BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 369.01 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 416.39 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.53
Астана:

Нәсілшілдікке қарсы күрескен саяси тұлғаны еске алды

Фото: Абзал Қалиев

Астанадағы «Қазақстан Парамаунт Инжиниринг» зауытында апартеид жүйесіне қарсы күрескен Нельсон Манделаның күні аталып өтті. Оған Қазақстадағы ОАР-дың төтенше және өкілетті елшісі Кийтуметци Сийпело Тандека Мэттьюс, шетелдік қонақтар мен оқушылар қатысты, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

2009 жылы қарашада Біріккен Ұлттар ұйымы Халықаралық Нельсон Мандела күнін бекіткен болатын. Ол жыл сайын 18 шілдеде аталып өтеді. Осы жылы айтулы шара «Қазақстан Парамаунт Инжиниринг» зауытында өтті. Маңызды шараға елші Кийтуметци Сийпело Тандека Мэттьюс қатысып, аталмыш күнге қатысты өз пікірін білдірді.

«Бүгін біз әлем мойындаған саяси тұлға Нельсон Манделаның күнін атап өтудеміз. Егер ол осы күні арамызда болса, әлемдегі ең өзекті мәселелердің шешілуіне себепші болар еді. Мысалы, кіші Джордж Буш Иракқа қарсы соғыс ашар кезде Нельсон оған «Сен ақымақсың! Үлкен қателік жібердің» деп айтқан. Қазіргі Ирактың жағдайына қараңыздаршы», - деді ол.

Сонымен қатар елші Нельсон Манделаның әлемдегі бейбітшілікті сақтауға қосқан елеулі үлесін айта келе, оның өмірінен үлгі алуға шақырды.

«Нельсон Мандела түрмеде отырған кезде оның нөмірі 46664 болатын. Басыңызға қиындық түсіп, жаман ой келсе осы санды есіңізге алыңыз», - деді ол.

Осы орайда Кийтуметци Сийпело Тандека Мэттьюс жастарға берілетін тәрбиенің маңызды екендігін атап өтті.

«Егер сіз өнегелі тәрбиелі алып, өмірлік ұстанымдарыңыз дұрыс болса, сіздер есейген кезде басқа адамдарға жол көрсете аласыздар. Өзге азаматтар сіздің берген ақылыңызға құлақ асатын болады. Балалар үшін дұрыс тәрбие алып, азамат атану өте маңызды», - деп аяқтады ойын елші.

Сондай-ақ, жиында аталмыш кәсіпорынның бас директоры Ербол Салимов шараны ұйымдастыруға кім түрткі болғандығын айтты.

«Оңтүстік Африкадан келген технологиялар еліміздің қауіпсіздік саласын дамытуға септігін тигізуде. Аталмыш кәсіпорынның инвесторы ОАР азаматы Айвари Чиккавец. Ол кәсіпорынға ақша салып қана қоймай, технологияларға да қаржы құйды. Бұл еліміздің қауіпсіздігін сақтауға мүмкіндік береді. Осы орайда Нельсон Мандела әлемдегі бейбітшілік үшін күресіп, азаматтардың нәсілге бөлуіне қарсы болды. Осы айтылған деректерді ескере келе, біз осы шараны қолға алдық», - деп түйіндеді сөзін бас директор.

Сонымен қатар жиын барысында зауыт басшылығы аз қамтылған отбасылар мен денсаулығында ақау бар жеті мен он бес жас аралығындағы он бес оқушыға мектепке қажетті заттарды табыстады.

Айта кетейік, Нельсон Мандела – Оңтүстік Африка Республикасының сегізінші және тұңғыш қара нәсілді президенті. Апартеид кезінде адам құқықтары үшін күрескен белсенділердің бірі. Саяси тұтқын ретінде ол абақтыда 26 жыл 6 ай 6 күн отырды. 1990 жылы түрмеден шықты. Ал 1993 жылы бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығына ие болды. 2013 жылы 5 желтоқсан күні 95 жасында Нельсон Мандела дүниеден озды.

Фото: Абзал Қалиев


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер