердің қатарында Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Астана қаласы бойынша департаменті, Астана қаласының жұмыспен қамту, еңбек және әлеуметтік қорғау басқармасы, медициналық әлеуметтік сараптама мамандар да бар. Бұл курс Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының стандарттарына сәйкес өтіп жатыр, аяқталғаннан соң қатысушыларға ДДС ұйымының сертификаты беріледі. Бұл бізге үлкен мүмкіндік болып отыр», - деді Мүгедектер қоғамдық бірлестігі «ДОС» Тәуелсіз өмір» Орталығының атқарушы директоры Қарлығаш Тынабекова.

Оның айтуынша, бұл арбалар алдымен Қазақстан облыстары бойынша арбасы мүлдем жоқ, мұқтаж жандарға, одан кейін арбасы жарамсыз, тіпті жөндеуге келмейтін адамдарға, үшінші кезекте арбасы өзінің өлшемдері бойынша келмейтін адамдарға үлестіріледі.

«Біз 3 күн бойы мүмкіндігі шектеулі азамттарға арналған арбаларды құрастырып жатырмыз. Техник мамандарға арбаларды тек құрастырып қоймай, дұрыс өлшемдерін алып, бөлшектерін дұрыс орналастыруды үйреттік. Біз бұл мүгедектер арбасының барлығын Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің рұқсатымен Америкадан алып келдік. Мақсатымыз әлем бойынша адамдардың мобильділікке қол жеткізулеріне, кедергісіз қоғамда өмір сүрулеріне жағдай жасауға көмектесу» , - деді LDS Charities халықаралық қайырымдылық ұйымының өкілі Вильям Эйблс.

«Мен Қызылорда қаласынан келіп отырмын. Біз кәсіпкерлер палатасы мен Zhas Project бағдарламасынан грант ұтып алып, Қызылордадан «ИнваСТО» деген мүгедектер арбасын жөндейтін мекеме аштық. Елімізде мүгедектерге арналған арбаларға қызмет көрсететін орталықтар негізінен Астана, Алматы және Ақтөбеде ғана бар. Біз төртінші болып ашып жатырмыз. Бұл тренингке шетелдік мамандардың тәжірибесін үйрену үшін келдім» , - деді ІІІ топ мүгедегі Нұрсұлтан Тәжиев.

Оқу курсы толық аяқталғаннан кейін, «WAQYP» корпоративтік қайырымдылық қоры арбаларды Мүгедектер қоғамдық бірлестігі «ДОС» Тәуелсіз өмір» Орталығы ұсынған тізім бойынша Қазақстанның барлық облыстарына жеткізіп береді.

Айта кетерлігі, Қазақстан Республикасының көлемінде түрлі әлеуметтік жобаларды қолдаумен айналысатын «WAQYP» корпоративтік қайырымдылық қоры 2017 жылдың шілде айында Мемлекет басшысының тапсырмасымен құрылған.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер