BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 371.31 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 419.32 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.59
Астана:

Әйелі: Қуандық Бишімбаевты әлі де ақтап алуға тырысамыз

Фото: Informburo.kz

Бүгін бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев соттың үкімімен 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Осы орайда Бишімбаевтың әйелі Назым Бишімбаева соттың үкімімен келіспейтінін айтты, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Біз сот үкімімен келіспейміз. Сот мәселенің анық-қанығына жеткен жоқ деген пікірдеміз. Судья жанама деректер туралы айтты. Бірақ оның (Қуандық Бишімбаевтың – автор) айыбын дәлелдейтін айғақтар болған жоқ. Қайта шағым түсіреміз», - деді бұрынғы экономика министрінің әйелі сот процесі аяқталған соң журналистерге.

Сонымен қатар, Назым Бишімбаева Қуандық Бишімбаевқа тиесілі Астана іргесінде салынған зәулім үйге қатысты өз ойын айтты. Оның пікірінше, бұрынғы экономика министрі заңға қайшы әрекет жасамаған.

«Үйге қатысты сұраққа тоқталайын. Бізде Бишімбаевтың үйді салуға тапсырыс бермегені жайында басқа куәгерлердің айтқан деректері бар. Барлық куәгер үйдің шығынын ортақтасып шығарғандарын айтады. Тіпті бізде чек те бар. Ол пара алынған күннің уақытымен сәйкес келмейді. Сондықтан біз соттың үкімімен келіспейміз. Оның үстіне қайта шағым түсіреміз. Қуандық Бишімбаевты ақтап алуға тырысамыз. Ол заңға қайшы әрекет жасаған жоқ», - деп түйіндеді сөзін ол.

Естеріңізге сала кетейік, ҚР Ұлттық экономика министрлігінің бұрынғы басшысы Қуандық Бишімбаевқа қатысты сот процесі 2017 жылдың 7 қарашасында басталған.

Оған Қызылордадағы шыны зауытын салуға бөлінген 1 млрд теңгені жымқырып, қылмыстық істі ұйымдастырған деген айыптар тағылған. Кейін экс-министрдің адвокаттары журналистерге Қуандық Бишімбаевтың сот процесінің әділ өтетініне сенетінін мәлімдеген.

Сонымен қатар, олар ҚР Ұлттық экономика министрлігінің бұрынғы басшысына «мемлекет қаржысын жымқырды» деп тағылған айыптың орынсыз екенін атап өтіп, тергеу барысында өрескел заңбұзушылықтар болғанын ашық айтқан.

Қуандық Бишімбаев сот процесі кезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтан кешірім сұрап, тергеу амалдарының әділетсіз жүргізіліп жатқанын мәлімдеген. Сонымен қатар, ол Астана іргесінен қалай зәулім үй салғанын түсіндірген.

Сондай-ақ, процесс барысында прокурор экс-министр Қуандық Бишімбаевты 12 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Алайда сотта Қуандық Бишімбаев өзіне тағылған айыптарды мойындамаған болатын. Бір жылға жуық қамауда жатқан жауапкер өз сөзінде алдымен ел азаматтарының қамын ойлағандығын, сырын білмесе де, сырттан келген адамдарға сеніп, жұмысқа алғанын, ақыры жұмыстың осылай жайсыз аяқталғанын айтқан. 38 жастағы экс-министр халықтан да кешірім сұраған болатын.

Айта кетейік, Қуандық Бишімбаевпен қатар аталған атышулы сот ісінде 22 адамға айып тағылып, тергеу жүргізілген болатын.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер