USD 335.71 EUR 357.36 RUB 5.23
Астана:

Бас мүфти Әбсаттар Смановтың қайтыс болуына байланысты көңіл айтты

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Ержан қажы Малғажыұлы ҚМДБ Ғұламалар Кеңесінің мүшесі, «Сарыағаш» медресесінің директоры, белгілі дінтанушы ғалым Әбсаттар Шәкірұлы Смановтың қайтыс болуына байланысты марқұмның отбасына, туған-туыстарына көңіл айтты, деп хабарлайды Baq.kz.

«Еліміздің діни саласында үлкен қайғылы оқиға орын алды. Асыл дініміздің өркендеу жолында талай жыл табанды еңбек етіп, шәкірт тәрбиелеген бауырымыз, танымал теолог Әбсаттар Шәкірұлы дүние салды. Марқұмның отбасына, ағайын-жұртына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұжымы, Ғұламалар Кеңесі атынан көңіл айтамын. Ә.Смановтың жазған еңбектері мен діни-ағарту саласына қосқан үлкен үлесі еліміздің дін қызметкерлері үшін әрқашан үлгі болмақ. Марқұмның жаны жәннатта болғай! Алла алдынан жарылқап, мейірімі мен рахымына бөлегей! Әмин!» – делінген Бас мүфтидің көңіл айту жеделхатында.

Сманов Әбсаттар Шәкірұлы 1989-1993 жылдар аралығында Өзбекстандағы имам әл-Бұхари атындағы Жоғары Ислам институтын үздік дипломмен бітірді. 1995-2002 жылдар аралығында «Таяқты Ешан» мешіті жанындағы сауат ашу курсын басқарды. 2009 жылдан бері ҚМДБ жанындағы Ғұламалар Кеңесінің мүшесі. Осыған дейін «Сарыағаш» медресесін басқарды. 2008-2010 жылдары Құран Кәрімді қазақ тіліне аударды.

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер0

Сіздің пікіріңіздің модерациядан кейін жарияланады