BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 374.47 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 421.43 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.54
Астана:

Астанада кәсіподақ көшбасшылығы мектебі ашылды

Бүгін, 14 маусымда Астанада Кәсіподақ көшбасшылығы мектебі ашылды. Ашылу салтанатына ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Бақытжан Әбдірайым мен «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Алик Айдарбаев қатысты, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

Кәсіподақ қызметкерлерінің жаңа сипатын қалыптастыру мақсатында Қазақстанда алғаш рет қолға алынған кешенді білім беру жобасының мақсаты - еңбек ұжымдарындағы оңтайлы қарым-қатынастың қазіргі заманғы тәсілдеріне үйрету. Жобаны ҚР Кәсіподақтар федерациясы мен «Самұрық-Қазына» қоры Әлеуметтік өзара ықпалдастық және коммуникация орталығы бірлесе қолға алған. Оның барысында кәсіподақтық менеджмент, әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу, коммуникация, қаржы және заңи сауаттылық, қызметкерлерді басқару, дау-дамайларды шешу саласындағы өзекті мәселелер талданады.

«Кәсіподақ көшбасшылығы мектебінің білім беру курсы кәсіподақ басшыларына жан-жақты кәсіби дағдылар мен қазіргі заманғы жұмыстың озық технологияларын оқытады. Әлеуметтік серіктестікті жоғары дәрежеде ұстап тұру үшін ең бірінші кезекте, сауатты мамандардың керектігін айтқым келеді. Қарапайым еңбек адамдарының құқығын қорғауды жақсартуға ерекше назар аударамыз. Осы орайда «Самұрық-Қазына» қоры басшылығына аталған мәселенің маңыздылығын түсініп, Қор компаниялары тобында әлеуметтік серіктестік пен кәсіподақ қозғалысын дамытуға қолдау танытқанына алғысымды білдіремін», - деді ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Бақытжан Әбдірайым.

Осылайша Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласы мен Павлодар облысының Павлодар, Екібастұз қалаларынан жиналған 30 кәсіподақ ұйымының басшысының қатысуымен алғашқы оқу сабағы басталды. 28 мамыр күні Маңғыстау облысында пилоттық топ жұмысы табысты өткізілді. Жыл аяғына дейін мұндай оқуға Қазақстанның барлық өңірінен кәсіподақ көшбасшылары қатысатын болады.

«Біз де өз тарапымыздан бұл қадамның маңызды әрі пайдалы екеніне қосыламыз. Бүгінгі өзгерістер сәт сайын орын алып жатқан уақытта біліктілік пен дағдыны үнемі жетілдіріп отыру қажет. Бұл жерде жақында ғана «Самұрық-Қазына» қорының жаңа Даму стратегиясы қабылданғанын, онда қарамағымыздағы компаниялардың қызмет тиімділігін көтеру көзделгенін жеткізгім келеді. Елбасы алға қойған міндеттерді орындауда кәсіпорындар кіріске жұмыс істеп, отандастарымыз ертеңгі күнге сеніммен қарауы тиіс. Бұл бағытта әлеуметтік серіктестіктен тыс, өндірістің өрлеуі де нақты ұжымдардағы кәсіподақ көшбасшыларының біліктілігіне байланысты деп санаймыз. Кәсіподақ басшылары адамдарға биік мүдде төңірегінде топтасып, жаңа заманға бейімделуге көмектескені абзал», - деді «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Алик Айдарбаев.

Кәсіподақ көшбасшылығы мектебі алты оқу модулінен тұрады: «Кәсіподақ көшбасшылығы», «Қаржы менеджменті», «Құқықтық сауаттылық және жауапкершілік», «Медиация мен кикілжіңдерді басқару», «Персоналды басқару» және «Тиімді коммуникация». Сабақтар қорытындысында қатысушылар арнайы сынақ тапсырып, оларға сертификаттар беріледі.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер