BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 361.94 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 423.25 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.4
Астана:

Мемлекет инновациялық шағын кәсіпкерлікті дамытуға қаржы бөлмек

Фото: Сергей Барановский

Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік отандық инноваторлардың жобаларын бизнес-инкубаторларда дамуына жағдай жасамақ. Осы мақсатта елімізде алғаш рет бизнесті инкубациялауға қолдау көрсету бағдарламасы өз жұмысын бастады, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Аталған бағдарлама «Бизнестің жол картасы – 2020» аясында жұмыс істейді.

Яғни әлеуеті жоғары бизнес-инкубаторларды іріктеу байқаулық негізде мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдардың өкілдерінен, сыртқы тәуелсіз сарапшылардан тұратын комиссиямен жүзеге асырылады.

Байқауға қатысқысы келетін бизнес-инкубаторларға тиісті инфрақұрылымның болуы, 250 шаршы метрден кем емес ғимараттың болуы, бизнес жобаларды одан әрі дамуына ықпал ететін сарапшылардың болуы және келісім-шарт жасалғаннан кейін бизнес жобалардың 6 ай мерзімінде өзін-өзі қаржыландыра алу мүмкіндігінің болуы, әрі бизнес-инкубатордың стратегиялық жоспары болуы қажет деген талаптар қойылған.

Нәтижесінде конкурсқа 12 өтініш түскен. Комиссия 10 өтінішті қабылдаған.

«Арнайы комиссия 3 бизнес-инкубаторды таңдап алады. Олармен 3 жылға келісім шарт жасалады. Әрбір таңдалған бизнес-инкубаторға мемлекеттен ай сайын 6 млн теңге беріледі. Ол шығыстарды қаржыландыруға жұмсалады. Оның көлемі 50% аспауы шарт. Ал жалпы бизнес-инкубаторға 35 млн теңге бөлінеді. Кейін агенттік әрбір жылға талап қояды. Ол KPI-мен (жұмыс тиімділігі – автор) есептелінеді. Талап орындалмаса, келісім шарт бұзылып, игерілмеген қаржы мемлекетке қайтарылады», - деді ҚР Ұлттық экономика министрлігі Кәсіпкерлікті дамыту департаментінің директоры Шыңғыс Ахметов.

Оның айтуынша, бизнес инкубаторлардың ішінде дамитын жобаларға арнайы салалық шектеулер қойылмайды. Олар тиісті шешімді өздері қабылдайды. Мұндағы ең басты міндет бизнес-инкубатор нарыққа қажетті бизнес жобаларды пайда болуына ықпал етуі шарт.

Сонымен қатар Шыңғыс Ахметов бизнес инкубаторда «піскен» стартап жобалар алдағы жылы 50 млн теңге көлеміндегі арнайы грантқа ие болуға мүмкіндігі бар екенін атап өтті.

«Әрбір бизнес инкубаторлардағы әлеуеті жоғары стартап жобалар 50 млн теңге көлеміндегі мемлекеттік грант беріледі. Мұндай бағдарлама алғаш рет пилоттық режимде жүзеге асырылғалы отыр. Тиісті шешімді арнайы комиссия шығарады», - деді департамент директоры.

Байқауға қатысып жатқан BeInTech компаниясының негізін қалаушы Бағдат Мусин стартап жобалардың болашағы зор екенін атап өтті.

«BelnTech BI Group компаниясының негізінде құрылған. Сондай-ақ біз BelnTech Ventures атты бөлімді құрдық. Оның мақсаты – құрылыс индустриясы саласындағы мәселелерді шешу. Ал мұнда шешілмеген мәселе өте көп. Сондай-ақ 2020 жылы құрылыс саласындағы қаржы айналымы әлем бойынша 10 трлн долларды құрайды. Сондықтан стартап жобалар осы мақсатта жұмыс істейді. Қазіргі таңда 12-15 стартап жобаларды қолдап отырмыз. Ұнаған стартап жобаларға қаражатты бөлуге дайынбыз», - деді ол.

Осы орайда бизнесмен құрылыстағы стартап жобалар бойынша шетелде жұмыс істейтін арнайы өкілдік ашқанын қуанышпен жеткізді.

«АҚШ-та өз компаниямызды тіркеп, сол жақта өкілдігімізді аштық. Біз акселератор-инкубатор моделі бойынша АҚШ-та жұмыс істегелі отырған алғашқы қазақстандық компаниямыз. Мемлекеттің аталған саланы дамытқысы келетінін түсіндік. Егер үкімет бізге көмектессе, аталған саланы қуана-қуана дамытамыз», - деді Бағдат Мусин

Ал «Зымыран» бизнес-инкубаторының иесі, қарағандылық кәсіпкер Мәди Сатыбалдинов мемлекет шағын инновациялық кәсіпкерлікті жеке секторға беру қажет дейді. Оның пікірінше, бизнесмендер аталған саланың дамуына тікелей мүдделі.

«Себебі, мемлекет тарапынан университеттер мен квазимемлекеттік сектордағы компанияларға бизнесті дамыту үшін қомақты қаражат бөлінеді. Соған қарамастан ондағы стартап жобалар нәтиже бермейді. Оған көзіміз жетті. Жобалар даңғазалықпен ашылады да уақыт өте жабылып қалады. Бұл жерге ақша үшін келген жоқпыз. Бізге методологиялық жағынан көмек қажет», - деп түйіндеді сөзін бизнесмен.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер