BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 366.43 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 420.11 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.58
Астана:

Кәсіпкер ермекті бизнеске айналдырған

Талдықорғандық кәсіпкер Абзал Бегімбетов Business Connect жобасының кезекті кейіпкері атанды. Өңірлік кәсіпкерлер палатасының бастамасымен жүзеге асырылып келе жатқан жоба жастар кәсіпкерлігін дамыту мен қолдауға, тәжірибе алмасу мен байланыс орнатуға бағытталған, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

Бұл туралы Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасының баспасөз хатшысы мәлімдеді. Жоба аясында студенттер, жастар мен жаңадан кәсіп бастаушыларға табысты кәсіпкерлермен кездесулер ұйымдастырылады.

Ағаштан ұлттық ыдыс-аяқ жасайтын Абзал Бегімбетовпен кездесуге «Бастау» кәсіпкерлік негіздеріне оқыту жобасының түлектері мен БАҚ өкілдері шақырылды.

Кәсіпкердің сөзінше, астау сияқты ыдысты дайындап шығару оңай бола қоймады. Бәрі де қызығушылықтан басталған. Кейін бұл ермек бизнеске айналған.

«Бірнеше жыл бұрын дәстүрлі ыдыстарды жасауға қызығушылық танытып, үй жағдайында жасай бастадым. Өкінішке орай, цехтарға жүгінгеніммен, онда оқыту жүргізуге бас тартатын. Осылайша Тараз қаласында осындай өнім шығаратын кәсіпкермен жолықтым. Келіссөздерден кейін цехтарының бірін жалға алып, жұмысшыларды тартып, істі бастап кеттім. Сол кезде қолөнер шеберлері көп екенін байқадым. Алайда, өндіріс орнын дайындап, өнімді жылжыту мен өткізуді көбісі біле бермейді. Міне, осылайша, кәсіпкерлік қызметім басталды», - дейді Абзал Бегімбетов.

Бұдан соң ол «Табыс» жеке кәсіпкері ретінде тіркеліп, 2017 жылы «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы аясындағы мемлекеттік гранттар байқауына қатысты. Ағаштан ұлттық ыдыстар жасау өндірісі жобасы үздік атанып, миллион теңге көлеміндегі грант бұйырды. Бұл қаражатқа құрал-жабдықтар сатып алынып, цех кеңейтілді.

Өндіріс цехында бес адам жұмыс істейді. Олар күніне 12-15 данадан астау дайындайды. Ағаштың жасы үлкен болған сайын, ыдыстың сапасы мен жарамдылық мерзімі ұлғаяды.

«Астау – тұтынушылар арасында сұранысы жоғары ыдыстың бір түрі. Біздің өнім Астана, Алматы, Қостанай қалаларында саудаланады. Жалпы тапсырыс көп, сондықтан өнімді өткізу бойынша кедергі жоқ», - деп бөлісті ол.

Абзал Бегімбетов сапаны қамтамасыз ету мен авторлық құқықты сақтау мақсатында әрбір өнімге «үкікөз» деген қазақтың ежелгі ою-өрнегін басады. Өз кезегінде бұл өрнекті ұқсатып жасау оңай емес.

Кәсіпкерлікте ең алдымен өз ісіңді жақсы көруің керек және шеберлігіңді дамытып, оны жетілдіріп отыруың қажет, дейді кәсіпкер. Аз уақыт ішінде Абзалдың кәсібилігінің арқасында өнімдері сұраныс артып, өңірде танымалдылығы артты. Сонымен бірге ол жас шеберлер мен кәсіпкерлерге тәлімгер атанды. Өндіріс орнына ондаған адам оқуға жазылып, кейін өз істерін ашқан. Ендігі таңда Абзал Бегімбетов өнім түрлерінің желісін көбейтуді жоспарлап отыр.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер