BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 361.94 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 423.25 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.4
Астана:

Қит етсе, «сотқа беремін» дейтін жағымсыз әдет әлі бар – Жоғарғы сот 

Фото: Нұржас Жақсыбай

Бұл жөнінде Жоғарғы сотта сот төрелігін жүзеге асырудың 2018 жылдың бірінші жартыжылдығындағы жұмыс қорытындысы бойынша республика судьяларының кеңейтілген жиын барысында ҚР Жоғарғы сотының төрағасы Жақып Асанов мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Мен қаңтар айында нақты фактілер мен аты-жөндерді атаймын деп уәде еткен болатынмын. Жоғарғы сот бұл істердің күшін жойды. Сондықтан, фактілерді ашып айтуға және судьялардың фамилияларын атауға толық құқығым бар. Регламент барлық мысалды атап өтуге мүмкіндік бермейді. Алайда, қателігі бетке көрініп тұрған жағдайларды атап өтпекпін. Міне, өздеріңіз тыңаңыздар. Алматыда компания 600 млн теңгеге мұнай сатады. Жеткізу уақыты 9 ай. Алайда, сатып алушы осы уақытты күтпестен, сотқа жүгініп, 600 млн теңгені қайтаруды және шығындарды өтеуді талап етеді. Бұл жерде шығын қайдан шығып отыр? Ал жағдайдың бар мәні осында болып отыр. Себебі, сарапшы табылып, 6 млн теңге көлемінде шығындарды есептеп берген. Ал Алматы соты бұл талаппен келісіп, сатып алушының арызын қанағаттандырады. Осы сияқты мысалдар өте көп. Соның тағы бірі – Ақмола облысында. Бір фирманың екінші фирманың алдында 10 млн теңге қарызы бар. Сот оны банкрот деп мойындайды. Алайда, әлгі фирманың миллиардатаған теңге тұратын активтері бар. Бұл әрекеттің мәні неде? Айлалы түрде фирманы банкрот деп тауып, оның активтерін – пайдалы қазба орындарын өзіне алу. Осылайша, соттарды басқаның бизнесін тартып алу үшін пайдаланып отыр», - дейді Жақып Асанов.

Сонымен қатар, ол Жамбыл аудандық сотының судьясы Үстелбаевтың мал бағушы Еркебаев деген азаматқа басқаның малын бағуға өмір бойына тыйым салу жөнінде шығарған үкімін сынға алды.

«Маңғыстау облысында мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сот героин сатқаны және есірткі заттарын заңсыз сақтағаны үшін бір азаматты 10 жылға бас бостандығынан айырған. Апелляция үкімді күшінде қалдырды. Қорғаушының арыздануы бойынша біз істі зерттедік те, көзге ұрып тұрған айқын заң бұзушылықтарды анықтадық. Ең қызығы, бірінші рет тінту жүргізгенде сөмкеде ештеңе жоқ болып шыққан және сөмкеде еш ақау болмаған. Біршама уақыттан кейін оны полиция бөліміне алып келіп, сөмкені ашқан кезде, сөмкеге зақым келтірілген және оның ішінен, неге екені белгісіз, есірткі тапқан. Осы адамды 10 жылға түрмеге жапқан. Біз оны ақтап шыққанша ол 2 жыл бойы түрмеде отырып шықты. Тағы бір мысал, Қызылордада болған. Аталған облыста екі жас ажырасып, екі жақ құдалардың арасында араздық пайда болған. Сонда құдалардың бір жағы мықты болса керек, ол кешегі құдасына «мен сені құртамын» дейді. Сөйтіп, барын, барлық таныстарын салып, органдарды тартып, бұрынғы құдағиын 5 жылға соттатады. Қалалық сот та, облыстық сот та бұл іске көз жұмып қараған. Біз жақында осы істі Жоғарғы сотта қарап, ол кісіні ақтадық. Алайда, сол істі жүргізген тергеушінің өзі сотталып кетті. Себебі, жалған жауап-арыздар жазған. Одан кім ұтты? Жастар ажырасты. Құдалар бір-бірін көрместей болды. Сотқа берген жақ, абыройдан айырылып, ұятқа қалды. Қит етсе, «сотқа беремін, құртамын, жоямын» дейтін жағымсыз әдет әлі де бар. Ол қара басын ойлаған, мәдениеті төмен адамдарға тән қылық, нағыз жөнсіздік, көргенсіздік. Бұдан жастарға қандай үлгі, қандай өнеге?», - деді Жоғарғы сот төрағасы.

Еске сала кетсек, кеңейтілген жиын барысында Жақып Асанов Жоғарғы соттың Бас прокуратураның айтқанына құлақ аспайтынын, соның салдарынан, наразылықтар жолданып отырғанын айтқан болатын. Сонымен қатар, аномальді жүктеме сот жүйесіндегі ең үлкен проблемаға айналып отырғаны жөнінде пікір білдірді.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер