BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 374.47 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 421.43 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.54
Астана:

Қазақстанда ауылдардың тең жартысының шекарасы жоқ – ревизия нәтижесi

Фото: protoday.uz

Қазақстанда 6 725 ауылды елдi мекен бар. Олардың 3 507-iнде ғана шекара бекiтiлген. Елдi мекен шекараларының жоқтығы жер беру мен пайдалану кезiнде заң бұзушылықтарға әкеледi. Жер ресурстарын басқару комитетiнiң төрағасы Ермек Кәрентаев осылай айтты, деп хабарлайды Baq.kz тiлшiсi.

«Қазақстан әлемде жер аумағы бойынша тоғызыншы орында болғандықтан елiмiз ауыл шаруашылығы өндiрiсiн дамыту әлеуетiне ие. Жер ресурстарын тиiмдi пайдалану үшiн қажеттi шарттардың бiрi - олардың саны мен сапасы жайлы дұрыс ақпараттың болуы. Мемлекет басшысы Ауыл шаруашылығы министрлiгiне 2017-2021 жылдардағы мораторий кезеңiнде республиканың жер қорының саны мен сапасына талдау жасауды тапсырған болатын. Осы мақсатта 2017 жылы ҚР жер қорының үш жылдық ревизиясы басталды. Бұл iстi жүзеге асыру үшiн жер-жерлердегi әкiмдiктер арнайы жұмыс топтарын құрды. 2017 жылы ревизия ауыл шаруашылығы жерлерi мен елдi мекен жерлерiнде және жартылай ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда жүргiзiлдi. Ревизия қамтыған жалпы аумақ 127,8 млн гектарды құрады», - дедi Кәрентаев.

Комитет басшысының айтуынша, барлық өңiрдiң есебiнде сәйкессiздiктер анықталған. Айырмашылықтар субъект саны бойынша және жер аумағы бойынша тiркелген. Агроқұрылымдар бойынша қарама-қайшылықтар саны бойынша 2 594 бiрлiктi, аумақ бойынша 1 млн 800 мың гектарды құрады. Ал азаматтардың жер учаскелерiне қатысты субъектiлер саны бойынша сәйкессiздiк 2,5 млн гектар аумақтағы 17 782 бiрлiктi құрады. Сондай-ақ, кадастрда 4 900 субъект ескерiлмеген.

«Бүгiнгi таңда 2017 жылы анықталған кемшiлiктер жойылды. Есептiк мәлiметтер қазiргi жағдаймен сәйкестендiрiлдi. Биыл ревизия өнеркәсiптiк жерлер мен ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда жалғасты. Жер ревизиясы мақсаттарының бiрi - ауылды елдi мекендердi шекарамен қамтамасыз ету бойынша мәлiметтердi өзектi ету. Мәселен, республикада 6 725 елдi мекен бар. Олардың 3 507-iнде ғана шекара бекiтiлген. Елдi мекен шекараларының жоқтығы жер беру мен пайдалану кезiнде заң бұзушылықтарға әкеледi. Сондай-ақ, жер дауларының туындауына, сот талқылауына дейiн апарады. Және де, елдi мекен маңында ауыл тұрғындарына мал ұстау үшiн жайылым жерлер бөлуге мүмкiндiк бермейдi. Осы проблеманы шешу үшiн әкiмдiктермен бiрге шаралар жоспары бектiлдi. Оған сәйкес 2025 жылға дейiн 3 218 елдi мекеннiң шекарасын белгiлеу қарастырылған. Оның iшiнде биылғы жылы 1 275 ауылдың шекарасы белгiленедi», - дедi Ермек Карентаев.

Атап өтсек, бүгiн Сенатта мемлекеттiк жер кадастрын, жердi пайдалану мен қорғауды мемлекеттiк бақылау мәселелерi талқыланды. Жиынға сенаторлар, Ауыл шаруашылығы министрлiгi мен Ақпарат және коммуникациялар министрлiгiнiң басшылығы қатысты.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер