BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 344.58 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 400.51 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.47
Астана:

Қазақстанда жәрдемақының жаңа түрі енгізілді

Бұл қаражат кәмелет жасынан асқан І топтағы мүгедектердің қамқоршыларына төленеді. Мемлекет тарапынан мұндай көмекті 14 мыңнан астам отбасы алады деп көзделіп отыр. Бұған дейін бірінші топтағы мүмкіндігі шектеулі жандар 18 жасқа толған соң, олардың ата-аналарына төленетін жәрдемақы тоқтатылатын, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі 24.kz арнасына сілтеме жасап.

Астана тұрғыны Нағима Жұмабектің ұлы Ержан – І топтағы мүгедек. Жасы 28-де. Анасы «баламды бағып-қағуға шамам жеткенімен, күтіміне қаражат керек. Мемлекеттің осындай жандарға қамқорлық жасағаны өте құптарлық іс», – дейді.

"Егер оның өзінің денсаулығы жақсы болып, жұмыс істеп сол қаражатты өзі тапса, одан артық бақыт болмас еді. Бірақ мүгедек болған соң үйде отыр. Оған күндіз-түні күтім керек. Қараусыз қалдыруға болмайды. Аспаз болып түнгі ауысымда істеймін. Күндіз мен, түнде әкесі қарайды. Былтыр пәтер алдық. Енді жәрдемақы тағайындалып жатыр. Осының бәрі Елбасының жанашырлығы деп білеміз" - дейді қала тұрғыны Нағима Жұмабек.

Жәрдемақының бұл түрі 18 жастан асқан І топтағы мүгедектерге күтім жасайтын адамдарға төленеді. Оның көлемі ең төменгі күнкөріс деңгейінің 1,05 мөлшеріне тең немесе 29 699 теңге.

Жәрдемақы өмір бойына тағайындалады. Тек кәмелетке толмағандар, жүйке ауруы мен наркологиялық диспансерде тіркеуде тұрғандар қамқоршы бола алмайды.

"Бір жанұяда екі мүгедек болса, мүгедекті бағып отарған әр адамға төленеді. Егер де отбасында екі және одан да көп бала жастан І топтағы мүгедек болатын болса, жәрдемақы әрқайсысына төленеді. Егер де оларды бір емес, бірнеше адам бағып отыратын болса, тек бір адамға төленеді" - дейді ҚР ЕХӘҚМ департаменті директорының орынбасары Балжан Баяхатова.

Жәрдемақының бұл түрін шамамен еліміз бойынша 14 мыңнан астам отбасы алады.

Айта кетейік, қамқоршыларды жылына екі мәрте ауыстыруға рұқсат бар. Сондай-ақ олар бірге немесе жақын маңда тұруға міндетті.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер