BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 374.2 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 420.34 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.52
Астана:

Баспана бағдарламаларын шатастыратындар көп – маман Эксклюзив

Фото: ашық дереккөзден

Мемлекет басшысы әрбір қазақстандықтың баспаналы болуын қамтамасыз ету бойынша Үкіметке бірқатар тапсырмалар беріп, елімізде оған сәйкес арнайы бағдарламалар қабылдануда. Baq.kz тілшісі «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Жамбыл облысындағы филиалының бизнесті дамыту бөлімінің басшысы Бердияр Құттыбаевпен ел азаматтарының баспанаға қол жеткізуіне бағытталған бағдарламалар өңірде қалай жүзеге асырылып жатқаны туралы сұхбат жүргізді.

- Облыс әкімі 2018-2019 жылдары өңірде 400 мың шаршы метрге жуық баспана берілетінін мәлімдеген болатын. Осы меже жүзеге асады ма?

- 2016 жылы «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырыла бастаған болатын. Аталған бағдарлама баспана, жер телімін алу бойынша оған дейін қабылданған басқа бағдарламалардың барлығының басын біріктірді. Қазір «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша бағыттар өте көп. Осы орайда, азаматтар бір бағдарлама талабын екінші бағдарламамен шатастырып алады. Мысалы, қазір бір «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша жұмыс жасап жатқан кредиттік баспана деген бар. Облыстағы №15 шағын аудан осы талаптармен беріліп жатыр. Оның талаптары бойынша алдын ала салым 20% құраса, ипотекалық несие 5% беріледі және оны 19 жылға рәсімдеуге болады. Егер, кредит өтінішін 19 жылға рәсімдейтін болса, алғашқы 8 жыл 5% төленеді де, қалған 11 жылда пайыздық үстеме 3,8% дейін төмендейді.

- Иелігінде баспанасы болу-болмауына да қатысты талап бар ма?

- Иә. Сонымен қатар, Қазақстан азаматының атында соңғы 5 жылда ешқандай үй болмауы керек. Егер, оның атындағы баспана сабан үй немесе тозығы жеткен болса, осы туралы жергілікті әкімшіліктен сәйкес анықтама ұсынуы керек. Ал «7-20-25» бағдарламасының талаптары бойынша, бағдарламаға қатысушының атында қандай да бір баспананың болмауы жеткілікті. Мұнда «соңғы 5 жыл» деген мерзімдік шектеу көрсетілмеген.

- Жаңа шағын аудандағы пәтерлерді 7-20-25 бағдарламасы арқылы беру қарастырылған ба?

- Ағымдағы жылдың 22 шілдесінде «Нұрлы жер» бағдарламасына өзгертулер мен толықтырулар енгізіліп, кей тармақтары алынып тасталды. Оған сәйкес, егер, қазір жаңа пәтерлер ұсынылып жатқан Тараз қаласындағы №15 шағын ауданда аталған бағдарлама бойынша игерілмей қалған пәтерлер болса, олар жергілікті атқарушы органға тапсырылады. Сәйкесінше, бұл баспаналар «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасы бойынша іске асырылады.

- «Нұрлы жер» бағдарламасының тиімділігі неде болып отыр?

- Алдын ала салым 20% болғанымен, мұнда пайыздық үстеме 5%. Бұл пайыздық үстеме белгілі бір мерзімнен кейін тағы төмендетіліп, азаматтардың төлем қабілетіне жеңілдік ретінде қарастырылған. Сонымен қатар, біздің өңірде бағдарлама бойынша берілетін баспананың әрбір шаршы метрі 116 мың теңге шегінде тұр. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, Тараз қаласында сатылымға шығарылған пәтерлердің бір шаршы метрі үшін орташа құны 150-160 мың теңге аралығында болып тұр. Бұл – статистика.

- Ұсынылып отырған пәтерлердің ахуалы қандай?

- Бұл пәтерлер қолайлылық санаты бойынша ІІІ топқа жатады. Жаңа пәтер иелері тек жиһазын кіргізіп, тұра береді. Себебі, үйдің іші толықтай жабдықталған. Қандай да бір жөндеу немесе сылақ жұмыстарын жүргізу қажеттілігі жоқ.

- Азаматтардың баспанаға өтініш беру белсенділігі қандай?

- Ағымдағы жылдың тамыз айына дейін біз 800 пәтерлі тұрғын үй ауданына өтініштер қабылдадық. Қазіргі уақытта 258 пәтерді беру бойынша келісімшарт жасалып қойды. Қалған бос пәтерлерді ұсыну бойынша 2018 жылғы 18 қыркүйектен бастап қосымша өтініш қабылдай бастадық және өтініштерді қабылдау 17 қазанға дейін жалғасады.

- Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымшыларының саны артып жатыр ма?

- Әрине. Банк салымшыларының саны жылдан-жылға қарқынды өсіп келеді. Себебі, елдегі баспана бағдарламалары тиімді болып отыр.

-Әңгімеңізге рахмет!


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер