BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 367.06 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 416.17 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.56
Астана:

ЭКСПО павильондарын жалға беру құны белгілі болды

Фото: Нұржас Жақсыбай

«Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Владимир Лютов арнайы пресс-тур барысында ЭКСПО көрмесінің павильондары қандай бағаға жалға берілетінін мәлім етті, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Оның айтуынша, Мемлекет басшысы «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясына көрме аумағында салынған нысандарды тиімді пайдалану туралы нақты тапсырма беріпті. Осы орайда басшы журналистерге аталған тапсырманың қалай орындалып жатқанын баяндады.

«Қазіргі таңда біз бұрынғы корпоративтік С4.6 павильонында тұрмыз. Оның аумағы 5 мың шаршы метр болған. Бүгінде бұл нысанда жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. 2018 жылдың 1 шілдесінде дәл осы жерде «Астана Hub» орталығы ашылады. Бұл орталық ІТ-стартаптардың алаңы болады. Осы жерде «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасына қатысты лекциялық аудиториялар, лабораториялар, конференция залдары, стартаптарға арналған кеңселер ашылады, - деді Владимир Лютов.

Сонымен қатар, ол С4.6 павильонының жалпы аумағы қайта жаңғыртуға дейін 5 мың шаршы метр болғанын, әрі жөндеу жұмыстары аяқталған соң аталған нысанның ауданы 9,6 мың шаршы метрді құрайтынын атап өтті.

«Қазіргі уақытта осы павильонда 118 жұмысшы, ал жалпы көрме алаңында 800-ге жуық адам жұмыс істеп жатыр. Ал «Астана» халықаралық қаржы орталығы көрменің бұрынғы халықаралық павильондардың аумағында – С3 және С4-те орналасады. Қаржы орталығының нысандары 2018 жылдың 1 желтоқсанында беріліп, 2019 жылы орталық қызметкерлері осында көшіп келеді», - дейді төраға орынбасары.

Владимир Лютовтың айтуынша, С3 павильонында «Астана» халықаралық қаржы орталығының әкімшілігі, соты, қор биржалары орналасса, С4 павильонында білім беруге арналған аумақтар болады. Сондай-ақ, С2 павильонына қайта жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Жұмыстар аяқталған соң онда кеңселік орталықтар ашылады. Бұл кеңседе АХҚО-ның серіктестері жұмыс істейді.

«Қайта жаңғыртуға дейін бұл павильондардың жалпы аумағы (қабатсыз, барлық паркингсіз) 52 мың шаршы метрді құраған. Қайта жаңғырту жұмыстарынан кейін бұл 86,2 мың шаршы метрді құрайды. Сондай-ақ павильондарда қосымша қабаттар салынады. ЭКСПО нысандарын жобалау кезінде біз жүктілік мөлшерін алдын ала есептедік. Елбасы көрме нысандарын пайдалану концепциясымен жақында танысты», - деді басшы.

Осы орайда Мемлекет басшысы аталған концепциямен танысқан соң «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы төмендегідей шешімге келген.

«С1 павильонында ІТ-университет ашылады. Біз жиналыс өткіздік. Бұл нысанды қазір жобалау бойынша тапсырма беріп жатырмыз. Қазіргі уақытта «Нұр Әлем» павильоны жұмыс істеп тұр. Жексенбі күні ғана ол жерге 2 мыңға жуық қонақ келіп кетті. Сондай-ақ, бізде шаршы метрді жалға беру шарты бар. Шамамен мұндағы 1 шаршы метрді жалға алу құны – 6700 теңге. Қазіргі уақытта нысандар пайдалануға берілмегендіктен, қанша жалға алушымен келісімшарт жасалғанын айта алмаймын», - деп түйіндеді сөзін Владимир Лютов.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер