BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 375.9 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 423.56 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.55
Астана:

Экстремизм, онлайн-казино: Жастарға медиа алаңнан төніп тұрған қауіп-қатерлер белгілі болды Эксклюзив

Астана, BAQ.KZ тілшісі. «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Талғат Қалиев қазіргі жастарға медиа алаңнан төніп тұрған қауіп-қатерлерді атады.

Мәжіліс үйінде ТМД жастар парламентаралық ассамблеясының ХІІ отырысы өтті. Халықаралық жиында қозғалған мәселелердің бірі - жастардың медиақауіпсіздігі және заманауи медиабілім стратегиялары.

«Қазіргі таңда медиақауіпсіздік - аса маңызды мәселе. Оны тіпті ең өзекті мәселе деп атаса да болады. Себебі барлық лаңкестік оқиғалар, экстремизм табиғаты бастапқыда медиа алаңда туындай бастайды. Сондай-ақ, олар сол медиа алаң үшін жасалады. Қазір біз неге куә болып отырмыз? Бүгінгі таңда «ақпарат көлемінің көбеюі» деген феноменге қол жеткізіп отырмыз. Біз ақпараттың соңғы 4 жылда бүкіл адамзат тарихында ең көп шығарылғанын жақсы білеміз. Егер 100 жыл бұрын білімді адам бүкіл өмірінде 50 кітап оқыса, «формаңды» сақтап қалу үшін ғана қазір жылына 50 кітап оқуға ұсыныс жасалып отыр. Біз ақпараттық стресс жағдайында жүрміз, қазір жастарға қысым жасалып отыр. Яғни, ата-бабамыз өмір бойы тұтынбаған ақпаратты біз күнделікті тұтынамыз. Осының салдарынан ойлау қабілеті өзгереді. Дәлірек айтсақ, жастар мәліметтерді барынша көрмеуге тырысады. Зейін қою уақыты 7-12 секундпен шектеледі. Бұның нәтижесінде қазір ересектер де автомобильде қосылып тұрған өлеңді соңына дейін тыңдай алмайды. Егер бізге басында радиодан берілген трек ұнамай қалса, басқасына қосуға асығамыз. Біз компьютердегі құжаттың ашылғанын, жабылғанын күте алмай, «тышқанды» басып әлек боламыз. Бұның барлығы «ақпарат көп, біз оны тез фильтрлеп, игеруіміз керек» деген үрейден туындаған феномен», - деді Қалиев.

Маманның айтуынша, «қазір жастар теледидар көрмейді, сондықтан олар дәстүрлі медиа ықпалында емес» деу - дұрыс емес. Себебі теледидар сонша актуалды болмаса да, ол қаралымы жоғары Іnstagram мен Youtube сияқты басқа визуалды сервистерден ақпарат алады.

«Жастар әлеуметтік желілерден ақпарат не жаңалық алмайтыны, өздеріне қалай қатынас орнатуы керек екенін белгілейтіні анықталған. Олар әлеуметтік желіде қоғамдық пікір қалыптастырып отырған адамдарға қарап, өзінің позициясын анықтайды. Яғни, бөтен адамдардың пікірін негізге алады. Бұндай жағдайда жастарды, қоғамдық пікірді басқарып, оларға манипуляция жасау жеңіл. Сәйкесінше, бұл жастардың осал тұсына айналады. Себебі біз интернеттегі экстремизмге мүмкіндік беретін жүйелер мен сервистерді бұғаттаған сайын олар одан сайын көбейіп жатады. Бізде әдетте қылмыс ойлап табылады, одан кейін сонымен күрес жолдары пайда болады. Біз осылайша үлгермей жатамыз. Мысалы, Мәскеуде де, бізде де ойынханаларды ерекше зоналарға шығардық. Бірақ, олар онлайнға көшіп кетті. Егер бұрын ойынқұмар баланы казиноға жібермей, үйде ұстау мүмкін болса, қазір ол үйде отырып, сол ісімен айналыса береді. Біз онлайн казиноларды бұғаттаған сайын олар көбейіп бара жатыр. Сондықтан, жастардың медиа қауіпсіздігі аса өзекті болып барады. Менің ойымша, олармен бұғаттау жолымен, жастарды жабық жерде ұстаумен емес, маңызды, қызықты шаралардың көмегімен күресу керек. Біз сол экстремизммен мақсат-міндеттер, жаңа, қызықты демалыс және білім беру формалары алаңында бәсекелесуіміз қажет», - деп түйіндеді Талғат Қалиев.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер