USD 334.31 EUR 355.17 RUB 5.31
Астана:

Баланы надан ету – ең үлкен күнә

Мектеп – қасиетті орын. Бүгінгі таңда мектептің киім формасы хиджабқа сәйкес келмейді деп баланы Алланың ең маңызды парыз еткен ілімінен айыруға болмайды. Баланы мектепке жібермей, «жаһил» ету, яғни, қараңғы, надан ету – ең үлкен күнә.

"...айтқан адамның өзі кәпір болады"

Мұсылман әйелдердің орамал тағуы Құранда бұйырылғандықтан, ол, әрине, парыз амал болып есептеледі. Парызды мойындамау – күпірлік, ол діннен шығуға алып барады. Ал орамалдың парыз екенін мойындаса, бірақ белгілі бір себептермен таға алмаса, ол әйел немесе қыз бала болсын, мұсылмандықтан шыққан болып саналмайды. Яғни, жүрегінде иманы бар болса, орамал тақпаған әйелді «мұсылман емес, кәпір» деп ешкім айта алмайды. Керісінше, бұл жағдайда Мұхаммед пайғамбардың: «Кімде-кім бауырына: «Ей, кәпір!» – десе, егер ол адам шынымен кәпір болмаса, онда айтқан адамның өзі кәпір болады» деген қатаң ескертуін есте ұстау орынды. Ислам шариғаты бойынша иман келтірген мұсылман адамды «кәпір» деп айыптауға болмайды.

Білім алу ұлға да, қызға да парыз етілген

Ислам дінінде адамдар жынысына қарамастан жаратылысынан тең болғандықтан әйел мен ер адамдарға білім алу бірдей парыз етілген. Бүгінгі жаһанданған дүниеде, зайырлы білім сапасы тұрғысынан еліміз басқалармен терезесі тең болу мақсатын ұстанады. Сондықтан орта мектепте оқитын кез келген оқушыны дін атрибуттарын желеу етіп, мемлекеттік мекемеде оқшаулануына, даралануына, ерекшеленуіне жол берілмейді. Мектеп жасына жеткен барлық балалар мектептен білім алуы шарт дейтін болсақ, мектеп киіміне қатысты жаңадан бекітілген талаптардан ешкім аттап кете алмайды.

"Артық қыламыз деп, тыртық қылмайық..."

Егер мемлекет белгілі бір діннің мүддесіне басымдық берер болса, мұндай жағдай басқа конфессияларды ұстанушыларға әділетсіздік болар еді. Ал екінші жағдайда, яғни, барлық конфессия өкілдеріне білім беру мекемелерінде киімге қатысты толық таңдау беріліп, еркін форма ұсынылатын жағдайда әрбір конфессия өкілдері өздерінің өзіндік ерекшеліктерін көрсетуге тырысып, оқушылар арасында қайшылықтықты қарым-қатынас орын алған болар еді.

Әмір Темір де хиджапқа жол берген жоқ!

Хиджаб киюдің еліміздегі тарихи жағдайына келсек, Қазақстан тарихында Ислам діні үш рет мемлекеттік дін ретінде бекітілді. Бірінші рет Қарахан мемлекетінде (Х-ХІІІ ғасырлардың ба¬сы), Моғолстанда (1347-1533 жж.) және Алтын Ордада 1312 жылдан соң. Ислам осы мемлекеттердің ресми діні болып басқа діндерден жоғары тұрды. Сол кезеңдерде Ислам діні мемлекеттік болғанымен, әйелдерге хиджаб киюді міндеттемеді. Тіптен Ислам дінінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан, Исламның 70 мың әулие-әмбиесіне ескерткіш орнатқан Әмір Темір де (1336-1405 жж.) хиджаб киюге жол бермеді. Себебі, олардың бәрі де хиджабтың араб-парсылық сипатын жақсы білді. М.-Х.Дулатидің «Тарих-и Рашиди» атты үлкен еңбегінде де хиджаб туралы ештеңе жоқ...

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер0

Сіздің пікіріңіздің модерациядан кейін жарияланады