USD 334.89 EUR 361.61 RUB 5.28
Астана:

Астанада Яндекс.Такси іске қосылды

Фото: facebook.com/ivantulinov

Астанада Яндекс.Такси онлайн-сервисі жұмысын бастады, деп хабарлайды Baq.kz.

Жаңа сервистің көмегімен көлікті диспетчерге қоңырау шалмай-ақ шақыра аласыз. Тапсырысты taxi.yandex.kz сайтында немесе мобильді қосымша арқылы беруге болады.

Сервис тапсырысты клиентке жақын маңдағы жүргізушілерге жібереді, сондықтан көлікті әрі кетсе 5-10 минут қана күтесіз. Клиент таксидің қай жерде келе жатқанын қаланың картасынан бақылай алады. Жүргізуші келген кезде сервис клиентке sms жібереді.

«Астаналықтарға қызмет көрсететін жаңа таксидің бағасы баршаға қолжетімді. 12 минуттық жол жүрсеңіз тіптен аз ақша төлейсіз. Ең төменгі баға – 100 теңге. Бұл сомаға екі шақырым жол кірген. А әрі қарай бір шақырым үшін 50 теңге және оған қосымша әр минут үшін 10 теңгеден. Мәселен, «Хан Шатыр» СОО-дан «Бәйтерек» монументіне дейінгі жолдың ақысы шамамен 180 теңге. Қолма-қол ақшамен немесе банк картасымен есеп айырысуға болады», - деп жазады tengrinews.kz компанияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Елордада аталған сервиске 300 автокөлік қосылған. Жаңа сервис Астана әкімдігінің қолдауымен іске қосылды.

Айта кетсек, Астана Яндекс.Такси сервисі өз жұмысын бастаған Қазақстанның екінші қаласы. Биыл 28 шілде күні аталған сервис Алматыда іске қосылған еді. Алматы мен Астанадан бөлек, Яндекс.Такси Ресей, Беларусь, Армения, Грузия мен Украинаның 43 қаласында жұмыс істейді.

Яндекс.Такси мобильді қосымшасын App Store немесе Google Play-дан жүктеуге болады.

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер0

Сіздің пікіріңіздің модерациядан кейін жарияланады