BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 341.08 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 394.46 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.37
Астана:

Гүлдеріме музыка қоямын, сөйлесемін, махаббатпен өсіремін – астаналық зейнеткер бағбан Эксклюзив

Фото: Нұржас Жақсыбай

Шолпан Хайдарова 62 жаста, зейнеткер. Осы жасында бейнетімнің зейнетін көруім керек деп қол қусырып қарап отырған жоқ. Астанадағы шағын жылыжайында гүл өсіреді. Көзімізбен көрейік деп барғанымызда бағбанның гүлдері жайқалып тұр екен. Жылыжайдағы температура жоғары, біз де борша-боршамыз шығып терледік. Ал кейіпкерімізді әңгімеге тартқанда машақаты көп жұмыс қыста басталып, күзге дейін жалғасатынын білдік. Шолпан Сапарқызы бұл кәсіпке қалай келгенін, гүл өсіру қандай еңбекті қажет ететінін, оларға қандай махаббатпен қарайтыны туралы Baq.kz тілшісіне берген сұхбатынан оқи аласыздар.

Бұл кәсіпті қашан бастадыңыз, идея қалай келді?

Нақты 6-7 жылдан бері айналысып келемін. Туған ұлымдай болып кеткен Азамат деген күйеу балам осы кәсіпті үйретті. «Қолыңыздан келеді, өсіресіз» дегенде бірінші қорықтым. Бірақ өзім кішкентай күнімнен гүл өсірген адаммын, әрі қарай алып кеттім. Қазір гүлдерсіз тұра алмаймын, сағынып отырамын.

Негізгі мамандығыңыз қандай?

Бұған дейін кітап дүкенінің бастығы болдым. Кітап көп оқыған адаммын, сол себепті бау-бақша өсіруді аздап білемін. Агрономдық оқуым жоқ. Зейнетке шыққан соң осы кәсіпті қолға алдым.

Осының бәрі қалай басталды? Осы істі шындап қолға алған кезде қандай қиындықтарға тап болдыңыз?

Барлық істі бастағанда қиындық болады ғой, қорқасың. Бірінші жылы гүлді қашан сататынын білмейміз, оның өз уақыты бар екен. Батыр екеуміз гүлдерді отырғызып қарап отыра беріппіз. Маусым келді, сосын шілде, әп-әдемі болып өсіп жатыр. Қашан сату керек екенін біз қайдан білеміз? «Ойбай, мынаның уақыты өтіп бара жатыр ғой, 1 маусымға дейін салады» деп туысым айтқан соң ғана қыбырлай бастадық. Ол кезде 25 мың ектік. Базарға апарып соның бәрін 15 минутта саттық. Менің гүлімді алатын адамдарым бар. Олар ешқайда кетпейді, 8-9 жыл солармен бірге жұмыс істеп жатырмын. Алыстан, Қарағандыдан да келеді, облыстардан да іздеп келеді. Өзімнің клиенттерім бар. Жеке адамдар да, ұйымдар да, жеке меншік пәтерлер корпоративі де алады. Менің гүлім ерекше, оны жақсы көретін адамдар ешқайда кетпейді.

Ерекшелігі неде?

Білмеймін енді, барлығы ерекше дейді. Өзім де басқа гүлдерден ерекше екенін көремін. Бұны мен махаббатпен өсіремін, ойлаймын бұларды, көп күш беремін. Жәй өсірмеймін. Батыр өзіме сай, неше жылдан бері осында келіп жүр. Гүл десек таңертең алтыдан түнгі 12-ге дейін гүлдің жанындамыз. Содан ерекше шығар. Гүлдер бізді түсінеді, олармен сөйлесеміз, тіпті ұрысамыз. Сосын музыка қоямыз.

Қандай музыка?

Классика. Эстраданы да қоямыз, жастар жақсы көреді ғой. Күнде музыка тыңдаған соң ерекше болып өседі. Бұл іске бар жан-тәнімізді саламыз, жақсы көретін кәсібім, хоббиім болып кетті. Мұны қоя алмаймын, қоямын деп те айтпаймын. Аман болғанша, Алла күш-қуат бергенше осымен айналысамын. Тұрақты клиенттерім іздеп отырады, тілеп отырады, ақпаннан бастап хабарласады.

Гүл өсіру процесін басынан-аяғына дейін айтып бересіз бе?

5 ақпанда бастаймыз, маусымның ортасына дейін сатып үлгереміз. Бұның жұмысы инемен құдық қазғандай, жәй істей салмайсың. Қарайсың, сары гүлдер, ауыратын гүлдер, нашар тұқымдар болады, соны реттеп, қарап отырасың. Жәй емес, шын ниетпен қараймын. Балаларым сияқты. Су құйылмаса уайымдаймын. Түнде болса да су құйып келемін. Гүлге қараған соң солай қарау керек. Білетін адамдар базарға бармайды. Базарда да жақсы гүлдер бар шығар. Базарға шығаратын кездер болды, қазір шығармаймыз.

Биыл қанша гүл ектіңіз?

Биыл аз ектім, ЭКСПО болғанда көп ектім. Биыл 200 мыңдай. ЭКСПО кезінде көп сұраныс болды.

Жыл сайын сұранысқа қарай егесіз бе?

Жоқ, өзім егемін. Сұранысқа да қараймын. Жаңа клиенттер келіп жатады. Шамам жеткенше егемін. Бұған көп ақша салу керек, бір жылы болады, бір жылы болмайды. Қалай мүмкіндігім болады, солай егемін.

Негізі гүл өсіруден табыс табуға бола ма?

Табыс табуға болады, бірақ бұған кететін еңбекті табыспен өлшей алмайсың. Бұның еңбегін қарасаңыз көп адам істей алмайды, бастап алып тастап кететіндер көп. Шығыны көп, 4-5 млн қаражат салуың керек. Оны шығарып аласың, санамаймын да. Жұрт үшін жәйдан-жәй істеп жатырмын деген өтірік болар.

Қандай еңбекті қажет етеді?

Бұған адал қарау керек, адал қарасаң осындай гүл болады. Біздің қалай қарайтынымызды айтсам жұрт сенбейді. Қайсысы ауырып жатқанын, әр гүлдің жағдайын білемін. Жәй қарамайсың, жүрегіңмен, ойлап қарайсың. Бір гүл ауырып қалса қатты уайымдаймын. Оны өзім емдеймін, жайнатып жіберемін. Мамандығым агроном емес қой, бірақ бар кәсіпте, жұмыста адамның интуициясы болады дейді. Барлығын бірінші күннен интуитивті сеземін. Осы маған сай іс.

Сөйлескенде не дейсіз гүлдерге?

Ой, сөйлескенде көп жақсы сөз айтамын. Өте көп. Менің сұлуларым, ауырмаңдар, мені жерге қаратпаңдар, басқа жаққа отырғызғанда жайнап кетіңдер деймін. Сатып алушыларға игіліктеріңізге өссін, бақыттарыңызға өссін, жүрекпен өсірген гүл бақыт әкелсін деп айтамын. Менің қызым «Жүрекпен өсірілген гүлдер» деген визитка жасап берді. Қызыма да бармай осы үш ай гүлдердің жанында жүремін.

Гүлдер сізге қалай әсер етеді?

Жақсы. Шаршайсың ғой, жас емеспін. Бұрын жүгіріп жүретінмін, қазір уақыт келген соң адам ширақ болмайды. Сонда да гүлді көрсем өзімді анда да, мында да сүйреймін, сатыға да мінемін. Олармен тікелей байланыста болған соң ауырмаймын, мен жаспын деймін. Бұлар да адамның жүрегіне қуат, бақыт сыйлайды. Осыларға қарап «қалай өсірдік?» деп ойлаймын. Батыр екеуміз гүлдерді саламыз. Көшеттердің жартысын өзім отырғызамын, жартысына қыздар көмектеседі. 6-да тұрып кешкі 8-9 ға дейін көшет отырғызамын. Менікілер жылдам өседі, өлмейді. Ашық қызыл гүл бар, оны қыздар емес тұтас өзім көшеттеймін.

Қандай гүлдер егесіз?

Шырайгүл, қазақшасын енді естіп жатырмын. Петуния дейміз ғой. Тагетес дейтін сары гүлдер бар. Бұлар жақсы, мықты гүлдер. Топырақтарды тыңайту қымбат. Клиенттер гүлдерімнің қарашаға дейін өлмейтінін айтады. Осы гүл ұнады. Таныстарыма басқа гүлді саламын. Тамаша болып шығады. Топырақты өзіміз істейміз. Ресейден дайынын аламыз, бірақ біздің топырақ сияқты болмайды. Өзіміз топырақты қопсытуды үйрендік.

Балаңыз қайда жұмыс істейді, ол да гүл еге ме?

Жоқ, балам – оқытушы. Жақсы көреді осы істі, үйінде гүл бар. Ол өзі үйренген, маған ұқсайды. Адамның пысығы барлығына үйренеді. Кейбіреулер ерінеді ғой, бұл істе ерінуге, ұйықтаймын, шаршадым деуге болмайды. Шаршадым деп айтпаймын. Осы гүлге қараймын. Жермен істеген адам күш-қуат алады деп айтады ғой. Жер береді. Өзім де таң қаламын. Жұрт «Астана-көгалдандыру құрылысынан» деп біздің өсіргенімізге сенбейді. «Қалай өсірдіңіз, неше адам істеп жатыр?» деп сенбейді.

Биыл Батыр екеуіңіз 200 мың гүл ектіңіздер, иә?

Иә, бірақ қиындау. Биыл ауа райы жақсы болған жоқ. Гүлдер ыстықты, күннің көзін жақсы көреді. Содан көп ауырды, кішкене әуре болдық. Ал енді жайнап кетті. Біз де күннің көзі болмаса ауырып қаламыз ғой.

Басқа немен шұғылданасыз?

Отырмайтын адаммын. Гүл біткен соң қияр мен қызанақ отырғызамын, соны өсіремін. Тұздалған қиыр мен қызанақ жасаймын. Өзімнің клиенттерім бар. Жылда үш ай демаламын. Сол үш айда үйде отыра алмаймын, әйтеуір қыбырлап бірнәрсе жасаймын. «Не жетпейді осыған» деп айтады. Олар түсінбейді. Осылардан кетсем «ойбай, не боп жатыр екен» деп сағынысып жетіп келемін. Бастаған соң тоқтай алмайтын нәрсе екен. Жүрекке дауа болатын іс. Отырмаймын үйде, осылармен жүресің, сөйлесесің. Бірінші мен оларға өзімнің энергиямды беремін, содан соң олар маған энергия береді. Қыстың күні ақпанда пештің жанында отырамыз, суыққа да, ыстыққа да көнеміз. Мұндай іспен айналысатындарға Алла күш-қуат береді. Ауырмаймыз, етік киеміз де жүре береміз.

Фото және видео авторы: Нұржас Жақсыбай

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер