BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 352.54 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 415.15 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.31
Астана:

Бишімбаевтың жазықсыз екенін дәлелдейтін айғақтарымыз болды – қорғаушы

Фото: Тұрар Қазанғап

Бүгін бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев сот үкімімен 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Алайда оның адвокаты Сейіт Рахманов соттың Қуандық Бишімбаевтың жазықсыз екенін дәлелдейтін айғақтарға қарамастан, әділетсіз шешім шығарғанын айтты, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Біз болған жағдайды егжей-тегжейлі зерттедік. Соған қарамастан сот өз шешімін шығарды. Біз соттың үкімі негізсіз деген пікірдеміз. Заңмен белгіленген сот үкімінің үстінен қайта шағым түсіруге болатын тәртіп бар. Соттың үкімін қолымызға алған соң, аппеляциялық шағым түсіру мәселесін қарастырамыз.», - деді ол.

Сонымен қатар Сейіт Рахманов соттың Қуандық Бишімбаевтың жазықсыз екенін дәлелдейтін айғақтарға қарамастан әділетсіз шешім шығарғанын жеткізді.

«Аталған істе Қуандық Бишімбаевтың жазықсыз екенін дәлелдейтін, күмән тудырмайтын айғақтар болды. Сонымен қатар оларда «2 млрд теңге көлемінде пара алды» деген айыпты дәлелдейтін ешқандай айғақ болған жоқ. Біз соттың үкімімен келіспейміз», - деп түйіндеді сөзін адвокат журналистерге сот процесі аяқталған соң.

Естеріңізге сала кетейік, ҚР Ұлттық экономика министрлігінің бұрынғы басшысы Қуандық Бишімбаевқа қатысты сот процесі 2017 жылдың 7 қарашасында басталған.

Оған Қызылордадағы шыны зауытын салуға бөлінген 1 млрд теңгені жымқырып, қылмыстық істі ұйымдастырған деген айыптар тағылған. Кейін экс-министрдің адвокаттары журналистерге Қуандық Бишімбаевтың сот процесінің әділ өтетініне сенетінін мәлімдеген.

Сонымен қатар, олар ҚР Ұлттық экономика министрлігінің бұрынғы басшысына «мемлекет қаржысын жымқырды» деп тағылған айыптың орынсыз екенін атап өтіп, тергеу барысында өрескел заңбұзушылықтар болғанын ашық айтқан.

Қуандық Бишімбаев сот процесі кезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтан кешірім сұрап, тергеу амалдарының әділетсіз жүргізіліп жатқанын мәлімдеген. Сонымен қатар, ол Астана іргесінен қалай зәулім үй салғанын түсіндірген.

Сондай-ақ, процесс барысында прокурор экс-министр Қуандық Бишімбаевты 12 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Алайда сотта Қуандық Бишімбаев өзіне тағылған айыптарды мойындамаған болатын. Бір жылға жуық қамауда жатқан жауапкер өз сөзінде алдымен ел азаматтарының қамын ойлағандығын, сырын білмесе де, сырттан келген адамдарға сеніп, жұмысқа алғанын, ақыры жұмыстың осылай жайсыз аяқталғанын айтқан. 38 жастағы экс-министр халықтан да кешірім сұраған болатын.

Айта кетейік, Қуандық Бишімбаевпен қатар аталған атышулы сот ісінде 22 адамға айып тағылып, тергеу жүргізілген болатын.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер