BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 374.2 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 420.34 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.52
Астана:

Қазақ қызы ерекше дрон ойлап тапты Эксклюзив

Фото: Автор

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматы энергетика және байланыс университетінің магистрі Лейла Алтынбекова кез-келген салада пайдалануға болатын қанатты дронның ерекше түрін ойлап тапты.

Өнертапқыштың айтуынша, оның ойлап тапқан ұшқышсыз басқарылатын құрылғысы өзге қанатты дрондарға қарағанда ерекше әрі мүмкіндігі зор. Дрон пультпен басқарылмайды, интелектуальды, компьютер арқылы оған тапсырма беріледі, соны өзі барып орындап, қайта базаға келіп қонады. Мәселен фотоға түсіру туралы тапсырма берілсе, ол ұшып бара жатып сіздің телефоныңызға немесе компьютеріңізге тікелей фотоларды жібере береді және оның қай жерде кетіп бара жатқанын бақылап отыруға болады.

«Мұндай қанаты бар дрондарды әдетте резинамен атып ұшырады, кәдімгі рагатка сияқты. Ал мұның артықшылығы төрт шағын моторының арқасында көкке тік көтеріледі, белгілі бір биіктікке жеткенде төрт қозғалтқышы тоқтап, ішке жиналады, ары қарай бесінші қозғалтқышы іске қосылып алдыға ұшады. Қонған кезде де ұшақтар сияқты 4 қозғалтқышты винтын шығарып, қалаған жеріне оңай аялдай алады», -дейді жас өнерпаз.

Лейланың электроникаға деген қызығушылығы 12 жасында пайда болыпты, сол сәттен бастап әке жолын қуып, жоғары білікті инженер боламын деп алдына мақсат қойған. Өз кезегінде әкесі де қарсылық танытпай, инженердің қандай болатындығын іспен көрсетіп, техника мен электроникаға деген сүйіспеншілігін одан ары арттыра түсіпті. Мектепті тәмамдаған соң Алматы энергетика және байланыс университетінің Аспап жасау мамандығы бойынша білім алған, қазір осы мамандығын одан ары жалғастырып, магистратурада оқып жүр.

«Ұшқышсыз басқарылатын құрылғыны ойлап табу идеясы бір күнде келе салған жоқ. Саяхаттау кезінде әуежайдағы ұшақтардың әуе кеңістігіне көтерілу сәтін тамашалағанды ұнататынмын. Мәселен, әуе кемесі аспанға ұшқыштың басқаруымен ұшып шықса, дрондар өздігінен қалықтайды, оған қандай бағдарламалар енгізілетіні мен үшін қызық болды. Осы саланы зерттей келе оған жаңашылдық енгізгім келді әрі мұндай ұшу аспаптары елімізде жөнді дамымаған», -дейді ол.

Дрон, ұшқышсыз басқарылатын құрылғыларды құрастыруға деген қызығушылығы күнен-күнге арта түскендіктен ол аэродинамика, ұшақты жобалау және электроника бойынша ізденіп, меңгеруге күш жұмсапты. Осылайша бұл жобаны дамыта келе оны өзінің дипломдық жұмысы ретінде таңдап алып, ғылыми жетекшісі Ғани Балбаевпен бірге жетілдіруге көшкен.

Дронның ұзаққа ұшуы батареясына байланысты екен, сондықтан Лейла алдағы уақытта өз дронын күн энергиясынан қуат алатындай етіп жасауды жоспарлап отыр. Ол кезде тоқтаусыз ұзақ сапарға шығуға қауқарлы болмақ.

«Көпшілік қолданып жүрген дрондардың қуаты ары кетсе 15-20 минутқа ғана жетеді, оларды ұзақ ұшуға жібере алмайсың. Егер күннен қуат алатын батарея қойсақ ол бір тәулікке дейін шыдайтын болады. АҚШ-тың әскери ұшқышсыз басқарылатын құрылғысы Англияға дейін 24 сағаттан аса уақытта ұшып келген еді. Егер күн сәулесінен қуат алатындай етіп жасасам бұл да ұзақ уақыт ұша алатын болады», -дейді ол.

Бұл дронды қажеттілігіне қарай барлық салада қолдануға болады. Мәселен, апат, өрт болып жатқан жерлерді тексеруге, адам жүруіне қиындау жерлерге жедел жетіп немесе қажетті жүкті жеткізуге пайдалануға болады. Жерлерді бақылау, тексеру, суретке түсіру, картография, мониторинг жасауға да пайдалануға болады. Ал Лейланың өзі оны мониторинг жасауға пайдаланар едім дейді, оның ішінде темір жол бойындағы рельстерге бақылау жасап, қадағалап отыруды құп көреді.

Өнертапқыштың ғылыми жетекшісі Ғани Балбаев алдағы уақытта ұшқышсыз ұшатын құрылғыларға деген сұраныс арта түсетінін және оны өндіруге еліміз дайын болу керектігін айтады.

«Қазір Дубайда дрон таксилер пайда болды, оны көрші Ресей де қолға алып жатыр. Бізде дронды пайдаға жарату жағы кенде қалып отыр. Мына дронды заттарды тасымалдау қызметінде пайдалануға болады. Камера, радар, ауаны және радиацияны өлшейтін аспаптарды орнатуға болады. Сондай-ақ картаграфия, ауыл шаруашылығы, қорғаныс, пошта саласында да пайдалануға болады», -дейді ол.

Ғ.Балбаев Университетке келген қытайлық компанияның бірі Лейланың жобасына үлкен қызығушылық танытып, оны ары қарай бірге жетілдіруге ұсыныс білдіргенін де жеткізді.

«Қазіргі ойымыз бұны аяқтап, патенттеу болып тұр. Еліміздегі жаңадан ашылған Қорғаныс және әуе-ғарыш министрлігі осындай ұшақсыз басқарылатын дрондарды өндіріске шығаруды жоспарлауда. Міне, солармен бірігіп өндіріске енгізуге болады деп ойлаймын. Бұл еліміз үшін өте пайдалы болар еді», -дейді ол.

Сонымен қатар ол, жақын арада Қазақстанда дрондарды ұшыру бойынша жеке Заң қабылданатындығын айтып өтті. Енді кез-келген адам дрондарды ұшыра алмайды, оны ұшыру үшін арнайы сертификат қажет болады екен.

«Жақында бізге Испаниядан әріптестеріміз келді, алдағы уақытта солармен бірлесіп дрондарды ұшыру курстарын өткіземіз, қазір соған дайындалудамыз. Олар біздің екі адамды дайындайды, кейін олар еліміздің ішінде оқыту, үйрету жұмыстарын жүргізетін болады», -деді Ғ.Балбаев.

Фотолар: Автор


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер