BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 364.95 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 416.99 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.55
Астана:

Қарағандылық студенттер алаяқ әйелге алданып қалды

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Жоғары білім беру саласында заңсыз қызметтерді жасай алатындығын айтып, тұрғындардың сеніміне кірген әйел қарағандылықтан ақша алған. Олардың кейбіреуін грантқа ауыстырамын десе, енді біреулерінен магистратураға түсіремін деп алдаған. Осылайша, 27 адамның миллиондаған қаржысын қолды еткен алаяқ әйелге қатысты қылмыстық іс қозғалды.

Қарағандының отызға тарта тұрғыны білім алудың жеңіл жолдарын іздеп, соңында алаяқ әйелге алданып қалған. 26 жастағы әйел ақылы негізде білім алатын 27 студентті грантқа ауыстыру үшін әрқайсысынан 100 мың теңгеден ақша алған. Сондай-ақ, магистратурға емтихансыз түсіру қолынан келетіндігін айтып, бірнеше адамның қомақты қаржысын қалтасына басқан. Еш қиындықсыз магистратураға түскісі келген, грантта оқуды армандаған қарағандылықтардың жоспары іске аспады. Алаяқ әйел оларды құрғақ уәдемен бірнеше ай бойы алдап келген. Істің соңы сиырқұйымшақталып, мәселені шешуші әйелдің сылтауы көбейген сайын тұрғындар бұнда бір шикіліктің барын біліп, құқық қорғау органдарына арыз түсірген.

Қарағанды облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің айтуынша, құқық қорғау органдарына алаяққа алданғандарын айтып 27 адам арыз түсірген.

«Қарағанды қаласының 26 жастағы тұрғыны жоғары білім беру саласында қызмет көрсететіндігін, яғни грантқа ауыстыру, оқуға түсіру сияқты істерді шеше алатындығын айтып тұрғындардан алаяқтықпен ақша алған. Бүгінгі күнге дейін аталған іс бойынша 27 арыз түсті. Күдікті қылмысын мойындады. Іс ҚР Қылмыстық Кодексінің 190-бабы, яғни «Алаяқтық» бабы бойынша іс қозғалған. Күдіктіден тұрғылықты жерін тастап кетпеу жайлы сенімхат алынды, себебі оның қамқорлығында кәмелеттік жасқа толмаған үш бала бар», - дейді Қарағанды облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Бақытжан Құдияров.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер