BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 338.78 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 392.82 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.35
Астана:

Қазақстанда темекі бағасы 1000 теңгеден асуы мүмкін

Фото: РИА Новости

Темекі тағы қымбаттауы мүмкін. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады.

Еуразиялық коалиция шылымның бағасын еуропадағыдай өсіруді ұсынды. Обыр мен өкпе ауруларының өрши түскенін алға тартқандар бәленің бәріне тым арзан акцизді кінәлауда. Түтіннің кесірінен өлім-жітім көбейді деп ұрандатқандар Үкімет басшысына хат жолдап та үлгеріпті. Десе де, жұрттың денсаулығына жаны ашыған белсенділердің әрекеті өндірушілер мен темекі шегушілерге ұнамай қалды.

Денис темекінің қымбаттайтынын естіп, оны жиі тартатын болған. Жігіт бастамашыл топқа деген ашуын солай басып жүр. Соңғылар темекіге қарсы күресті күшейту мақсатында акциз құнын еуропадайғыдай өсіруді ұсыныпты. Десе де, Денис одан шылымқорлар азаймайды деп отыр.

«Әрине, темекінің қымбаттауына қарсымын. Тек мен ғана емес, шылым шегетіндердің бәрі қарсы. Олар бізбен есептеспейді. Күштеп темекіні тастатқызғысы келеді. олай жасауға болмайды ғой. Әр адам саналы түрде темекіден бас тартуы керек. Ал бағасын қымбаттату деген нағыз барып тұрған арандатушылық», - дейді «Қазақстандағы темекі шегушілердің құқығы» қоғамдық қорының ұйымдастырушысы Денис Ибрагимов.

Темекіге қарсы белсенділердің кезекті әрекеті бизнесмендерге де ұнамай қалды. Тіпті, жүйкесіне тиіп отыр. Себебі, акциз құны өссе, дүкен сөрелерінде контрабандалық тауар қаптай түспек. Ал бұл кезде компаниялардың саудасы жүрмей қалады.

«Темекі бағасының күрт өсуі контрафактінің көбеюіне әкелді. Салдарынан, бюджетке түсетін салық та азаяды. Қазірдің өзінде ешқандай акциздік таңбасы жоқ 100-150 теңгелік шылымдар базарларда толып тұр. Сапасы қандай екені белгісіз. Денсаулыққа нағыз зиян солар ғой», - дейді Темекі компаниясының бас директоры Евгений Никольский.

Десе де, темекіге қарсы күрескерлер алған беттерінен қайтпақ емес. Тіпті, Бақытжан Сағынтаевқа хат жолдап қойып, ұпайы түгел боп отыр.

«Біз кеше Үкімет басшысына арнайы хат жолдадық. Онда акцизді Еуропа елдеріндегідей 70 пайызға өсірмесек те, тым болмаса 50 пайызға көтеруді сұрап отырмыз. Бұдан Үкімет тек ұтады. Өйткені, акциздердің есебінен бюджет толығады. Ал ең бастысы, біз азаматтарымыздың өмірін сақтап қаламыз. Өлім-жітімді азайтамыз», - дейді «Темекі түтінінен азат Қазақстан» қозғалысының жетекшісі Жәмилә Садықова.

Соңғы рет темекі бағасы мамыр айында 340 теңгеге өскен. Коалицияның ұсынысы қабылданса, бір қорабының құны мың теңгеден асып түспек. Темекі шегушілер қауымдастығына сенсек, елде 4,5 миллион тұрғын шылым тартады екен. Қымбатшылықпен бірге бюджетке олардан түсетін кірістің азаятынын ескерсек, есесіне осыншама адамның денсаулығын сақтап қалуға болады екен.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер