USD 335.71 EUR 357.36 RUB 5.23
Астана:

Қазаққа киіз үйді де қытай жасап беретін болған ба?

Қазір қазақтың киіз үйіне дейін қытай жасап беретін болған, бірақ оны киіз үй деуге келмейтін шығар. Отаудың қаңқасы темір, сыртқы жабыны синтетикалық материалдардан жасалыпты, деп жазады didar-gazeti.kz.

Марқакөлдегі Білезік өзенінің бойында қымыз сауып отырған кәсіпкер Аманжол Қасенов Қытайдан осындай үйдің біреуін алдырған екен. Не істесе де әдемілеп істейтін шығыстағы көршіміз, киіз үйдің де сыртқы тауарлық түрін қатырып жіберіпті. «Айдалада ақ отау...» дегендей, Алтайдың бір сайында көздің жауын алып, мөлдіреп тұр.

Бағасы да арзан емес екен, 250-300 мың теңгенің айналасында. Ең бастысы, бұл үй малшыларға жақсы баспана болып, өз қызметін шама-шарқынша атқарып тұрғанға ұқсайды. Аманжол Қасенов болса, үйдің құрылысында күрделі ештеңе жоқ екендігін айтып, шын қаласа осыны өзіміздің кәсіпкерлер де құрастыра алатынын тілге тиек етті.

«Бірақ темірдің бәрін сатып жібердік қой. Кезінде кеткен «қоқыс» өзімізге қайтадан дүние-мүлік болып оралып жатқан болуы керек»,-дейді ол.

Қымызшы жігіттің айтуынша, қазір ағаштан түйін түйген үй жасағыш шеберлер жоқ емес, бар. Бірақ олар сұраған баға аспандағы аймен тең. Қытай дайындаған үйді екі-үш адам сүт пісірім уақытта құра салады екен. Сырты – қаттылау шүберек, оның асты синтетикалық материалдан жасалған жабын, ішкі қаңқасы – құрастырылмалы темір. Үйдің сапасы бір бөлек әңгіме. Оны әрине, бір маусымға емес, бірнеше буынға баспана болған ата-бабамыздың отауымен салыстыруға келмес. Ал мұның экологиялық жағдайы құдайға, сосын қытайға ғана аян.

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер0

Сіздің пікіріңіздің модерациядан кейін жарияланады