BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 346.68 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 404.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.47
Астана:

Астаналықтар қоқыс өткізіп ақша таба алады

Астана тұрғындары қайталама шикізат қабылдайтын эко-пункттерге қоқыс өткізіп, ақша таба алады. Бүгінде елордамызда Astana clean time компаниясының 9 қоқыс қабылдайтын пункті бар. Жыл соңына дейін 31-ге жеткізу жоспарланып отыр. Қоқыстың бір келісі 20 теңгемен 70 теңге арасында бағаланады, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Astana clean time компаниясының бас директоры Тимур Исмагуловтың айтуынша, қоқысты қабылдайтын пункттерді салмастан бұрын «Жас Отан» жастар қанатымен бірлесе жүргізілген әлеуметтік сауалнама нәтижесінде астаналықтардың 70%-і жобаға қолдау білдірген.

«Идея осы жылдың басында пайда болды. Біз қаншама уақыт өзге елдердің тәжірибесін зерттедік. Соның ішінде Жапонияның қоқысты жинау жүйесін қабылдадық. Жобаны «Жасыл таңдау» деп атадық. Ең бірінші экожайды «Солтүстік шұғыласы» тұрғын үй кешеніне қойдық. Әрі қарай «Достар-1», «Достар-2», «Арман қала», «Эдим палас» тұрғын үй кешендеріне және Шапағат базарына орналастырдық», - деді директор.

Қазіргі таңда экожайларда қайталама шикізаттың 11 түрі, соның ішінде макулатура, ақ қағаз, қаңылтыр құты, полиэтилен, стрейч қаптама, пластик бөтелкелер, алюминий құты қалдықтарын қабылдайды. Баға бір келімен есептеледі. Компания алдағы уақытта номенклатура санын арттырып, жыл соңына дейін Астанада тағы 22 экожай ашуды көздеп отыр.

«Баға әзірге 20-дан 70 теңгеге дейін, ал оны көтеру нарықтың қалай жауап беретініне байланысты болмақ. Жобаны бастамастан бұрын, нарыққа талдау жасадық, Назарбаев университетінің ғылыми тобымен бірге жұмыс істедік. Ай сайын астанада 6000 тонна картон полигонға шығарылады. Ал біздің мақсатымыз бизнес ретінде ақша табу болса, екіншіден экологиялық маңызын ойлап отырмыз. Полигонға шығарылатын қоқыс көлемін азайтуды көздейміз», - деді Исмагулов.

Әр қабылдау пункті күніне қайталама шикізаттың 500 келісін қабылдай алады. Пилоттық жоба енді қолға алынған кезде тұрғындар күніне 20-30 келі ғана өткізген.

Пункттерде қоқысты кімдер қабылдап алады десеңіз мұнымен әлеуметтік аз қамтылған адамдар айналысады, яғни экожайларда зейнеткерлер, мүгедектер жұмыс істейді.

«Жиналған қоқысты базамызға таситын арнайы 5 экомобиль сатып алдық. Тағы да 3 көлік алмақшымыз. Шанхай базарындағы базамызда қоқысты өңдейміз. Ал картон, макулатура, пластикті Петропавл мен Алматыдағы компанияға жөнелтеміз. Шикізат шетелге шығарылмайды», - деді ол.

Азаматтар жинауға оңай материал картонды жиі өткізеді. Жұмыс күндері 15-20 адам қоқыс өткізсе, демалыста олардың саны арта түседі. Компания қызметкерлері балалардан қоқыс қабылдамайды. Тек олар ата-анасымен, үлкен туыстарымен келгенде ғана компания қызметкрелері қоқысты өлшеп, ақша береді.

Astana clean time директорының орынбасары Клара Исақызы мемлекет тарапынан осындай компанияларға қолдау болса бұл іспен жақсы табыс табуға болатынын айтады. Себебі Еуропа, Америка мұны табыс көзі ретінде, энергия өндіруге, табиғи ресурстарды үнемдеу мақсатында қолдайды.

«Халықтан, шетелден келген қонақтар мен шетелде оқып келген жастардан осындай сұраныстар жиі түсті. Адамдар қоқысты үйінен сұрыптап өткізбейді. Сол себепті біз үйлерге, аулалар арасына осындай экожай орналастыруды ұйғардық. Қазір Астанада он шақты экожай бар, оның сегізі толыққанды жұмыс істеп тұр. Макулатураны көп жинай алмайсың, кез келген жерге қоя да алмайсың. Жекеменшік иелігі бар адамдардан рұқсат сұрап немесе пәтер иелерінің кооперативінің келісімі бойынша жерді жалға алып, өз қаражатымызбен экожайларды салдық», - деді ол.

Оның айтуынша, бір аулада тұратын адамдардың 80%-і компанияның жұмысын қолдайды. Ал қалғандары «қоқыс үйіндісі болып кетпей ме, жағымсыз иіс пайда болмай ма?» деп мазасызданып, ақпараттың дұрыс жетпеуінен бұл жобаны қабылдамай отыр.

Экожайда қоқыс қабылдайтын қызметкерлер айына 50-90 мың арасында жалақы алады. Зейнетке таяған адамдарды көп жерде жұмысқа алмайтын болғандықтан, компания осындай тұрғындар мен мүгедектерді жұмыспен қамтып отыр.

«Басқа қалаларда сұраныс болса ол жақта да экожайлар салуға дайынбыз. Әрбір үй, әрбір дүкен қағаздарын лақтырмай бізге әкеліп өткізсе деп мақсат қойдық. Сол себепті Астанада тағы 30-40 экожай ашуды жоспарлап отырмыз. Астанада қоқысты қабылдап, қайтадан сататын бірнеше компания бар. Ал «Жасыл таңдау» экожобасы Қазақстанда еш қалада жоқ. Бірінші боп бастаған соң әзірге бәсеке жоқ. Осыдан 4 жыл бұрын осы компанияға келгенде мен макулатураның не екенін білмедім. Кейін жұмыс барысында қоқысты сұрыптаудың қаншалықты маңызды екенін түсіндім. Экологиялық апаттар мен мәселелер жайлы қаншама мағлұмат алдым. Қазір өз отбасым мен тұрғын үйдегі көрші-қолаң бәрі қоқысты сұрыптап әкеліп өткізеді», - деді директордың орынбасары.

Фото: Нұржас Жақсыбай

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер