BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 352.54 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 415.15 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.31
Астана:

Астанада «Қамқор ана» апталығы басталды

Фото: Нұржас Жақсыбай

Астанада «Қамқор ана» апталығы басталды. 13 қарашадан 19 қарашаға дейін жалғасатын акцияға еліміздің барлық өңірлері атсалысатын болады. Бүгін алғашқы шара Елордадағы №19 орта мектепте бастау алды, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

Бірде бағдаршамда тұр едім, екі немересін жетелеген әже келіп, жасыл жануын күтіп тұрды. Бағдаршамды күтіп тұрған адам қарасы көп еді, екі жігіт жан-жақта көлік жоқ болған соң, қызыл жанып тұрған кезде жүгіріп өте шықты. Әлгі әжейдің екі немересі екі жақтан, «Әже, бізге қызыл жанып тұрғанда өтпе деуші едіңіз ғой, ана ағалар неге өтіп кетті?» деп сұрады. Әже не деп жауап берерін білмей қалды. Сіз не деп жауап берер едіңіз бұл сауалға?

Жыл басынан бері Астанада оқушылардың қатысуымен 77 жол апаты орын алған. Оның барлығы дерлік жүргізушілердің кінәсінен болған. Бүгін басталған апталық акцияның басты мақсаты - оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

«Еліміз бойынша «Қамқор ана» науқаны басталды. Бір аптаға жалғасатын шара барысында ата-аналар өз балаларына жол ережелері мен қауіпсіздігін үйретеді. Және жолда жүргенде жүргізушілерге анық көрінетіндей киім кигізеді. Тіпті болмаса өздері қолдан жасаған жарықпен шағылысу барысында жарқырайтын ленталар тағылған түрлі бұйымдар пайдаланады. Бүгінгі шараны біз байқау негізінде өткіздік. 9 ата-ана қатысты. Барлығының да жасаған киімдері, сумкаға тағылған жарқырауықтары ұнады» - дейді Астана қаласы ІІД жергілікті полиция қызметінің инспекторы, полиция майоры Айымгүл Валиева.

Ата-аналар қазіргі кезде балалары үшін алаңдайтынын, тіпті жұмыс істеудің өзі ауырлап бара жатқанын айтады.

«Алда қыс келе жатыр. Күн ерте батады. Кей мектептерде үш ауысыммен оқитын оқушылар бар, олар сабақтан түн ортасында шығады десе болады. Ал қазір көше толған көлік. Тіпті зебрадан (жол белгісі орнатылған жолақ) өткеннің өзінде қарамайтын жүргізушілер бар. Оның үстіне қазір оқушылардың да, жүргізушілердің де қолынан телефон түспейді. Сондықтан мұндай шараның жиі ұйымдастырылып, оқушыларға түсіндіру жұмыстары жүріп тұрғаны жақсы» - дейді байқауға қатысушы ата-аналардың бірі Әсел Сыздықова.

Шара барысында оқушыларға 6 сыныптарға арналған «Қауіпсіз жол ережесі» күнделік-кітапша таратылды. Ол оқушылардың түсінігіне жеңіл, суретті-сілтемелері бар оқу құралы іспетті жасалған.

«Күн қараңғы болған кезде жолдан өту қорқынышты. Жол шетіндегі жаяу жүргінші жолымен жүргенде жаңбыр болса, машиналар үстімізге су шашыратып кетеді. Одан басқа жермен жүрсек лай-батпақ. Біз күндіз оқимыз, бірақ кешке оқитын таныс балалар үшін қиын ғой. Мына кітап жақсы секілді, үйге барған соң мамам мен папаммен бірге көремін» - дейді 6 сынып оқушыларының бірі.

Ата-аналар байқау барысында өздері жасаған көйлек, сумка, куртка және білезіктерін таныстырды.

«Біз қызым екеуміз бірлесіп, көйлек дайындадық. Бұл көйлектің ерекшелігі жарық түскен кезде шағылысып, жарқырап көрінеді. Ал жай уақытта бұл қарапайым көйлек. Сонымен қатар біз сыртқы курткамызға, аяқ киімімізге арнайы жапсырмалар жапсырдық. Олар да қараңғы жерде жарықпен шағылысып, сәуле шашады» - дейді Әсел Сыдықова.

Қазіргі кезде жол апаты жиі орын алады. Оның барлығында да жүргізушіні кінәлауға болмайды, дегенмен көлік тізгініне салғырт қарайтын шопырлар жоқ емес.

«2017 жылдың 10 айында оқушылардың қатысуымен 77 жол апаты тіркелді. Соның салдарынан 77 бала зардап шексе, 7 бала көз жұмды. Бұл бір ғана Астанада орын алған жағдай. Біз мұндай қателіктерге жол бермеуіміз керек» - дейді Астана қаласы ІІД жергілікті полиция қызметінің инспекторы, полиция майоры Айымгүл Валиева.

Апталық акция Астананың басқа да білім беру мекемелерінде жалғасын табатын болады. Ол мектептерде ғана емес, балабақшаларды да қамтиды.

Фото/Видео: Нұржас Жақсыбай


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер