BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 367.06 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 416.17 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.56
Астана:

Біздің интернет дағдыларымыз жабайы табиғатқа қалай әсер етеді?

Күнделікті кешке қарай «Бүгін күн ұзақ болды, сол себепті енді еркін демалып, интернеттен әдемі көріністерді тамашалауға болады», деп ойлайтын адамдар саны баршылық. Әсіресе бұл жануарларды сүйетін адамдар үшін қалыпты жағдай, тіпті, күнделікті әдетке айналған. Бірақ біздің бұл әрекетіміз жабайы табиғатқа кері әсерін тигізуі мүмкін бе? Осы және өзге де мәселелер жөнінде Baq.kz ақпарат агенттігі ВВС Earth басылымына сілтеме жасап жазады.

Бүгінгі таңда интернетте қызыл пандалар өте танымалдылыққа ие. Тіпті олардың лақап аттары Firefox интернет браузерімен аттас екені де белгілі. Кез келген адам интернеттен бұл жануарлардың әдемі суреттері мен видеоларын жылдам тауып, тамашалай алады. Бұл видеолар мен фотолар қызыл пандалар өмір сүретін Қытай мен Непал тауларындағы жабайы табиғатта түсірілген. Соңғы үш буында олардың саны елу пайызға азайғандықтан, бүгінгі таңда бұл пандалар Халықаралық табиғатты қорғау кеңесінің шешімімен жоғалып кету қаупі бар жануарлар тізіміне енгізілген. Мамандардың айтуынша, қазіргі таңда олардың жабайы табиғаттағы саны 2500-ден де аз.

Жоғалып бара жатқан бұл жануарларды қорғау мақсатында құрылған Red Panda қайырымдылық ұйымы пандалардың бүгінгі ауыр жағдайы туралы көптеп ақпараттандырып, оларды сақтап қалудың негізгі бағдарламаларын қаржыландыру, насихат жұмыстарын жүргізу секілді міндеттерді қолға алған. 2010 жылдан бері олар жыл сайын Қызыл пандалардың халықаралық күнін ұйымдастырып, бұл жануарлар YouTube арналарының объектісі емес екенін түсіндіруге тырысады. Өкінішке қарай, олардың жануарларды қорғау үшін істеген әрекеттеріне қарамастан 2018 жылдың қаңтар айында Лаоста көптеген қызыл пандалар контрабандиттердің қолынан табылған еді. Олар бұл пандаларды қара нарықта үй жануарлары ретінде сатуға тырысқан. Бұл интернеттегі көптеген әдемі видеолардың әсерінен болды ма, әлде сұраныстың артуынан болды ма, оны нақты айту әрі дәлелдеу қиын. Дегенмен, пандалар туралы қате насихат оларға деген көзқарастың өзгеруіне алып келетіні анық.

Сөз арасында Sonia Loris жағдайын есіңізге алып көріңізші. Цифрлы ғасырда Оңтүстік шығыс Азия тұрғынының иесі оны қытықтағанда қолын көкке көтеріп тұрған видеосы интернетте вирусты видео ретінде кең тарап кеткен еді. Өкінішке қарай, жануарлар әрекетін зерттейтін сарапшылардың айтуынша, біз Соня атты лори қытықты ұнатып тұр деп ойлағанымызбен, негізінен оның әрекеті бұл жануардың көңіл-күйі жоқ екенін көрсетеді.

«Ресейдегі пәтерде тұрып жатқан Соня артық салмақ кесірінен өзінің иесіне осылайша қорғаныс әрекетін көрсеткен», дейді мамандар.

2013 жылы Анна Некарис атты профессор мен оның әріптестері интернет-тұтынушылардың бұл видеоны қалай қабылдағаны туралы зерттеу жүргізеді. Видеолар жарияланған алғашқы айларда интернеттегі пікір білдірушілердің төрттен бірі Халықаралық табиғатты қорғау кеңесі лорилерді қорғауға алғанына қарамастан бұл жануарды үйде ұстағысы келетін ниеттері бар екенін айтқан.

Профессор Некарис зерттеу қорытындысы бойынша бұл көрсеткішке алаңдаушылық білдіретінін, бұл жануардың бұл түрі үшін ешқандай жақсылық әкелмейтінін айтты. Сонымен қатар ол кейбір облыстарда бұл жануарлардың саудасы тоқтап қалғаны туралы көрсеткішке қуануға болмайтынына, себебі ол жерлерде лорилер қырылып қалған соң ғана саудаланбай жатқанына назар аударды.

«Лорилер жабайы жануарлар арасында ең көп заңсыз саудаланады. Сонымен қатар олар үй жануарлары ретінде немесе дәстүрлі медицинада қолданылу үшін көп сатылады», дейді профессор.

Жануарлардың сатылуына мониторинг жасайтын TRAFFIC желісінің хабарлауынша, жабайы табиғат элементтері бар жарнама Қытайда 2012 − 2016 жылдар аралығында елу пайызға қысқарғанымен, бұл жақсы көрсеткіштің де алаңдатарлық жағы бар. Себебі жабайы жануарлардың заңсыз саудасы әлеуметтік желілер мен онлайн қауымдастықтардағы электронды коммерцияға өткен. Бұл әсіресе түрлі видеолар астындағы «Маған да біреуі керек еді» деген секілді пікірлерден басталады.

Дегенмен, бұл жағдай өзгереді деген үміт те жоқ емес. 2018 жылы әлемдегі ең ірі 20 технологиялық компания WWF табиғатты қорғау ұйымымен бірігіп жануарларды қорғау және олардың заңсыз сатылымымен бірігіп күресетіндерін мәлімдеді. Жабайы жануарлардың саудасымен күресетін жаһандық коалиция 2020 жылға қарай бүгінгі көрсеткішті 80 пайызға қысқартуға ниетті екендігін хабарлады.

Профессор Некарис әлеуметтік желілерде әсіресе абай болу керектігін ескертті. Жабайы табиғаттың эксплуатациясы туралы ақпараттандыруды арттыру үшін Instagram да бастама көтерді. Соның негізінде #tigerselfie немесе #slowloris секілді хэштегтерді қолданып сурет немесе видео жариялағысы келетін тұтынушылар жабайы табиғатты қорғау туралы ескерту алатын болады. 2018 жылдың сәуір айында BBC Earth Instagram әлеуметтік желісімен бірігіп бұлардың қатарына #orangutan және #pangolin хэштегтерін қосу жұмысын жүргізді.

«Instagram жабайы табиғатты қорғау мақсатында осындай бастама көтерген болатын. Тұтынушылар соның негізінде аталған хэштегтерді қолданатын болса ескерту алады», деді ол.

Интернеттегі суреттер мен видеолардың әсері көп. Сондықтан өзіңіз көріп отырған көріністі жан жақты саралап, ойланған маңызды. Егер олар көңіліңізге күдік ұялатса, бірден платформаға хабарласқан жөн. Сонымен қатар жабайы табиғат элементтері бар суреттер мен видеоларды көргенде оларды сақтап қалу туралы пікір білдіріп, оның маңыздылығына мән беруге тырысқан жөн. Себебі көптеген қайырымдылық ұйымдары жануарлар түрлерінің жоғалып кетуіне тек жаһандық онлайн аудитория мен оның назарын аударғанда ғана мән бере бастайды. Сонда ғана біз экраннан көріп отырған сүйкімді жануарларға оларды табиғи зонасында өмір сүруіне септігін тигізе аламыз.

Ағылшын тілінен аударған Алтынай Қуанышбек


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
19 Қараша 2018, 02:49
МЕН ӨМІРГЕ ҚАЛАЙ КЕЛДІМ?
Пікірлер