BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 370.55 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 421.76 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.57
Астана:

Kapitalis.com: Total Tunisia компаниясының бас директоры – Қазақстан азаматы

Фото: Copyright: Kapitalis.com

Total Tunisia компаниясының жаңа бас директоры 36 жастағы Мансұр Жақыпов – Қазақстан азаматы. Тунис Республикасына екі жыл бұрын мамыр айында келген ол – 69 жыл бұрын құрылған компанияның француз басқарушылардың тізіміндегі алғашқы шетел азаматы және ең жас директор, деп жазады Baq.kz ақпарат агенттігі Kapitalis.com басылымына сілтеме жасап.

Қазақстаннан Total компаниясына дейінгі жол

Мәскеу инженерлік мектебінде қолданбалы математика мен механика бойынша білім алған Мансұр болашақта зымырандар құрастырып, Байқоңырда жұмыс істеуді армандаған. Бірақ 2000 жылы Каспий теңізіндегі Қашаған кен орнының ашылуы барлығын өзгертті. Реті келіп Мансұр Жақыпов 2001 жылы Франциядағы политехникалық мектепке оқуға түсті. Осы жерде оны Total компаниясы байқап, барынша қолдау білдірді. Осылайша Мансұр Францияның мұнай институтында және Техас университетінде геоғылым мен мұнай инженериясы саласы бойынша білім алды.

Мансұр Жақыповты көптеген мұнай компаниялары жұмысқа шақырған. Дегенмен, ол Total басшылығымен кездескен соң, осы компанияға тоқтаған.

Айта кету керек, 2005 жылы Total компаниясы Венесуэла кен орындарынан ауыр мұнайды алу әдістерін жақсарту жобасы бойынша жұмыс істей бастады.

Саяхат арқылы шыңдалу

2006 жылы Мансұр Жақыповтың Африкаға сапары басталып, ол Габоннан Нигерияға ауысты. 2007 жылы ол осы жердегі ең үлкен Акпо кен орнында жоба жетекшісі болды. Катарда үш жыл қызмет еткен соң 2013 жылы Мансұр бизнеспен айналысты. Ол экономикалық зерттеулер жүргізіп, шетелдік және отандық мұнай компанияларына пайдалы қазбаларды алу құқығына қол жеткізетін лицензиялар алып берді.

Инженерлік саладағы сегіз жыл мен бизнестегі екі жылдан соң 2015 жылы оның өмірінде үлкен өзгеріс болды. Бұл кезде Мансұр Анголадан 160 км қашықтықта орналасқан теңіздегі өндіріс алаңының (FPSO) эксплуатациясына жауапты болды. Соңғы үлгідегі бұл автономды алаң күніне 200 мың баррель мұнай шығарады. Айта кету керек, бұл Тунистегі барлық кен орындарының өндіріс деңгейінен төрт есе көп. Бұл жердегі жұмыста аса қырағылық қажет. Себебі қауіпсіздік, қауіп-қатерге анализ жасау тек техникалық мүмкіндікті емес, көшбасшылық қабілетті де талап етеді. Ал күнделікті өндіріс дұрыс орындалмаса, компанияға кемінде он миллион доллар шығын келуі мүмкін. Мансұр Жақыпов 150 адамнан тұратын командамен осы жұмыстың барлығын абыроймен атқарды.

Тунистен алған әсер

Total компаниясының бас директоры Патрик Пуйанн 2016 жылы «One Total» жобасын қолға алды. Соның негізінде компания бөлімдері біріктіріле бастады. Сол кезде құрылған Total Tunisia еншілес компаниясы қызмет көрсету стансаларының желісін, сұйылтылған мұнай-газ қызметін, газ баллондары, ұшақтарға жанармай құю секілді салаларды біріктірген.

Соңғы кездері Тунис Республикасының жағдайы оңалып келеді. Мемлекетте тұрғындардың білім деңгейі көтеріліп, мемлекеттің институционалды және әлеуметтік құрылымында әйелдердің рөлі артты.

Мансұрдың Total Tunisia компаниясына арналған жобалары

Компанияның тұрақты түрде дамуы үшін Мансұр Жақыпов қол астындағы қызметкерлердің жас болуына және команданың ширақтығына ерекше мән береді. Оның мақсаты - Total Tunisia компаниясын Тунис экономикасының флагманына айналдыру; мобильділік және көлік саласында көшбасшыға айналдыру; Total брендінің танымалдылығын арттыру; бизнес клиенттермен серіктестік байланысты нығайту.

Total Group қуаттылығы мен ноу-хауының арқасында Total майының құрамы үнемі жетілдіріліп отырады. Тунисте автожүргізушілердің жетпіс пайызы дәл осы майға басымдық береді.

Ағылшын тілінен аударған: Алтынай Қуанышбек

BAQ-Әлемпресс


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер