BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 363.26 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 420.11 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.54
Астана:

Қазақстан репсублика емес

Бұл шолу мақалада – қазақ тіліндегі мәтіннің орфографиясын тексерудің нақты әдісі көрсетіледі. BAQ.KZ редакциясы сіздер де білетін әдістеріңізбен бөліседі деген сенімде.

Автомат қате жіберу адамға тән қасиет. Тежегіштің орнына газ басу сияқты ағаттық үйреншікті болып кетті. Ал үсті-үстіне оперативті жаңалық жариялап отыруы тиіс журналист үшін орфографиялық қате жіберу түк емес.

Сол уақытта – орфографиялық қате тексерудің электронды құралдары өте жақсы дамыған. MS Office сияқты дамыған пакеттерде әлемдік тілдерді орфографиялық қатеге тексеру мейлінше шыңына жеткен деуге болады. Сондықтан ба, мысалы ресейлік нарықта қарапайым орфографиялық қате жіберген копирайтер кешірілмейді. Себебі орыс тілінің емлесін тексеру құралдары өте көп. Онлайн да, оффлайн да. Ақылы да, тегін де.

Ал қазақ тіліндегі мәтіннің орфографиялық қатесін тексерудің жағдайы тіпті басқа. Қазіргі редакциялардағы жағдайларды таза визуалды түрде шолып өтіп, келесідей проблемаларды бөліп алуға болады.

Офистік программалардың дұрыс бапталмауы. Озық болып есептелетін офистік пакеттерде қазақ тіліндегі мәтіннің орфографиясын тексеру құралдары бар. Нақты белгілісі – MS Office және Apache OpenOffice пакеттері. Айта кету керек, бұл екеудің ішінде қазақ орфографиясын тексеру жөнінен Apache OpenOffice пакетінің кемшілігі көп. Басты кемшілігі – оның қазақша орфографиялық қоры көптен жаңартылмаған және Apache OpenOffice пакетінің соңғы нұсқаларында жұмыс істейтініне кепілдік жоқ (1-сурет):

1-сурет. OpenOffice қазақша орфографиялық қоры туралы мәлімет (09.10.2018 күні алынған)

Ал қазақ орфографиясын тексеруде ең озық MS Office пакетін пайдалану көптеген ұйымдастыру қиындықтарына кездеседі. Мысалы, мекемедегі компьютерлердің аймақтың баптауы Ресей деп көрсетіліп, операциялық жүйе «орыстілді» болады да, сәйкесінше емле жүйесі қосылады. Аймақты өзгертіп алуға – компьютерге администратор құқы керек, ал ол көп жағдайда қатардағы қызметкерге берілмейді. Оның үстіне компьютерді баптап алу – журналистің жұмысы емес қой.

Бұған қоса, MS Office пакеті – ақылы. Оны қалта көтермегеннен бұрын, жекелеген адамның сатып алу шытырманы көп.

Ең оңайы да оңтайлысы – орфографияны тура браузерден тексеру болар еді. Әттеңі – қазақ тілінде ашық таралатын сөздік жоқ (2-сурет):

2-сурет. Chrome браузерінде қазақ емлесін тексеруді қосу әрекеті. Қосу мүмкін емес, себебі қазақша сөздік қор жоқ.

Бұдан, қазақ тілінің емлесін тексеруде проблема программалық құралда емес, сөздік қорының жоқ болуында екенін көреміз. Сөйтіп, айналып қайтадан MS Office пакетіне, атап айтқанда – ондағы MS Word программасына қайтып келеміз.

MS Office пакеті ақылы болғандықтан, Microsoft компаниясының – тіпті аймақтық маңыздағы тілдердің сөздігін жасауға мүмкіндігі бар және ынталы деп топшылаймыз. Бірақ жоғарыда айтып өткендей, ол ақылы; ал ақылы алуға қалта көтеретін болса да, сатып алудың шытырманы көп.

БҰДАН ЕРТЕРЕКТЕ: КАЛЬКА ТУРАЛЫ

Бұған қоса, біз тек PC мен ноутбуктерге (ультрабук, нетбук) ғана ешім іздеп отырмыз. Ал смартфонмен жазатын журналистер қайтеді? Шарада жүргенде қатесін қапелімде қайдан тексере қояды?

Шешім

Сонымен біз – ақылы болғанымен қазақ емлесі мейлінше жаңа MS Office пакетіне тоқтайық. Қуанышымызға қарай, MS Word программасының онлайн-нұсқасы орфографияны тексеруге әбден жарайды. Бұл біріншіден – жұмыс орнындағы компьютерге орнатылған MS Word-ты баптаудан құтқарады. Екіншіден, ол әрқашан өзіңізбен бірге болады, бұл смартфонмен мәтін теріп үйреніп қалған адамдарға қолайлы. Жауапкершілігі мол мәтінді қай жерде салуға тура келетіні белгісіз. Журналиске те, SMM маманына да редакция шұғыл хабарласып, маңызды мақала әлде пост жазып, сайтқа/әлеуметтік желіге шығаруды сұрауы мүмкін.

Сөйтіп, келесідей әрекеттер сізді мәтінді кез келген жерде және әруақытта орфографияға тексеру мүмкіндігіңізді қамтамасыз етеді.

  1. Word – онлайн сілтемесіне өтіңіз: https://office.live.com/start/Word.aspx
  2. Келесідей парақ ашылады. Парақтың тілі сіздің компьютеріңіз бен жүйеңіздің аймақтық баптауларына қарай түрлі болуы мүмкін. Бізде қазақша ашылды:

  1. Егер Microsoft сервистерінде бұрын поштаңыз болмаса, асты қызылмен сызылған сілтемені басыңыз.
  2. Қазіргі сервистердің көбі телефон нөмірін алуға құмартады. Сіз болсаңыз, электронды пошта арқылы тіркеу әдісін таңдаңыз:

  1. Ашылған келесі парақта электронды поштаңызды теріп, «Келесі» деген түймені басыңыз:

  1. Ашылатын келесі парақта құпиясөз жасаңыз:

  1. Келесі парақта жүйе сіз көрсеткен электронды поштаның растығын тексереді:

Оны растау үшін поштаңызға барып, Microsoft-тан келген хаттағы кодты көшіріп алып, енгізіңіз:

Кодты енгізгеннен кейін, сіздің растығыңызды тексеру әрекеттері жалғасуы мүмкін:

Осылайша, тіркеу аяқталады.

Мәтінді тексеру

Браузеріңізде https://office.live.com/start/Word.aspx сілтемесіне қайта барыңыз. Талап етілген мәліметтерді енгізіп, жаңа ғана бізбен бірге жасаған мәліметтерді енгізіңіз (логин мен құпиясөз):

Әр кірген сайын логин мен құпиясөзді теріп әуре болмауы үшін, «Кірген күйде сақтау» деген боксты түртіп қойыңыз. «Кіру» түймесін басыңыз.

Сізде – кәдімгі, компьютерге орнатылған MS Word-тан айырмашылығы аз шамамен келесі түрдегі парақ ашылуы керек:

Кәдімгі, компьютердегі MS Word-пен жұмыс істеп жүрсеңіз, сізге жаңа құжат ашу қиынға соқпайды. Жұмыс аймағы да үйреншікті. Бізге маңыздысы – қазақ орфографиясын тексеру. Ендеше оны бір рет баптап аламыз. Ол үшін жоғарыдағы Review парақшасына барып, ондағы Spelling&Grammar деген төгілмелі тізімдегі Set Proofing Language… деген пунктті таңдаймыз:

Міне, осымен аяқталды. Біз Word-онлайнды қазақ орфографиясын тексеруге баптап алдық. Тексеріп көру үшін, осы мақаланың мәтінін салып көрейік:

Орфографиялық қателер мен қате болуы мүмкін сөздердің асты қызыл ирек сызықпен сызылады. Ирек сызықтың үстіне курсорды апарып, оң жақ батырманы бассаңыз – сізге сөзді ауыстыруға ұсыныстар жасалады. Шынымен, Қазақстан репсублика емес, республика. Бірақ осындай қарапайым сөздің өзінен қате кетіп жататын құжаттарды біз жиі кездестіреміз. Оны жазған адам сауатсыз ба? Жоқ. Жай ғана – бүгінгі уақыт арыны қатты, жұмыста осындай цифрлық технологияларды көмек қылып алмасақ болмайды. Сізде енді мақалыңызды тез ғана – жиі кездесетін орфографиялық қателерге тексеріп алу мүмкіндігі бар.

Сіз Word-онлайнды біз көрсеткендей баптау кезінде интерфейс тілі немесе басқа элементтер өзгеше болуы мүмкін. Бірақ сіз зеректік танытып, түсініп аларсыз деп ойлаймыз.

Сөз соңында. Бұл жүйені өз компьютеріңізде лицензиялы MS Office пакеті болып, қазақша орфографияны тексеріп тұрғанның өзінде баптап алған жақсы. Себебі сізге бөтен жерде, бөтен компьютерде жұмыс істеуге тура келуі мүмкін.

Келесі мақалада біз орфография тексеру құралдарын гаджетте қолдану амалдарын шолып өтетін боламыз. Ал WhatsApp-тағы мына топта осы мақала туралы ойыңызбен және жалпы білетініңізбен әріптестеріңізбен бөлісіп отыруыңызға болады.

Ескерту! Бұл мақаланы қандай да бір коммерциялық өнімнің бөлігі ретінде, ақылы негіздегі немесе – лектор, медиатренер, т.с.с. тұлға ақы алған, алатын сабаққа, тренингке, лекцияға пайдалануға болмайды. Барлық құқық BAQ.KZ АА меншігі.

Назар Дабыл, BAQ.KZ


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер