USD 335.61 EUR 361.32 RUB 5.26
Астана:

Қарағандылықтар сасық ыстық су пайдалануға мәжбүр Эксклюзив

Фото: автордікі

Қарағандыда соңғы уақыттары ыстық су құбырының шүмегінен ағатын судан қолқаны қабатын сасық иіс шығатын болды. Бастапқыда қаланың кейбір аудандарында болған жағымсыз иіс енді барлық қарағандылықтардың мазасын кетіруде, деп хабарлайды Baq.kz агенттігінің Қарағандыдағы тілшісі.

«Соңғы екі аптада ыстық суды қолдану мүмкін болмай отыр. Су жылытқыш құрылғы сатып алып, суық суды ысытып қолдануға мәжбүрміз», - дейді 18-шағын ауданының тұрғыны Жамиля Асылбекова.

Бастапқыда жағымсыз иіске мән бермеген тұрғындар енді қаланы ыстық сумен қамтамасыз ететін «Теплотранзит Қарағанды» ЖШС-ге шағым айтып, хабарласа бастаған.

«Ыстық судың исі қатты сасық. Тіпті қолдану мүмкін емес. Қарағандыда тұрғаныма 5 жылдан асты, мұндай жағдай бірінші рет болып тұр. Жылыту маусымы басталған уақытта ыстық суда бірнеше күн жағымсыз иіс болатын. Бірақ, дәл осындай сасық емес. Қаланы ыстық сумен қамтамасыз ететін «Теплотранзит Қарағандыға» телефон соққанбыз. Мардымды жауап ала алмадық», - дейді қала тұрғындары.

«Теплотранзит Қарағанды» ЖШС-і қарағандылықтарды алаңдатқан мәселеге байланысты мынандай мәлімдеме жасады.

«Біз сырттағы ауа температурасын кенеттен төмендеп кетуіне байланысты желілік су температурасын 100 °С-қа көтерген болатынбыз. Осыдан кейін ыстық судан жағымсыз иістер шығатындығын айтып тұрғындар хабарласа бастады. Біздің химиялық зертханада жасалатын күнделікті сараптамадан ТЭЦ-1, ТЭЦ-3 жылу көздерінде аталған ескертпелер анықталған жоқ. Сондықтан да қаланың әртүрлі аудандарынан ыстық су әкеліп, сараптама жасадық. Ыстық судың температурасы 100 градустан артық. Яғни су қатты ысытылған. Мұндай суда қосымша физикалық, химиялық процестер жүруі мүмкін. Біздің қалада сумен жабдықтау ашық түрде, яғни үйдегі шүмектен ағатын ыстық су мен батареядағы су бірдей болғандықтан ыстық су жылу радиаторынның ішкі жағын белсенді шая бастайды. Ал пәтерлердегі жылу радиаторында ескі су іркіліп қалған жерлер болады. Осы іркілген судағы бактериялар белсенділігі әсерінен жағымсыз иіс пайда болады», - дейді зертхана меңгеруші Любовь Новоселова.

«Теплотранзит Қарағанды» компаниясы қызметкерлерінің айтуынша, аталған бактериялар мүлдем қауіпсіз. Олар жағымсыз иістен басқа қолайсыздық тудырмайды.

Суреттер автордікі

Ұқсас сілтемелер:
04 Желтоқсан 2016, 16:00
Жылу іздесең Қарағандыға бар
Пікірлер0

Сіздің пікіріңіздің модерациядан кейін жарияланады