USD 335.71 EUR 357.36 RUB 5.23
Астана:

Макс Боқаев маңызды куәгерден жауап алуға кедергі жасады

Бүгін №2 Атырау қалалық сотында биыл көктемде Атырауда «жер митингілерін» өткізген Макс Боқаев пен Талғат Аяновтың ісі бойынша басты сот отырысы одан әрі жалғасты. Бүгінгі отырыста оқиғаға қатысы бар куәгерлердің бірі – Тоқтар Төлешовтың қызметкері Нұрғали Досанбаевтан жауап алыну тиіс болатын. Дегенмен, М.Боқаев сот процесін үзу үшін ауырып тұрмын деп шу шығарғандықтан судья отырысты түстен кейінге қалдыру туралы шешім қабылдады.

Сот отырысының басында айыпталушылар М.Боқаев пен Т.Аяновтың қорғаушылары іс бойынша куәгерлер Атырау қалалық сотына келіп жауап берсін деген өтініш жасады. Бірақ, судья Г.Дәулешова куәгерлердің дәлелді себептері болғандықтан және осыған байланысты олар ресми өтініш жазғандықтан қорғаушылардың өтінішін қанағаттандырған жоқ.

Осыдан кейін қорғаушы тарап процеске толыққанды дайындалу үшін қосымша уақыт керек екендігін айтып қалды. Бәлкім, осы үшін уақытты созу, маңызды куәгерден жауап алу процесін үзу және сот отырысын кейінге қалдыру мақсатында болар, айыпталушы М.Боқаев бүкіл залға өзін нашар сезінетінін айтып, айғайға басты. Судья айыпталушының тағы да камераға ойнап, процесс жүргізуге кедергі келтіріп тұрғанын айтып, куәгерден жауап алғысы келіп еді, айыпталушы өтімде тас бар, ішім ауырып тұр деп қоймады. Бұдан кейін судья 10 минутқа үзіліс жариялап, жедел-жәрдем қызметі шақырылды. Дәрігер тексерістен кейін айыпталушыға екпе жасап, екі-үш сағат тыныққаннан кейін сот процесіне әрі қарай қатыса алады деген қорытындыға келді. Маман саусақпен ішін басып қана айыпталушыдан асқынған холецистит, панкереатит, жүйке синдромы мен өтте тастың жиналуы ауруларын анықтады. Дәрігер аурулардың туындауына жүйке жүйесінің әсері мол дейді.

Атап өтсек, бүгінгі сот отырысында «Сыра королінің» иелігінде болған «Дархан Group» ЖШС-нің бас директорының іс басқармасының бастығы қызметін атқарған Н.Досанбаевтың өзі жауап беруі керек. Ол Т.Аяновқа 100 мың АҚШ долларын жеткізу жұмысын ұйымдастырған болатын.

Еске сала кетсек, 2016 жылдың сәуір айында Т.Аянов пен М.Боқаев жер заңнамасына қоғамның қызығушылығы артқан сәтін пайдаланып, «жер мәселесі» бойынша қарсылық акцияларын ұйымдастырған. Сондай-ақ, олардың Жер кодексіне енгізілген түзетулерді алып тастауға қарсылық білдіру үшін жұртты 21 мамырда қарсылық акциясына шығуға шақырғандығы анықталды. М.Боқаев пен Т.Аяновтың ҚР Қылмыстық кодексінің үш бабы бойынша айыптар тағылуда. Атап айтсақ, олар: 174 баптың 2 тармағы, яғни, әлеуметтік және ұлттық алауыздық туғызуға бағытталған қасақана іс-әрекеттер жасау, азаматтардың ұлттық намысы мен қадір-қасиетіне тіл тигізу; 274 баптың 4 тармағы, яғни, қоғамдық тәртіпті бұзуға қауіп төндіретін көпе-көрінеу жалған ақпарат тарату; 400 бап, яғни, заңсыз шерулерді ұйымдастыру, өткізу және оған қатысу.

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер2
Сагида
меніңше бостан босқа дәрігер шақырту өзіне назар аудару және уақыт созу үшін істелінген сияқты, себебі дәрігер айтқан аурулар үш адамның екеуінде кездеседі емес пе
Жангельды
далага шыкканда журегы сау болган, казыр неге аурып жур, акшаны алганда да ештене аурган жок, ал казыр соттан не стегены билми турмын. Акша алуга шама болган, адамдарды алдап журып, быз отан ушын деп журды. кым осылай стиды? зан бойынша барын стесе бары жаксы болареды, бырак олардын маселеры баска болган.

Сіздің пікіріңіздің модерациядан кейін жарияланады