Қазақстанда киік санағы басталды - Қоғам|17 Сәуір 2018, 20:36
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 360.71 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 411.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.38
Астана:

Қазақстанда киік санағы басталды

Фото: fhc.kz

Ақтөбе облысында киік санағы басталды. Алдымен Үстірт даласындағы жануарлар басты назарға алынады, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі 24.kz сайтына сілтеме жасап.

Өткен жылы ақбөкендер саны елімізде шамамен 152 мың болса, оның тек үш мыңға жуығы осы Үстіртті мекендейді екен. Жалпы мамандар соңғы жылдары киік санының артып келе жатқандығын айтады.

Иен далада қозғалған қараны лезде байқайтын қорықшылар санақ жүргізгенде керек-ақ. Үстіртті де бес саусағындай біледі, сондықтан есептеу әдісін санаулы минуттарда игеріп, көп айналмай ұшақ Маңғыстау облысына қарай бет алды. Үстіртті мекендейтін киік Бетпақ даласы мен Орал популяциясынан әлдеқайда аз. 2015 жылы жаппай қырылғаннан кейін бұл жерде шамамен үш мың бас ақбөкен қалған. Жануарлардың бейқам жайылып, еркін төлдеуіне де кедергі көп.

«Үстіртті мекендейтін киік үшін қиындық бар. Қару кезеген браконьерлер өз алдына, жайылым жерлері де азайған. Осыдан бірнеше жыл бұрын салынған теміржол жануарлардың оңтүстікке аймаққа өтуіне кедергі. Сондықтан киіктер қыста солтүстіктегі жайылымда қалуға мәжбүр. Санақ кезінде қос аяқты көлікті ерттеп мінген күдіктілер де кезікті. Мамандар қылмыскерлер деп пайымдады, сондықтан бір топ инспектор жедел із кесуге кетті», - дейді «Алтын дала» табиғатты қорғау бастамасының халықаралық үйлестірушісі Штеффан Цупер.

«Охотзоопром» РМҚК облыстық филиалының директоры Сәбит Дүйсекенов бұл ақпардың анық-қанығын анықтауға арнайы топ кеткенін айтты.

«Олар аң атуға шыққан браконьерлер болуы да мүмкін. Үй жануарларын іздеген жергілікті тұрғындар да болуы ғажап емес. Маңғыстау мен Ақтөбе облысында жайылатын жануарларды қорғауға 20 қорықшы жұмылдырылған. Өткен жылы Үстіртте киікті атып, мүйізін кесіп алып жүрген 4 топты қолға түсірген. Қорықшылар саны аз болғанымен, иен даланы мылтық асынған қылмыскерлерден қорғау үшін күні-түні дамыл таппайды», - дейді ол.

Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығының аға қорықшысы Александр Путилин көкке көтеріліп, киіктердің қыр-жоталарға жақын жүргендігін анықтағандарын айтты.

«Енді шамамен 50 сағат ұшу жоспарымызда бар. Сосын Батыс Қазақстан облысындағы киіктерді түгендейміз. Үстірттегі санақ он тәулікте тәмамдалуы тиіс. Алда құралайдың желі басталып, киіктер төлдейді. Бастысы – күзетті күшейту. Сонда ғана санаулы жыл ішінде ақбөкендер саны бірнеше есе артуы мүмкін», - дейді ол.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер