BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 369.98 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 428.7 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.64
Астана:

БЖЗҚ проблемалық эмитенттермен жұмысын жалғастыруда

Фото: Qamshy.kz

2018 жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша Қор 20 проблемалық эмитенттермен жұмыс істеуде және олардың атаулы құны бойынша берешегінің жалпы сомасы 41,15 млрд теңгені құрады. Естеріңізге сала кетейік, 2014 жылы зейнетақы активтерін шоғырландыру нәтижесінде БЖЗҚ портфеліне өткен 32 эмитенттің атаулы құны бойынша берешегінің жалпы сомасы 161,45 млрд теңге болған еді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі «БЖЗҚ» АҚ баспасөз орталығына сілтеме жасап.

«Қазақстан қағазы» АҚ эмитенті бойынша – 2017 жылдың желтоқсанында оңалту шаралары тоқтатылды және банкроттық рәсімі қолданылды. Алайда Қор оңалту шараларының тоқтатылуымен келіспеуіне байланысты 2018 жылы Жоғарғы Сотқа өтініш жолдады. Осы жылдың шілде айында Жоғарғы Сот оңалту шараларын тоқтату туралы бұрынғы сот актілерінің күшін жою, істі Жоғарғы Соттың азаматтық істер бойынша алқасының сот отырысында қарау туралы шешім шығарды. Істі қайта қарау биылғы жылдың 22 тамызына белгіленген», - делінген хабарламада.

Қор борыштарды азаматтық тәртіпте қайтарудың бүкіл мүмкіндіктері нәтиже бермеген эмитенттерге қатысты шараларды қылмыстық-құқықтық негізде шешу туралы шешім қабылдаған. Бұл шешім осы бағыттағы жұмыстардың ілгерілеуіне айтарлықтай ықпал етіпті.

«Зейнетақы активтеріне зиян келтірген тұлғаларды жауапқа тарту туралы Қор жұмысының нәтижесінде «РЭМИКС-Р» АҚ лауазымды қызметкерлеріне қатысты Қылмыстық кодекстің «Аса ірі көлемдегі алаяқтық» бабы бойынша және «Өрнек XXI» АҚ басшыларына қатысты «Аса ірі көлемде қаржы жымқырған» (ескі редакция) бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. «Рэмикс-Р» компаниясына қатысты Қылмыстық іс аясында Қорға келтірілген шығын көлемін анықтау мақсатында аудиторлық тексеру, сонымен қатар ҚР Ұлттық Банкінің қатысуымен тексеру жүргізілуде. Тексеру қорытындысы бойынша эмитенттің лауазымды тұлғаларының әрекетіне баға берілетін болады», - делінген хабарламада.

Ұлттық Банктің «Өрнек ХХІ» компаниясына қатысты облигациялық қарызды мақсатты пайдаланылуын тексеру барысында эмитент басшылығының облигацияларды орналастыру барысында 2 млрд теңгеден астам қаржыны проспектіде белгіленбеген мақсаттарға жұмсағаны анықталған.

Сонымен бірге, кейбір эмитенттер Қор алдындағы міндеттемелерін орындаудан жалтарып бағуда. Соның ішінде 2010 жылы «Атамекен» және «Ұлар үміт» зейнетақы жинақтаушы қорларының облигацияларын сатып алған «HOMEBROKER» АҚ бар. 2014 жылы компания дефолтқа жол берген.

«Эмитенттің мүлігі мен активтерінің болмауына байланысты Қор алдындағы берешекті өтеудің жалғыз жолы – сол эмитенттің дебиторлық қарызы арқылы өтеп алу. Бұл ретте эмитенттің борышкерлері Асаубаев Бауыржан Қанатұлының мұрагерлері болып табылады. Ол кезінде эмитент алдында үшінші тұлғалардың қарызы үшін жеке өзі кепілдік берген.

Алайда 2017 жылы маусымда Алматы қаласының арнаулы мамандандырылған экономикалық сотыны шешімімен Асаубаев мырзаның мұрагерлері эмитенттің борышкерлері тізімінен алынып тасталды. Қор бұл шешімге қатысты ҚР Жоғарғы Сотына шағым түсірді. ҚР Жоғарғы Соты БЖЗҚ-ның шағымын қанағаттандырғанына қарамастан, 2018 жылдың 31 шілдесінде Алматы қалалық сотының шешімімен Б. К. Асаубаевтың мұрагерлері Эмитент борышкерлері тізімінен тағы да шығарылып тасталды. Енді сот актісі алынып, қаралған соң, Қор бұл шешімге қатысты шағым түсіру бойынша шара қабылдайтын болады», - делінген «БЖЗҚ» АҚ таратқан хабарламада.

Тағы бір эмитент – «Тема.Ко» АҚ жетекшісі Г. А. Ахметов және эмитенттің бенефициарлық меншік иелерінің бірі Б. А. Ахметов облигациялық қарызды өзге мақсатқа пайдаланғаны үшін жауапкершіліктен жалтарып, сот шешімін орындамау үшін басшылар мен құрылтайшыларды жалған жеке тұлғаның атына аударып, компанияны жоқ мекенжайға қайта тіркеген. Алайда Қор жұмыстарының арқасында эмитенттің заңсыз қайта тіркелуіне тосқауыл қойылған. Әділет органдары заңды тұлғалар базасына түзету енгізіп, «Тема.Ко» компаниясының бұрынғы мекенжайын қалпына келтірген. Қазіргі кезде Ұлттық Банк аталмыш эмитенттің облигацияларын «Отан» зейнетақы жинақтаушы қорының сатып алуы қаншалықты заңды екенін тексеруді аяқтауға жақын.

«Казнефтехим» АҚ-тың 2005 жылы зейнетақы активтері есебінен құрал-жабдық сатып алуға тартқан 1,03 млрд теңге көлеміндегі облигациялық қарызы өзге мақсатқа жұмсалған. Осыған орай, Қор эмитенттің басшысы Е. Л. Киришевті Қылмыстық кодекстің «Қаржы жымқыру, талан-таражға салу» және «Облигациялық қарызды өзге мақсатқа жұмсау» баптары бойынша қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы құқық қорғау органдарына шағым түсірді. Құқық қорғау органдарының ақпаратына сай, сотқа дейінгі тергеу жұмыстары тек Киришевтің қайда екені анықталғаннан кейін басталады. Қазір оған жазасын өтеуден бой тасалап жүргені үшін іздеу жарияланған», - делінген хабарламада.

Қор зейнетақы активтерін талан-таражға салған тұлғаларды және сот шешімдерін орындауға кедергі келтіріп жүрген азаматтарды жауапқа тарту үшін барлық әрекеттерді жүзеге асырып жатқандығын мәлімдеді.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер