BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 370.49 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 421.06 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.54
Астана:

ЭКО көмегіне жүгінген әрбір отбасының артында көз жасына малынған тағдыр жатыр... Эксклюзив

Фото: instantcheckmate.com, bernardinai.lt және мақала авторы

Әлем бойынша олардың ең алғашқысы жарық дүниеге 1978 жылы, ал Қазақстан бойынша 1996 жылы келген. Олардың әлем бойынша саны 6 миллионнан, ал Қазақстан бойынша саны 30 мыңнан асады. Олар – ата-ананың сан жылдар бойы сарыла күткен үміті. Ол жұмыр жердің бетіне келмес бұрын ананың жатырында емес, шыны құтының құрсауында жатқан. Соған қарамастан олардың өмірге табиғи жолмен келген балалардан еш айырмашылығы жоқ. Бүгінгі әңгімеміз экстрокорпоральді ұрықтандыру нәтижесінде дүниеге келген сәбилер жайлы өрбімек.

Астана қаласындағы Ана мен бала Ұлттық ғылыми орталығының ЭКО бөлімінің басшысы, жоғары санатты дәрігер, медицина ғылымдарының кандидаты Өтепова Гүлнар Тілеулесқызы «Экстрокорпоральді ұрықтандыру әдісіне кімдер жүгіне алады?», «ЭКО жасату қаншалықты қолжетімді?», «Не себепті Қазақстанда ЭКО жасату құны шетелдерге қарағанда арзан?» сияқты бірқатар маңызды сұраққа жауап беріп, ЭКО көмегіне жүгінген сан қилы тағдырлар туралы әңгімеледі.

Әрбір әйел ана болуға құқылы

«Алдымен ЭКО дегеннің не екені және оның көмегіне қандай адамдар жүгіне алатыны жайлы айтып өтсеңіз...»

ЭКО – медицина тілімен айтқанда «экстрокорпаральді ұрықтандыру», ал көпшілікке түсінікті тілмен айтқанда «табиғи жолмен балалы болуға мүмкіндігі жоқ ерлі-зайыптылардың аталық ұрығы мен аналық жасушасын алып, инкубаторда бірнеше күн сақтап, әйелдің жатырына салу арқылы балалы болу мүмкіндігін беретін, бедеуліктің кез келген түрін емдей алатын әдіс». Табиғи жолмен пайда болған баладан айырмашылығы – ер мен әйелдің аталық ұрығы мен аналық жасушасы адам ағзасының ішінде емес, сыртында қосылады.

«ЭКО-ның тағы қандай қосымша әдістері бар?»

Жалғызбасты әйел донордың аталық ұрығын алып, өзінің жатырына салу арқылы бала көтере алады. Тағы бір әдісі – отбасылы әйел ЭКО арқылы да бала көтеруге мүмкіндігі болмаған жағдайда жұбайының және өзінің аталық ұрығы мен аналық жасушасын алып, суррогат ананың жатырына салу арқылы бала сүйе алады.

«ЭКО-ның қай әдісіне жиі жүгінеді?»

Бізге көбінесе отбасылы адамдар бала сүю мақсатымен келеді. Ал жеке өзі үшін бала туып алу сияқты мәселемен келетіндер саны өте аз, дегенмен бұл әдістерге жүгінуге кез келген адам құқылы. Кез келген өркениетті елдерде, тіпті мұсылман мемлекеттерінде донорлық, суррогат ана бағдарламасы бар. Егер қажеттілік, сұраныс болмаса мұндай бағдарлама жүзеге аспаушы еді. Тіпті бұл бағдарламаны халық санын көбейтіп, демографиялық ахуалды жақсарту мақсатында қолданатын адамдар бар. Мысалы, жақында бізге Израильден еврей азаматы келіп, аталық ұрығын өткізді. Біз одан не үшін донор болғысы келетінін сұрағанда, ол «Жер бетінде еврейлердің санын арттырғым келеді» деп жауап берді. Ал неге бізге «Қазақ халқының саны көбейгенін қалаймын» деп ешкім келмейді? Біз Қазақстан халқының санын көбейту үшін кез келген тәсілді, тіпті осы тәсілді де қолданып көру керекпіз.

Көз жасына малынған өмір...

«Бұл жағдайдың екінші қыры бар ғой. Аталық ұрығын өткізген ер адам өзінің заңды некеден туған баласы мен донорлыққа қалдырған аталық ұрығынан пайда болған баласының болашақта кездесіп, тіпті отбасы құрып қалуы мүмкін екендігінен қорықпай ма? Жеті атадан қыз алысып, қыз беріспеген, қан тазалығын сақтаған қазақ халқы үшін бұл өте қауіпті емес пе?»

Егер екі тараптан қарсылық болмаса, донор адам аталық ұрығын қай әйелге бергенін және сол әйелден туған баланы көруге құқылы. Ал тіпті әйел тарапынан қарсылық болып, өз баласын көруі мүмкін емес болса да, донордан тараған ұрпақтың өмірде кездесіп қалу мүмкіндігі өте төмен. Бұл туралы қаншама зерттеу жұмыстары жүргізіліп, қаншама ғылыми әдебиет жазылған. Адам саны тіптен аз мемлекеттердің өзі осы тәсілді қолданады. Біз донордың аталық ұрығын ары кетсе он әйелге ғана береміз. Мұндай жағдайда оның ұрпақтарының бір-бірімен кездесіп қалу мүмкіндігі өте төмен болады.

«Ұрпақ сүю үшін суррогат ананың көмегіне жүгінген ер адамдар туралы мысал келтіре аласыз ба?»

Ондай жағдайлар жиі болмайды. Мысалы, бір отбасының 28 жастағы жалғыз ұлдары болды. Ол парашютпен секіріп, бас сүйегін сындырып алып, аурухана төсегінде ес-түссіз жатты. Оның ата-анасы балаларының аса ауыр жағдайда жатқанын, көп ұзамай жалғыздарынан айырылып қалатындарын сезіп, біздің орталыққа келді. «Баламыздың аталық ұрығын алып қалыңыздаршы. Артынан ұрпақ қалсын» деп жалынды. Біз олардың өтінішін орындап, жігіттің аталық ұрығын алып, қатырып қойдық. Арада 5-6 жыл өткеннен кейін оның ата-анасы суррогат анамен бірге орталығымызға келді. Біз бірнеше жыл бойы сақтап келген ұрықты суррогат ананың жатырына салып, нәтижесінде ол адамдар немерелі болды.

Бала кезде ота жасалып, соның әсерінен бала көтеру мүмкіндігінен айырылған қыз-келіншектер бар. Мұндай жағдайда олар не істеулері керек? Олар да ана атанып, бала сүйгісі келеді. Сонда олар қу тізесін құшақтап отыра берулері керек пе? Біз оларды балалы болу мүмкіндігінен айыруға құқымыз жоқ, керісінше мүмкіндік сыйлауымыз керек.

«Донордың аталық жасушасын алып, өзі үшін бала туып алғысы келетін әйелдер туралы мысал келтіре аласыз ба?»

Донорлық аталық жасуша қазіргі қоғамда көп талқыланып жатыр, бірақ мұның бәрі уақытша құбылыс қана деп білемін. Ерте ме, кеш пе, адамдар мұның бәрі қажет әдіс екенін түсінетін болады. Донорлық бағдарлама бойынша келетін әрбір адамның артында тұтастай өмір, жай ғана өмір емес, көз жасына малынған тағдыр жатыр. Олардың бұл жерге келуі еріккеннің ермегі емес, шын мәнінде жаны ауырып, тығырықтан шығар жол іздеп келеді. Мысалы, біздің орталыққа келген бір әйелдің жұбайы мен баласы көлік апатынан қаза тапқан. Келіншек екінші мәрте тұрмысқа шығуға, жаңа өмір бастауға дайын емес еді. Ол тек қайтадан ана болу бақытын армандады. Балалы болу үшін ер адаммен қарым-қатынаста болуы керек, ал ол жаңа қарым-қатынасты қаламады. Донор ұрығы арқылы бала көтеру ол үшін таптырмас мүмкіндік еді. Біз оның өтінішін жерде қалдыра алмадық, сөйтіп өмірдің мәнін жоғалтқан адамға үміт, жарық сәуле сыйладық.

Донор, суррогат ана мәселесін біз басқа компанияға тапсырдық. Олар донор таңдап, суррогат аналармен жұмыс істейді. Оларды зерттеп, денсаулық жағдайын қадағалап, заңдық сұрақтармен айналысады. Ал дәрігерлердің ондай жұмыстармен айналысуға уақыты бола бермейді.

Құдайдың қалауы болмаса, ЭКО да көмектеспейді

«Дін тұрғысынан алып қарағанда бұл қаншалықты дұрыс әдіс? Дәрігер маман ретінде ғана емес, жалпы өзіңіздің көзқарасыңызды білуге бола ма?»

Алла тағаланың қалауы болмаса, ол бізге мұндай мүмкіндік бермес еді. ЭКО жолымен балалы болудың өзі Алла тағаланың берген сыйы дер едім. Мен де Құдайдың бар екеніне, бір екеніне және соңғы нүктені медицина емес, Алла тағала қоятынына сенемін. Егер Алла тағала қаламаса, адамзат мұндай әдіс-тәсіл ойлап таба алмас еді. Егер Жаратушы қаламаса, мың жерден ЭКО жасатсаңыз да, бала көтере алмайсыз... Алдыма келген әрбір адамға «Баланы Құдайдан сұраңыз, Құдайдан тілеңіз, біз тек себепші ғанамыз. Біз тек алған білім, көрген тәжірибе, дамыған технологиямыз арқылы көмектесе аламыз» деп айтамын.

«Бедеуліктің басты себептері қандай?»

Қазақстандағы бедеуліктің көрсеткіші 15-29 пайыз аралығында. Бедеуліктің себептері көп, солардың бірқатарын атап өтейін. Қарағанды, Өскемен сияқты өндіріс орындары көп шоғырланған өңірлер бедеулік көрсеткіші жоғары аймақтарға жатады. Бізге сол өңірлерден адамдар көп келеді. Аяқтан суық өткізу, алғашқы балаға түсік жасату сияқты әрекеттер арқылы денсаулыққа немқұрайлы қарау немесе басқа да оқыс жағдайлар әсерінен адам табиғи жолмен бала сүю мүмкіндігінен айырылып қалуы мүмкін.

«Қазақстан бойынша қанша ЭКО орталық бар? Квота арқылы ЭКО жасату тәртібі туралы айтып өтсеңіз».

Қазақстанда үлкен-кішісін қосқанда 20 ЭКО орталығы бар. Оның екеуі Астана және Алматыдағы мемлекеттік мекеме болып табылса, қалғаны жеке меншік мекемелер. 2010 жылдан бері Қазақстанда бағдарламалық қолдау, яғни квота бар. 2010 жылы ЭКО арқылы ұрпақ сүюге 100 квота, 2017 жылы 950 квота бөлінген, ал биыл одан да көп квота бөлінбек. Квота адамға жылына бір-ақ рет беріледі. ЭКО-ны қажет ететін адам міндетті түрде жергілікті жер бойынша тіркеуге тұруы керек. Әр аймаққа берілетін квота саны бедеулік бойынша тіркеуге тұрған адам санына байланысты болады. Егер сіздің өңіріңізде бедеулік бойынша тіркелгендердің саны көп болса, квота да көбірек бөлінеді. Ал квотаны бір рет пайдаланғанда бала болмай қалса, қайтадан кезекке тұрып, күтуіңізге тура келеді. Квота арқылы келген адамдарға қызмет түрлері тегін көрсетіледі, бірақ басқа аймақтардан келген отбасылар пәтер жалдау, жол жүру, тамақ алу сияқты шығындар мен бір реттік кешенді тексерілу шығындарын өз қаражаты есебінен төлейді. Бір жолғы кешенді тексерілу квота есебіне кірмейді, өйткені ЭКО сол тексеруден өтуден кейін ғана жасалады.

Қазақстанда ЭКО жасату құны қымбат емес

«Квотасыз, өз қаражаты есебінен ЭКО жасатудың орташа есеппен құны қанша?»

Бізде ЭКО бағасы басқа мемлекеттерге қарағанда арзан. Шетелдегі дәрігерлердің жалақысы жоғары, сондықтан оларда қызмет түрі де қымбат. Ол жақта ЭКО арқылы бала сүюге бір рет талпынып көру бағасы орташа есеппен 30-35 мың доллар тұрса, бізде 650 000-1200 000 теңге аралығында шығын болады. Бұл қаражаттың көбі дәрі-дәрмекке кетеді. Қандай дәрі ішуі керектігі, қандай мөлшерде қабылдайтыны әрбір әйелдің ағзасына, денсаулық жағдайына байланысты болады. Ал инкубатор, жасанды ұрықтандыру, оны бірнеше күн сақтау, медициналық құрылғылар сияқты жалпы процедура үшін кассаға 35 мың теңге төленеді.

«Астана қаласы Ана мен бала Ұлттық ғылыми орталығының ашылу тарихына тоқталып өтсеңіз».

Біздің орталық 2007 жылы Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен ашылған. Орталықтың ашылу салтанатында Президентіміз бұл орталықтың әлемдегі ең мықты орталықтың бірі болғанын қалайтынын айтқан. Қазіргі таңда біз Қазақстандағы ең мықты орталықтың біріміз деп ауыз толтырып айта аламын, себебі бізде ең мықты мамандар жұмыс істейді. Бірінші күннен бері жұмыс істеп келе жатқан мамандардың бірі менмін. Осы уақытқа дейін дәл осы орталықта мың жарымнан астам бала ЭКО арқылы дүниеге келді. Біздің орталыққа Қазақстанның түкпір-түкпірінен ғана емес, шетелден де келетін отбасылар қатары көп. Америка, Франция, Иран, Ирак, Біріккен Араб Әмірліктерінен келетіндер бар. Германияда 6 рет ЭКО көмегіне жүгініп, алты рет те жолы болмай, біздің орталыққа келген адамның жолы болып, айы-күні таяп отырған жайы бар. Тоғыз рет ЭКО көмегіне жүгініп, оныншы рет біздің орталықта жолы болған адамдар да бар.

Көзбен көрсетіп, қолмен ұстата алмайтын себептер болады...

«Көп жылдар бойы баланы армандағанымен, жеме-жемге келгенде тәуекел етуге қорқатын ата-аналар бола ма? Ондай жағдайда оларға психологиялық тұрғыда көмек көрсетіле ме?»

Әйел ана болуға психологиялық тұрғыда әрдайым дайын болуы керек. Негізі бізде кеңес беру уақыты 40 минут болғанымен, алдыма келген ата-анамен 2-2,5 сағат бойы сөйлесемін. Бойдағы үрей, көздегі қорқыныш пен айналадағы адамдарға деген өкпе-реніштің бәрі болашақ анаға психологиялық тұрғыда кері әсер етеді. Ана болу үшін алдымен жан тыныштығы болуы керек. Мен оларға «Әр бала ата-ананы өзі таңдайды. Оған күйзеліске түскен, өзін-өзі күтпейтін, өзін-өзі ұстай алмайтын ата-ана керек пе? Егер сен өз-өзіңді ұстай алмасаң, балаңа қалай қамқор боласың?» деп айтамын. Жалпы адамның қолы ашық, көңілі кең болуы керек. Кейде ата-ананың бала көтере алмауының көзбен көріп, сөзбен жеткізе алмайтын себептері болады. Ешқашан ешкімге қол ұшын созып көрмеген адамға Алла тағала да ештеңе бермейді. Бәрі де адамның пейіліне байланысты. Сен балаңа махаббатыңды беруге дайын болу керексің.

«ЭКО арқылы дүниеге келген баланың болашақта өзі де бедеу болып қалу қаупі бар ма? Дегенмен олар өмірге жасанды жолмен келеді ғой...»

Бедеулік тұқым қуалайтын немесе туа бітті пайда болатын дерт емес. ЭКО арқылы туған 6 000 000 баланың денсаулық, интеллект, өмірде жеткен жетістіктеріне қатысты табиғи жолмен өмірге келген балалардан еш айырмашылығы жоқ екенін дәлелдейтін әлемдік статистика бар. Осы сұрақпен айналысатын әлемдік деңгейдегі институттар мәліметтерді ресми сайттарына жариялап тұрады. Тіпті, ЭКО арқылы өмірге келген балалар қабілеттірек, жетістікке жетуге деген құштарлығы жоғарырақ болады деген де тұжырым бар, себебі олар ата-ананың сарғайып, тым ұзақ уақыт бойы күткен, жан-тәнімен қалаған баласы және ата-анасы олар үшін қолындағы барын аямай, жан-жақты дамытуға бар күшін салады. Кей ата-ана бірден екі, үш балалы болғылары келеді, бірақ біз оларға ол ананың денсаулығына қауіп төндіретінін, одан да бір баланы өмірге әкеліп, жақсы тәрбие бергенін, қажет болған жағдайда тағы да біздің көмегімізге жүгінулеріне болатынын түсіндіреміз.

«Сұхбатыңыз үшін рахмет! Жұмысыңызға сәттілік тілеймін! »

Біздің анықтама

Осы жылдың 20, 21 ақпан күндері Астана қаласы Ана мен бала Ұлттық ғылыми орталығындағы жасанды ұрықтандыру бөлімшесінде ашық есік күні жарияланғанын еске сала кетейік. Дәрігер, акушер-гинеколог, репродуктолог, уролог-андролог мамандар бала сүйе алмай жүрген отбасыларға тегін түрде кеңес береді. Дәрігер мамандар кеңес беріп қана қоймай, ультрадыбыстық тексеруден өткізіп, ары қарайғы емшараларын жоспарлап, қажет болған жағдайда жасанды ұрықтандыруға шақырады.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер